Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Цифрлық теңсіздікті жою – уақыт талабы

1348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты Жолдауында цифрлы экономика құру және еліміздің кәсіпорындарын цифр­ландыру, интеллектуалды көлік жүйесін және агроөнеркәсіпте ақылды тех­но­логияларды енгізу, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту бойынша бір­қатар міндеттер қойған болатын.

Цифрлық теңсіздікті жою – уақыт талабы

ar-ay.kz

Осыған байланысты, еліміздің ауыл­дық жерлерін сапалы, жылдам интернетпен қамту мәселесі алаңдатушылық туғызуда. Қазақстан Республикасы Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрлігінің деректеріне қарағанда, бүгін­гі таңда 1269 елді мекен ғана жыл­дам­дығы секундына 512 мегабит және одан жоғары кеңжолақты интернетпен қамтылған. Қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бо­йынша кеңжолақты интернетке қол­жетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы бойынша 1249 ауылдық елді мекен­ді 2021 жылға қарай ғана жоғары жыл­дам­дықты интернетпен қамтамасыз ету жо­с­пар­ланған. Демек, ауылдық елді мекен­дерді кеңжолақты интернетпен толық қамту әлі де өзекті.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бас­тап, 2 мыңнан астам адам тұратын ауылдық округтерде 4 деңгейлі бюджет енгізілуде, ал 2020 жылдан бастап жер­гілікті өзін-өзі басқару бюджетін жап­пай енгізу көзделуде. Сондай-ақ жақын арада электрондық еңбек биржасын, электрондық денсаулық паспортын және емделушінің жеке кабинетін қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұған қоса елімізде орта білім беру жүйесін реформалау процесі жүргізіліп жатыр, бұл дегеніміз электронды құжат айналымын ғана емес, оқытушылар мен оқушылардың заманауи ақпараттық технологияларды жаппай қолдануын қажет етеді. Ал 2020 жылға қарай біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайын болуымыз қажет.

Осы аталған реформалар мен елі­міздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы басқа да көптеген мін­дет­терді жүзеге асыру ауылдық елді мекен­дердегі цифрлық теңсіздікті жой­май, мүмкін болмайтыны айдан анық. Сондықтан көтеріліп отырған мәсе­ленің маңыздылығын ескере отырып, біз Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевтың атына сауал жолдап, төмендегі сұрақтарға жауап беруін өтіндік:

1. Ауылдық елді мекендерді кең­жолақты интернетпен қамту мақсатында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жүргізу және оларды жүйелендіру жұмыстары Үкіметтің жоспарында бар ма?

2. Аталған мәселелерді шешу үшін алдағы екі жыл көлемінде қанша қаражат бөлу көзделген?

3. Ауылдық елді мекендерді және аудандарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін жергілікті ат­қарушы органдардың бюджетінде қара­жат қарастырылған ба?

Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ,

Сенат депутаты