Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Қаз-қалпында: Анна Андреевнаның ерлігі

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл оқиға 1997 жылдың жазында көз алдымда өтіп еді, әлі күнге ойымнан кетер емес. Жай қатардағы қызметкердің күнделікті жұмысын атқарудағы табандылығын, жауапкершілігін және ұстамдылығын ерлік деп санауға лайық деп пайымдап, азаматтық парызым ретінде дүйім жұртқа жариялағым келеді.  

Қаз-қалпында: Анна Андреевнаның ерлігі

Менің анам Ділдақыз Исмаилова жасы ұлғайғанда жүрегі сыр бере бастады. Оның үстіне полиартрит деген кесел жабысып, сау­­сақ­тарын қимылдата алмай қалып еді. Ол кезде мен Алматыдамын. Шешемді емде­ту үшін ауылдан алып ке­ліп, қаладағы Кардиология инс­титуты жанындағы ем­xанаға жайғастырдық. Ем­деу мекемесінің ұжымы батыр ана келді деп оны жақ­сы қабылдады.

Емдеуші дәрі­гер ретінде зейнеткерлік жас­қа келсе де, қызметін жалғастырып келе жатқан Анна Андреевна Белоусова деген кісі тағайындалды. Шеше­міз­дің жағдайы үшін ол кісіге жал­пақтап, әртүрлі жақсылық жаса­ғымыз келеді, бірақ ол өзін өте мәдениетті, борышына адал адам ретінде көрсетті. Керісінше, ол кезде табыла бермейтін дәрілерді іздеуге өзі көмектесіп, басқа да ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Шынын айту керек, сырт қара­ған­да ешқандай жақындығы жоқ, басқа ұлт өкілінің мұндай биік адамгершілік қасиеті бізді таңғалдырды. Оның үстіне дәрі­гер анамызға ерекше көз­қа­распен қарап, кейбір аса жауапты емшараларды медбикелерге жүктемей, өзі жасайтын. Өйткені екі дерттің емдік шараларын бір-біріне үйлестіру қиындық туғызды.

Жұмыстан кеш қайтатын­дық­тан ауруxанаға түскі үзілісті пайдаланып, күнделікті барып тұратынмын. Сондай бір кезекті келгенімде Анна Андреевна палатада шешеме арнайы электр аппаратымен емшара жасап отыр екен. Үлкен палатада бес-алты адам жатады. Мен олармен амандасып, жанында әңгімемді айтып отырғанмын. Бір кезде ауруxананың бір қызметкері есіктен жүгіріп келіп: – Анна Андреевна, сіздің үйіңіз өртеніп жатыр, – деп xабарлады. Ол кісі естідім дегендей басын бір шұлғып, жұмысын жалғастыра берді. Хабарды естіп отырып менің мазам кетті. Сәлден кейін жаңағы кісі тағы келіп: – мама, сенің үйің өртеніп жатыр (сөйтсем өзінің туған қызы да сонда дәрігер екен), неге жайбарақат отырсың? – деп, шегелеп айтты. Дәрігеріміз сабырлы қалыппен: – Иә, естідім. Көріп отырсың ғой, мына емшараны тоқтатуға болмайды, – деп жауап берді. 

Ол кісінің ұстамдылығына таңғалып, оның орнында мен болсам қайтер едім деген оймен, істің ақырын күтейін деп шештім. Он саусаққа жеке-жеке жасалатын емшара біткесін, аппаратын жинастырып, Анна Андреевна маған: – Ал Баянбай, енді өзің анаңмен оңаша сөйлесе бер, мен таксимен барып үйімді көрейін, не болды екен? – деп, шығып бара жатыр. – Тоқтаңыз, мен сізді әдейі күтіп отырмын, өзім апарамын көлікпен, – деп артынан ердім. 

Ол кісі қазіргі Қонаев көшесінде, ескі кірпіш үйдің бірінші қабатындағы пәтерде тұрады екен. Үйде жалғыз отырған күйеуі газ плитада қайнап тұрған шайды ұмытып, өз шаруаларымен көшеге шығып кетіпті, сол кезде терезенің пердесіне от тиіп, жалыны ашық тұрған форточкадан сыртқа лаулапты. Мұны көрген көрші жігіттер біз келгенше ұзын таяқпен газ плитаның құлағын жауып, отты сөндіріп үлгерген екен.

Бұл оқиғаға қазір жиыр­ма жыл болыпты. Қанша уақыт өткенмен жоғары санатты дәрігер, қарапайым азамат Анна Андреевна Белоу­со­ваның үйі өртеніп жатыр деген xабарды ести отырып, салқынқандылықпен өз мін­детін абыроймен атқарып шы­ғуын үлкен кәсіби ерлік деп бағалап, бүгінгі жастарға үлгі еткім келеді.

Баянбай ИСРАИЛОВ

Астана