Тарих • 21 Ақпан, 2018

Қаныш Сәтбаевты есіркегеннен тірі қалдырған жоқ

1907 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдың басында Семей шаһары қазақ қоғамының рухани ордасы іспеттес болды. Соның бір дәлелі – Алаш қайраткерлерінің осында шоғырлануы. Өткен жылдың желтоқсан айында редакция тапсырмасымен аталмыш қалаға ат басын бұрып, мұндағы Алаш арыстарының сорабынан сусындаған едік. Сапар кезінде қаланың қадірлі ақсақалы Медеу Сәрсекеге жолығып, жазушының індете зерттеп жүрген тақырыбы академик Қаныш Сәтбаевтың Алаш арыстарымен байланысы жайлы айтып беруін өтінген едік.

Қаныш Сәтбаевты есіркегеннен тірі қалдырған жоқ

– Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейханов Сәтбаевтардың үлкені Әбікеймен тығыз қарым-қатынаста болды, – деп әңгімесін бастаған Медеу Сапаұлы әрі қарай қамшы салдырған жоқ, төгіліп жүре берді: – Шіркін-ай, Алаштың ізіне індетіп түсе алмадым. Себебі Қаныштан қолым тимеді. Сәтбаев деген теңіз ғой сонда жүздім де, жүрдім. Айтпақшы Сәтбаевты 1980 жылы «ЖЗЛ» сериясымен Мәскеуден орысша шығарғанымда оның Ж.Аймауытовпен бірге оқығанын жазып жібергем-тін. Мемуардың 21-ші бетінде тұр. Осыны ешкім аңғарған жоқ. 

– «Мынау кім?» дегендер болған шығар?

– Болды. «Білмеймін, архивтен кездестірдім де, жаза салдым» деп жеңіл жалтарып қойып, отыра бердім. 

– Жүсіпбек Аймауытов Қаныштан үлкен емес пе?

– Он жас үлкен. Бірақ екеуі 1911 жылы Керекудегі 2 сыныпты орыс-қазақ училищесінде бірге оқыған. Кейін 1914-1918 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында да төрт жыл қатар білім алған. Әуезов атаң бар, үшеуі қолтықтасып, «Абай» журналын шығарып жүргені осы тұс. 

– Астаналық жазушы Әнес Сарай ағамыз бір сөзінде «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» депті. Яғни Алаштың өзегі Семейде тұрып, алаштануға қалам тартпағаныңыз қызық екен?

– Олай деуге келмес... Алаштың бір бәйтерегі Міржақып Дулатовты айнал­соқтап жаздым. Қайраткердің қызы Гүлнәр апамыздың үйінде қона жатып әңгімелестім. Жаңа сен «Қаныштың Алаш арыстарымен байланысы жайында» сұрадың емес пе? Осыған Гүлнәр апайдан естігенімді айтайын 1917 жыл­дың желтоқсан айында өткен жалпы қазақ съезінің шешімімен Ахмет Бай­тұрсыновтың басшылығымен Алаш­орда­ның оқу комиссиясы құрылып, мектеп оқулықтарын жазу қолға алынды. Ақаңның тапсырмасы негізінде Қ.Сәтбаев орта мектепке арнап алгебра оқулығын жазады. 

Қанекең жазған оқулығын шығару үшін Орынборға барып, қаладағы Міржақыптың үйіне түскен. Сағат таңғы алты екен. Үй иелерін оятуға ыңғай­сыз­да­нып, астыңғы қабатта қалғып отырады. Жақаңның жары Ғайнижамал Қанышты көріп «Ерке қайным, қайдан жүрсің» деп бас салмай ма. Гүлнәр апай айтады: ерке қызы мен тұрғанда, танымайтын біреуді «ерке қайным» дегені несі деп ренжіп қалдым, дейді. 

– Тағы бірде, – дейді Гүлнәр апай: әкесі қуғындалып жүрген күндердің бірінде кешкі апақ-сапақта қолында бір бума ақшасы бар Қаныш кіріп келеді. Гүлнәр ол кезде 9-шы сыныпты бітірген, қолында аттестат, оқиын десе кедергі көп. Жақаң «қызымызды қайтсек болады» деп Қаныштан ақыл сұрайды. Сәтбаев айтады: бірден Томға тартсын, ол жақта сен кімсің есеп емес, дейді. Бір жағынан Қанекең де Том технология институтын бітірген, ол жақта таныстары бар дегендей. Сөйтіп Гүлнәр апамыз Қаныштың нұсқауымен Том мединститутына оқуға түседі. Екі жылдан кейін ауысады. Қаныш осындай адам қарағым! 

– Медеу аға 1937-38-дің қанды қасабынан Қаныш қалай аман қалды?

– Осы мәселені жіті зерттедім. Әуелі, ағалары – Әбікей, Әбдікәрім және Ғазез атылып кетті. Қанекең ақылды адам ғой, қалған туыстарын дереу Омбы жаққа аударып жіберген. Үлкен бәйбішесін де сонда ұстады. Өзі Қарсақпайда қалды. Бірақ өкімет Қанекеңнің қаны тамған алашшыл болғанын біледі, күні-түні аңдуда. Қайда барады, қайда тұрады бәрін ОГПУ қызметкерлеріне айтып, жазбаша таныстырып отырған екен. Сәл кешіксе оның себебін түсіндіретін болған. 

Өз басым қаныштанудың ұршығын иіріп жүріп, ғалымның екі шопырын тауып сөйлестім. Соның бірі Григорий Мироненко бір күні сағат кешкі 8-дің шамасында Қарсақпайдан шығып, Жезқазғанға келдік. Үстеріне қап-қара ұзын плащ киген екі адам келіп, Қанышқа «машинаның артына оты­рыңыз» деп бұйырды. Сөйтіп Қарсақ­пай­ға қайта алып келді. Қанекең «жігіт­тер айтсаңдар былай да жеткізіп салар едім ғой» деп еді, өңкиген қазақ «байдың тұ­­қымы, алаштың күшігі бізді білмейді деп жүрсің-ау, әттең...» деп, кіжініп, бұ­ры­лып кетті, деді. Қысқасы, Кеңес өкі­ме­тіне Қаныштың қабілеті қажет болды. Әйт­песе, есіркегеннен тірі қалдырған жоқ. 

Бірде Ғабит Мүсірепов ақсақал мына бір әңгімені айтып берді. «Социалистік Қазақстанның» редакторы кезі екен. Түнгі сағат 3-те басылымның кезекті санына қол қойып, үйге беттегелі оқталып отыр едім, төте телефон шыр етті. Көтерсем, Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Мирзоян екен. Хабарласқан себебі, газеттің алғашқы бетінде Сәтбаевқа Еңбек Қызыл Ту ордені берілетіндігі жайлы бұйрық шығып бара жатқан. Дереу бұйрықты алып таста, Сәтбаевқа награда берілмейтін болды, депті. Бұйрық алынып тасталды. Мән-жайды хатшыға хабарлап едім, маған «тез жет» дегені. Бардым. Мирзоянның өзі де алаң көңілде отыр екен, «қазақтар оңбайсыңдар, алашордашылға орден берілмесін деп, қатардағы екі жұмысшы қазақ Сталиннің атына хат жазыпты. Мәскеуден жаңа ғана «тоқтат» деген бұйрық берді». Бұл 1935 жылы болған оқиға.

– Хат жазған кімдер екен Ғабеңнен сұрамадыңыз ба? 

– Сұрадым. Ғабең олардың аты-жөнін айтты. Екеуі де атақты стахановшы екен. Бұл деректі кейін кітабыма кіргіздім. Жоғарыдағы адамдардың ұрпақтары «атамызға жала жаптыңыз» деді. Оларға Мемлекеттік қауіпсіздік архивінен алған одан зорғы құжаттарды көрсеттім. Сонымен тоқтады. 

– Одан зорғы дейтіндей не құжат ол?

– Көп ғой. Жоғарыда айттым емес пе, Қанекең өмір бойы аңдуда болды деп. Тіпті өзінің орынбасарлары академикті күндіз-түні бақылап, басқан ізін аңдып жазбаша түрде хабарлап отырған. Осыған сенесіз бе? 

– Ойпырым-ай, мұның бәрін қалай біліп қалғансыз? 

– Азаматтар бар ғой. Атын айтпай-ақ қойдым, ұлтжанды тұлғаға Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесінде академик Сәтбаевқа қатысты сақталған дүниелерді көргім келетінін айттым. Ол кісі күмәнді пішінмен «телефоныңды қалдырып кет, хабарласам» деді. Арада көп уақыт өткен жоқ, қауіпсіздік саласының генералы шақырды. Мән-жайға қаныққан соң көмекшісіне «№1 папканы әкел» деп бұйырды. 

Папка келді. Алдыма қойды. Қағаз-қарындаш қолдануға болмайды, тек оқыңыз, деді. Сұмдық. Қанекең имандай сеніп, қызметке өсірген маңындағы жігіттердің өзі академиктің сыртынан донос жазған. 

– Бұл деректер кітапқа кірді ме? 

– Жоқ. Өзім ғана білемін. Қанекең туралы кітаптарым шыққан соң көп адамдар хабарласты. Сондағы айтатыны «менің әкем немесе нағашым академикпен тонның ішкі бауындай бірге қызмет атқарған, оның аты неге жоқ». Көбіне үндемей құтылам. Үлкен қызметтегі бір азамат тіпті қайта-қайта мазалап болмаған соң шет жағасын ескерттім. Маған сенбеді-ау деймін, қолы ұзын жігіт еді, артынан өзі де біліпті. Осындай көп енді...

– Академик Әлкей Марғұлан да Семейде оқыды емес пе Сәтбаевтармен қатысы қаншалықты екен?

– Әлекең бе, жарықтық, сүйіндік Олжабай батырдың тұқымы ғой. Әлкей 1918 жылдары Керекудегі мұғалімдер мектебін бітіріп ауылда сабақ беріп жүрген тұста, Қаныштың ағасы Әбікей Сәтбаев Семей губерниясында ағарту саласы бастықтарының бірі. Осы кісі ел аралап жүріп, Әлкейдің ұстаздық қабілетін аңдап «қарағым, сен ауыл мұғалімі емес екенсің, жүр оқы» деп Семейге әкеліп, педтехникумға кіргізген. Кейін Әлекең Әбікей Сәтбаевтың қызы Раушанға үйленді. Одан бір қызы бар, қазір Алматыда тұрады. Аты – Дәнел. 

Саған тағы бір қызық әңгіме айтайын: Қанекең туралы «Феномен» атты кітабым орыс тілінде шығып, соның тұсаукесері Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде өтетін болды. Осыған құрметті қонақ ретінде Қанекеңнің ұрпақтарымен бірге Дәнел апайды да шақырдым. Ректорға шара аяқталғанға дейін ешкімге кітап таратуға болмайды деп ескерттім. 

– Неге? 

– Себебі бұл кітапта Қаныштың Мәскеуде тұратын туған қызы Жәмила туралы алғаш жазылған-тын. Неге екенін білмеймін ғалымның бәйбішесінен туған қыздары Жәмиланы қабылдай алмайтын. Сондықтан дау тумасын деп кітапты тараттырмадым.

– Жәмиланы қалай таптыңыз? 

– Жәмиланы Мәскеудегі елшілік арқылы тауып, сол жерге шақырттым. Келді. «Мені білесің бе?» дедім. «Аға сізді жақсы білемін». «Қалай?». Сөйтсем Шәмшия Қанышқызы әкесі жайлы жазған кітаптарымды Жәмилаға жіберіп отырады екен. Сол жерде Жәмилаға айттым: «Кешікпей Қаныш Сәтбаев туралы орыс тілінде кітабым шығады, соған сен жайлы жазуым керек, мақұл ма?». Ол басын изеді. Ондай болса өмір тарихың, анаң жайлы және әкеңмен қандай қарым-қатынасың болды, бәрін жазып бересің. Дау тумас үшін солай жасаған дұрыс. Ол уәдесін берді. 

– Жазып берді ме соңынан? 

– Иә. Орысша жазылған 80 бет қолжазбаны қолыма ұстатты. Отбасылық қорынан оншақты фото әкеліп берді. Екі ұлы бар: үлкені – Тимур, екіншісі – Андрей. Күйеуі тарихшы-доктор Сергей Титов деген орыс азаматы. Көп жыл АҚШ қоғамында қызмет атқарған. 1990-шы жылдары Ресейге келіп президент Борис Ельцинге мемлекет басқарудың жүйесін жасап берген керемет тұлға. Жәмила болса Бейжіңде білім алған қытай тілінің маманы. Жылымық жылдары КСРО-Қытай қатынасы нашарлаған тұста кеңестік радиолардан қытай саясатына қарсы хабарларды жүргізген осы апаң. 

– Жәмила әкесімен кездесіп тұрып ба?

– Қанекең қызымен үнемі кездесіп тұрыпты. Бірақ жасырын. Өйткені, анасы қызына әкесімен жолығуға тыйым салған көрінеді. 

– Жәмиланың шешесі кім? 

– Атақты гинеколог-дәрігер, ғалым-профессор Троицкінің тумасы Кәмила Өтегенова деген әйел. 1934 жылы ата-анасымен бірге Алматыға көшіп келген. Қаныштың ағасы Әбікейдің екі қызы Райхан мен Раушан Кәмиланың жақын достары болған. Осы қыздар арқылы Қанекеңмен танысқан. 1948 жылы тамыз айында Жәмиланы босанған. Перзентханада жатқан Кәмилаға Қаныш құттықтап хат жібереді. Оған Кәмила жауап хат та жазған. Осы хат менде сақтаулы тұр. 

– Онда не жазылыпты? 

– «Ардақты Қанекем, сізге ұл тауып берем деген уәдемді орындай алмадым. Сол себепті бұл бала басы бүтін менікі. Сіз тек атыңызды қиыңыз. Фамилиясы «Жәмила Қанышқызы Өтегенова» болсын» делінген. Сөйтіп қызына метірке алған.

– Енді жоғарыдағы «Феноменнің» тұсаукесеріне қайта оралайық...

– Жоғарыдағы оқиға кітапта түгелдей баяндалған-тын. Таңертең ерте Қанекеңнің Шарипадан туған екі қыздың бірі Шәмсияның күйеуі Оразай Батырбеков хабарласып тұр. «Үйге кел кітабыңды жуамыз» деді. Ішім қылп ете қалды. «Е, кітапты оқыған болды ғой». Бардым. Үйінде құдағиы бар екен. Орекең айтты: «Бірінші болып құдағиым сөйлесін». Сөйтсем бұл кісі де гинеколог екен. Кәмиланың жақын досы бопты. Кітаптағы оқиғаны бастан аяқ біледі екен. Жылап отырып, есіне алды... 

– Жәмилаға қайта жолықтыңыз ба? 

– 2010 жылы Бекмаханов жайлы кітабымды шығарам деп Мәскеуге бардым. Осы сапарымда Жәмилаға хабарла­сып едім, үйіне қонаққа шақырды. Бар­дым. Даңғайыр дастарқан жайған екен. Күй­еуім қайтыс болды деді. Екі ұлы есік көзін­де «ассалаумағалейкум» деп иліп сәлем берді.

– Ұлдарында қазақылықтан иіс бар ма екен?

– Бар. Өйткені бұлар Алматыда нағашыларының қолында тәрбиеленіпті. Әсіресе Тимурдың келбеті кәдімгі дала қазағы. Саған бір қызық айтайын. Бұл туралы Жәмиланың маған жазған хаты да бар. Тимур туғанда отбасымызда ыңғайсыз ахуал пайда болды. Күйеуім «ешқандай славяндық бет-әлпетсіз бала қалай туды?» деп күдіктенді. Осы мәселеннің оң шешілуіне мына менің пайдам тиіпті. Қалай дейсіз ғой?

– Иә қалай? 

– 1999 жылы Қанекеңнің 100 жылдығына орай орыс тілінде «Родина Сатбаева» деген кітабым шыққан-тын. Осы кітапта Қанекеңнің атылып кеткен ағасы Ғазездің фотосы жарияланған-тұғын. Қараса Тимур сойып қаптап қойған Ғазез. Сөйтіп мәселе шешілген. 
Сонымен ұзын сөздің қысқасы, сен бала, Қаныш Сәтбаевтың Алаш арыстарымен байланысы қалай болғанын там-тұмдап түсінген боларсың?

– Әрине, түсіндім. Бірақ бұл бір сұхбатқа сыятын дүние емес қой...

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА – СЕМЕЙ – АСТАНА