Маңызды жиынға «Qazaqstan» телеарнасының директоры А.Тұрғанбеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жер» бағдарламасы аясында орындалуы тиіс бірнеше міндеттерді ерекше атап айтқан болатын. Апталық барысында астаналық көрермендердің назарына ұсынылған «Туған жер» фильмі де осы бағыттағы бірқатар жұмыстардың жемісті жалғасы деуге болады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған кино апталығы биыл еліміздің жетекші оқу орындарының базасында өтпек. Жоғары оқу орындарының студенттерінен бастап барлық қазақстандықтар бір апта бойы отандық режиссерлердің «Аманат», «Заман-ай», «Сталинге сыйлық», «Жерұйық», «Алжир», «Оралман», «Жат» фильмдерін тамашалайтын болады. Бүгінде Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетін насихаттау, тарихи жадыны сақтау, жастарға патриоттық тәрбие беру және жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған бұл апталық көпшіліктің көңілінен шығып отыр.
Шараның ашылу салтанатына жиналған көрермендер арасында халық қалаулылары да тың картинаны тамашалап, телехикаядан алған әсерлерімен бөлісті. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде мереке қарсаңындағы бұл игілікті шараның еліміздегі тұрақтылық пен бірлікті насихаттайтын маңызына тоқталды. «Соғыс жылдарында сол зұлмат заманның саясатына байланысты тұтас халықтарды біздің елімізге депортациялап алып келді. Сол кезде қазақ халқының дархан жаны, үлкен жүрегі осы кең-байтақ даланы барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ отанына айналдырды. Сондықтан да Президент «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» бағдарламасын жасауды ұсынып, осы бойынша үлкен жұмыстар жүргізуді тапсырды. Соның негізінде атқарылған істердің біреуі осы «Туған жер» фильмі болып отыр. Онда Қазақстандағы корей этносының тағдырын бір отбасының өмірі арқылы көрсетеді. Мұндай мысалдарды біз Қазақстандағы кез келген өзге ұлт өкілдерінің басынан байқаймыз. Олардың қазақтармен ара-қатынасындағы мейірімділік мінездері туындыға түпкі идея болған», деді С.Абдрахманов.
Тура сол уақытта бұл іс-шара Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Аманат» көркем фильмінің көрсетілімімен басталды.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»