Сол жарыста өзінен жасы әлдеқайда үлкен студенттермен бірге ойынға қатысып, тіпті кей сәттерде олардың алдын орап кеткен қазақтың қаршадай баласы назарымызды еріксіз аударды. Сөйлесейік деп қасына барғанымызда сол жақ көзінің асты көгеріп кеткенін аңғардық. Бірақ оны елең қылған ол жоқ. Бар ойы – мұзайдында. Қатарластарымен хоккей ойнағысы кеп кермедегі тұлпардай тыпыршиды. Асығып тұрғанын сезсек те бір-екі сұрақ қойып, әңгімеге тарттық.
– Аты-жөнің кім? Қайда оқисың?
– Елдос Кәденов. №20 мектепте, 3-сыныпта оқимын.
– Хоккейге қатысқаныңа қанша жыл болды?
– Екі жыл ғой деймін.
– Қайда ойнайсың?
– «Торпедо» командасында.
– Онда өзің секілді қазақ балалары бар ма?
– Бар. Бірақ аздау.
– Кімге еліктейсің? Талғат Жайлауовты танисың ба?
– Әрине, білемін. Сол кісі секілді хоккейші болғым келеді.
– Болашақта қандай командада ойнағың келеді? «Барыста» ойнағың келмей ме?
– Келеді.
– Канадада, Америкада ойнағың келмей ме? (Бұл сұрақты әдейі қойдық. Не айтатынын тексерейік деп – А.Қ).
– Жоқ. Қазақстанда ойнаймын.
– Көзіңе не болған? Біреу соққан ба?
– Жоқ. Хоккей ойнап жүргенде таяқ тиіп кетті.
Осылай деді де келесі сұрағымызды қойғызып үлгертпей мұзайдынға қойды да кетті. Қалған сұрақты мұзайдын шетінде ұлының ойынына қарап тұрған Нұржан Кәденовке қоюға тура келді. Бірақ ол кісі көп сөйлемейді екен. «Әуелі ұлыма бір жыл бойы коньки тебуді үйреттім. Хоккейге 6 жасынан бері қатысып келеді. 2008 жылы туған балалармен бірге «Торпедо» командасында 4 бестіктің 2-ші бестігінде шабуылда ойнайды. Қазақстан чемпионаттарына қатысып жүр», деп қысқа қайырды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН