Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың пікірін ескеріп, осындай өзгеріс енгізді. Бұдан бөлек, жаңартылған нұсқаны әзірлеу барысында тіл мамандарының да, IT мамандарының да ұсыныстары қарастырылғанын, сол сияқты бұрынғы нұсқалардан кейін мамандар нақты қай бағытта жұмыс істеу керектігін анықтап алғанын атап өтті.
Дәурен Абаев сөз арасында жаңа әліпби заман талабына сай екенін әрі бұрынғысынан да ыңғайлырақ екенін айтуды ұмытпады.
«Әліпбидің жаңа нұсқасы онша талқыланбады деген мәлімдемелермен келіспеймін. Өйткені осы жолы ұлттық комиссия аясында бес-алты топтың ішінде үлкен жұмыс атқарылды. Мәселен, өзім теxникалық топты басқардым. Сол кезде латын әліпбиінің апострофпен енгізу мәселесін жан-жақты қарастырдық, талқыладық, оның айналасындағы қиындықтарды байқап, осы мәселені қозғадық. Елбасы мамандардың айтқанын тыңдап, жаңа нұсқаны қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды», - деді Д.Абаев журналистерге берген сұxбатында.
Осы орайда министр латын графикасында апострофты қолданудың қиыншылықтарын да атап өтті.
«Мысалы, апостроф арнайы белгі ретінде келеді. Оны қолданғанда таңбалардың арасы ашылып кетеді. Соның салдарынан ғаламторда мәтіндерді іздеу мәселесі қиындайды. Енді, өзінің алгоритмі бар ғой. Елбасы xалықтың осы пікірін де ескерді. Сондықтан латынның жаңа нұсқасы қолдану жағынан тиімді. Сосын бір мәселені ескеру керек, латын әліпбиінің мінсіз нұсқасы жоқ. Оны бәріміз жақсы білеміз. Меніңше, қазіргі нұсқа орынды әрі заман талабына сай келеді. Онда ғалым лингвистердің пікірі ғана емес, IT мамандардың кеңестері те ексерілді», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Айта кетейік, Ақпарат және коммуникациялар министрі техникалық қолдау және латын графикасын жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етеді.