Білім • 20 Ақпан, 2018

Астанада мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселесі талқыланды

424 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің және «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің бірлескен отырысы өтті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру бойынша мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселесі талқыланды.

Астанада мұғалім мамандығының беделін арттыру мәселесі талқыланды

Комитет хатшысы Бейбіт Мамраевтың төрағалығымен өткен отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Білім қызметкерлері кәсіподағының, ата-аналар комитетінің  өкілдері, оқу орындарының басшылары мен оқытушылары қатысты.

Іс-шарада мұғалім мамандығының беделін арттыру туралы Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов және Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева баяндама жасады.

Мінберге алғаш болып көтерілген вице-министр А.Аймағамбетов білім саласында атқарылып жатқан оң өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша ұстаздарға еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілген. Соған сәйкес, білім берудің жаңартылған мазмұны үшін 30 пайыз, біліктілік санаты үшін 30-50 пайыз аралығындағы лауазымдық жалақы қосу қарастырылған.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, білімге қызығушылардың саны артып келеді. Мәселен, 2017-2018 жылдарда осы салаға 8129 грант бөлінген. Жыл сайын ұстаздардың саны он мыңға жуық жас маманмен толығады екен. Сондай-ақ мұғалімдердің деңгейі де өскен. Жоғары білімі бар ұстаздардың саны 1991 жылы 66 пайыз болса, былтыр бұл көрсеткіш 90,5 пайызға жеткен.

«Кадрлық әлеуеттің сапасын арттыру және ауылдық жерлердегі мамандарды әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешендерге жіберу мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ұстаздардың беделін нығайту үшін ола жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, «Үздік мұғалім» байқауы ұйымдастырылып, түрлі жиындар өткізіледі», деді А.Аймағамбетов.

Бұдан кейін баяндама жасаған Н.Жұмаділдаева да қазіргі таңда мұғалімдердің беделі төмендеп кеткенін сөз етті. Оның айтуынша, бұған еңбекақының төмендігі, құрметтің аздығы себеп болып отыр.

«Қазақстанда педагогтардың еңбекақысы елдегі орташа жалақы мөлшерінен екі еседей аз. Мәселен, мұғалімнің орташа жалақысы 99,0 мың теңге болса, мемлекет бойынша бұл көрсеткіш 140 265 теңге. Еңбекақының аздығы талантты әрі қабілетті жастарды білім саласына тартуға мүмкіндік бермей отыр. Елімізде «Алтын белгі» иегерлерінің 5-7 пайызы ғана осы саланы таңдайды екен», деді Н.Жұмаділдаева.

Пікірталас барысында мұғалім мәртебесі, еңбекті қорғау туралы және мұғалімдердің кәсіптік қызметтерін атқарумен байланысты емес қосымша жауапкершіліктерін төмендету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар педагог қатысушылар кадрларды даярлау, мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық жөнінде сөз сөйлеп, көкейдегі сауалдарын қойды. Жиын соңында халық қалаулылары мұғалім мамандығының беделін нығайтудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылап, бірқатар ұсыныстар қабылдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»