sputniknews.kz
Жолдауда айтылған «Ақылды технологиялар», «Цифрлы дәуір», «Жасыл технология», «Үлкен деректер», «Цифрлы білім» «Адами капитал» мұның бәрі білім және ғылым жүйесі қызметінің нәтижесі. Жаңа іс-әрекеттер білімнің салтанат құруы негізінде жүзеге асады. Мемлекет басшысы: «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді» деп ескертіп, алдағы уақытта өзіндік жаңа инновациялық жобаларымен білім экономиканың бөлек саласы болатынын меңзеп отыр. Осыған орай алдымызда жоғары білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету міндеті тұр. Елбасы Жолдауда: «Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет» дейді. Өте орынды. Себебі қандай мамандарды даярласақ та, кімге білім берсек те оны оқытатын мұғалім. Сондықтан бірінші кезекте мұғалім кадрлар даярлаудың сапасын арттыру қажет. Ал біз өз деңгейінде жан-жақты білімді, сапалы педагог даярлап жүрміз бе? Ойланатын мәселе. Республика бойынша педагог мамандар даярлайтын шамамен 73 жоғары оқу орны бар. Саны көп, сапасы күмәнді. Кезінде республикамыздың индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын орындау үшін қажетті кадрлар даярлайтын базалық 11 жоғары оқу орны анықталды. Әр оқу орны белгіленген бағыт және орналасу белдеулеріне (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс) қарай нақты бір салаға маман даярлайды. Оқу базасын, материалдық жағдайын, білім бағдарламаларын сол салаға негіздейді. Яғни сапалы білім беруге барлық жағдай жасайды. Сол секілді педагогикалық бағытта маман даярлайтын базалық жоғары оқу орындарын анықтап, оны аймақтық жердің ерекшелігіне қарай жасақтап, шектеулі оқу орындарына айналдыру керек. Іріктелген педагогикалық жоғары оқу орындары адам капиталының шоғырлануы, ғылымы, техникалық жабдықталуы, қаржылық қоры, академиялық еркіндігімен ерекшеленіп, элиталы педагогикалық жоғары оқу орындарына айналады. Бұған қоса аталған оқу орындарына түсу үшін үлкен конкурс болады да бәсеке артады, осылайша педагог мамандардың беделін жоғарылатуға болады деп ойлаймын.
Жыл сайын елімізде әр сала бойынша жоғары білімді мамандар қажеттілігіне талдау жүргізіледі. Сол талдау бойынша педагогикалық білімі бар мамандарға қажеттілік өсіп отыр. Мәселен, Алматы облысында педагог кадрлардың тапшылығы әлі де орын алуда. Әсіресе ауылдық жерлерде бұл мұқтаждық қатты байқалады. Мұның бірінші себебі, 90-жылдары педагогикалық мамандықтарға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Себебі заңгер, экономист, қаржыгер мамандықтарына сұраныс артып, жастардың басым бөлігі осы мамандықты игеруге тырысты. Екінші себебі, «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан» бағдарламалары жүзеге асырылып, мектептердің, мектепке дейінгі мекемелердің көптеп ашылуына қатысты болса, үшінші, демографиялық жағдайдың жақсаруы, яғни оқушылар санының артуына байланысты деп айтар едім. Тағы бір себебі, педагогикалық мамандық бойынша жоғары оқу орындарын үздік немесе жақсы бағамен бітірушілер ғылыми-педагогикалық қызметте жұмыс істегілері келмейді. Өйткені педагогикалық қызметтің жалақысы аз болғандықтан «мәртебелі» мамандыққа санамай, өндіріс орындары немесе кәсіптік құрылымдарға кетуге тырысады. Бүгінде заман талабына лайық мамандарды, әсіресе математика және жаратылыстану ғылымдарын жақсы меңгерген жаңа формациядағы кадрларды білім мен өндірістің, цифрлық технологиялардың тығыз байланысы негізінде дайындау қажеттігіне көзіміз жетіп отыр. Біз жаппай оқытудан бас тартып, жекелеген мамандар даярлауға бет бұруымыз қажет. Бұл үшін дуалды оқытуды жетілдіріп, жұмыс берушімен тығыз байланыс орнатып, модульді білім беру бағдарламалары арқылы маман даярлау қажет. Әлеуметтік әріптестік негізінде жұмыс берушілер кеңесін құрып, олардың талап-міндеттерін ескеру орынды. Әр маманды оқытуда жеке білім беру траекториясын құрып, мамандығының ерекшелігіне байланысты қажет деген жағдайда өндіріс орнында дәріс жүргізу қажет дер едім. Сонда ғана білімі мен құзырлылығы төртінші революция дәуіріне сай келетін сапалы кадр даярлаймыз және жұмыспен қамтамасыз етеміз. Президент «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының жалғасатынын айтты. Әрине барлық жастардың жоғары білімге қолы жете бермейтіні анық. Оның объективті де, субъективті де себептері бар. Жастарға алғашқы білім мен мамандық игеруді мемлекет өз міндетіне алып, тұрмыстық қажеттілікті өтей алатын, қолынан іс келетін кәсіби білімі бар орта қол мамандарды даярлауы қай жағынан болса да тиімді болмақ.
Марат МӘЛТЕКБАСОВ,
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты