Отандық нарықты сырттан әкелінген сапасыз тауарлардан қорғау мақсатында 63 субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, 7 млн 265 теңге көлемінде айыппұл салынса, 19 субъектінің қызметі тоқтатылып, барлығы 6 705 013 теңге тұратын 4423,11 кило жарамсыз өнім қолданыстан шығарылды.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары сапасыз азық-түлік, балалар ассортименті және басқа да халық тұтынатын тауарларды анықтау негізінде жүргізілген жұмыс легі туралы мәлімдеді. Олардың айтуынша, 2017 жылы жоспарлы түрде 19 түрлі тамақ өнімдері сатып алынған. Нәтижесінде 2613 өнімнің 264-і санитарлық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысына сәйкес нормативтік техникалық құжаттама талаптарына сай келмеген. Оның 12,9 пайызы отандық өндіріске тиесілі болса, 5,7 пайызы – ЕАЭО елдерінен әкелінген өнімдер.
«Қала базарлары мен дүкендерде сапасыз өнімнің айналымын анықтау және бұлтартпау бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Ай сайын халыққа ұсынылатын өнімге бақылау сатып алулары жүзеге асырылып, ішкі экономикалық қызметтің қатысушыларына қатысты камералық бақылау, оған қоса тамақ өнеркәсіптеріне жоспарлы түрде тексеріс ұйымдастырып отырамыз. 2017 жылы барлығы 5 млн теңге көлемінде сатып алулар жасалды. Заң бұзушылықтардың үлкен бөлігі таңбалаудың сәйкес келмеуінен және қауіпсіздіктің микробиологиялық көрсеткіштеріне байланысты анықталды. Тамақ өнімінің түрлері бойынша ең көп сәйкес емес көрсеткіштер: ет өнімдерінде – 29,7, аспаздық өнімдерде – 29,2, балық өнімдерінде – 28,4, құс өнімдерінде – 23,0, биологиялық белсенді қоспалар – 15,7, көкөністер мен жемістер – 13,9, кондитерлік өнімдер – 13,0. Жетпіс екі өндірушіден сатып алынған сүт пен сүт өнімдерінің 211 түрлі сынамасының 8-і талапқа сәйкес емес. Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдерді бақылау да әрдайым басты назарда. Тексеру мақсатында балаларға арналған өнімнің 165 үлгісі сатып алынса, оның ішінде 81-і ойыншық үлгілері. Өкінішке қарай, тексеру қорытындысында 33 сынама техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді», дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айзат Молдағасимова.
Аталған мекеменің бастамасымен халықты сапасыз өнімнен сақтандыру бойынша бірқатар жобалар іске асып, кейбір өнімдердің зиянды тұстары әшкереленген. Бұл тұрғыда қала базарларында самсап тұрған бір ғана терезе жуатын сұйықтықтарды атауға болады. Сараптама нәтижесінде оның құрамында метанол мөлшері шамадан тыс екені анықталған. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен Литваның «MANNOL», Ресейдің «АвтоЛюкс» және отандық өндірушілердің «Омывайка» атты терезе жуатын сұйықтықтарын қолдануға және сатуға тыйым салынған. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта сәйкессіздік себептерін анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде. Айта берсек, бұдан өзге де нан, сүт өнімдері, суши, пицца, хот-дог, кәуап, донер, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының бірінші және екінші тағамдарына қатысты тұрғындардан шағым көп түскен.
– Сапасыз тамақ өнімдерін дайындайтын және сататын кәсіпорындарға қатысты бірқатар шағым түсіп, тексеріс жүргізілді. Осының нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қолданылды. «Виктория», «Магнум», «Достық», «Түрген», «Севилия», «Афон-про» дүкендері мен тамақ сауда орындарына, «Жадыра-жайна», «Жайсаң», «Таглаура», «Ата донер», «Тандор», «Ифтар», фаст фуд «Дональдс», «Рома кафе», «Эдем», «На даче», «Тастемир», «Меззалуна» қоғамдық тамақтану кәсіпорындарына айыппұл салынып, тиісті шара қолданылды. Қазіргі уақытта қала тұтынушыларына санитарлық ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу маңызды мәселе болып отыр. Өнімнің қауіпсіздік мониторингі, жасанды тауарлар мен ГМА-ны анықтау бойынша ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда осы сұрақтар көтерілуде, – дейді Айзат Молдағасимова.
Мамандар кейбір кәсіпорындар тексеріс кезінде уақытша өз қызметтерін тоқтатып, тексеруге кедергі жасайтынын айтады. Жуырда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлерге ішкі нарықты қауіпті азық-түліктен қорғау үшін қатаң шара қолдануды тапсырған еді. Ол адам денсаулығына аса зиян деп, сауда сөрелерінен алынған тағамдардың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейтінін, тіпті құрамында химикаты көп ондай өнімдер қайта саудаға түсуі ықтимал екенін, сондықтан дүкендерді жіті тексеру керек дегенді қадап айтқан болатын. Сапалы өнім – қоғам денсаулығының кепілі. Сондықтан бұл мәселені бақылауда барынша мұқият болған жөн.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ