Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Алматыда білім беру мен маман даярлау мәселесі талқыланды

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Мектепке дейінгі балаларды өздігімен оқуға үйрету және әлеуметтік дағдыларын дамытудың теориялық, әдістемелік мәселелері» өтті.

Алматыда білім беру мен маман даярлау мәселесі талқыланды

Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған басқосуға республикалық ғылыми-практикалық орталық басшылары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының мамандары мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары қатысты.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқу және тәрбие істері жөніндегі проректоры Абай Құрманқұлов ректор Гаухар Алдамбергенованың шараға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

– Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұлағат ұясы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне қош келіпсіздер! Еліміз өркениетке қарай өнегелі жолмен дамудың жаңа өнеркәсіптік кезеңіне қадам басты. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауына басты арқау болды. Елбасы жариялаған басымдықтар мен міндеттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және технологиялық тұрғыда жаңғыртудың логикалық жалғасы іспеттес. Жолдауда бізді білім берудің жаңа сапасына көтеретін жаңғырудың негізі ретіндегі адам капиталы болатынын атап көрсетеді. Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Отандық жоғары оқу орындары ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтере түсу қажет. Осы орайда бүгінгідей жиындардың маңызы айрықша екенін атап өткім келеді, – делінген құттықтау хатта.

Жиын барысында «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының директоры Бижан Игембаев, Ақпараттық талдау орталығы Акционерлік Қоғамы президентінің орынбасары Елдос Нұрланов, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева, «Еркем-ай» балабақшасы мен «Дана» мектебінің құрылтайшысы, Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша қауымдастығының төрайымы Күләнда Батырбекова және  Алматы қаласы, Жетісу ауданындағы №51 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Фарида Омарбекова тақырыпқа байланысты баяндама жасады.

Дөңгелек үстелде сөз алғандардың айтуынша, қазіргі күнде мектепке дейінгі ұйымдардағы педагог мамандарға деген сұраныс 22 мың 400 адамды құрап отыр.

– Қыздар Университеті «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша бакалавр, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша маман даярлайды. Бүгінгі студент ертеңгі маман екенін ескерсек, еліміздің өркениетке бастар жолдың бастауы – мектепке дейінгі ұйым және оның басты тұлғасы педагогтарға жаңа талаптар қойылуда. Себебі, қазіргі инновациялық бағыттағы мектепке дейінгі ұйым педагогі тютор рөлін атқарып, дамыған ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айтатын, шығармашыл тұлғаны тәрбиелей алатын педагогикалық құзіреттілігі болуы шарт, – дейді Педагогика және психология факультетінің деканы Сайра Жиенбаева.

Оның айтуынша, бүгінде университетте «Мектепке дейінгі ұйым менеджері» қосымша білім беру бағдарламасы бойынша 3 айлық курстан мамандандыру жүргізілуде. Сонымен қатар, оқу орнында мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілеріне, әдіскерлеріне, жоғары оқу орындары оқытушыларына арналған ең қажетті, үлкен сұранысқа ие жоғары инновациялық бағыттағы біліктілікті көтеру курстары ашылуда.

Болашақта Қыздар Университетінің жанынан заманға сай балабақша ашып, онда дуальдық білім беру элементтерін енгізуді жалғастырылмақ. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауыш мектепте оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша ағылшын тілінде даярлайтын педагогикалық колледж ашу жоспарланып отыр. Аталған мамандықтар бойынша докторантура және диссертациялық кеңес ашу да жоспарда бар.

Жиын аясында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушыларының ғылыми еңбектеріне арналған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.