Салихитдин Айтбаев – қазақ сурет өнеріне өзіндік өрнегін салған қайраткер. Оның қылқаламынан маржан боп өрілген әр шығарма уақыт пен заман тынысын, адам мен қоғам өмірін қаз-қалпында суреттейді. Қазақ өнерінің дамуындағы ең екпінді кезеңдерде өнерге елеулі қызмет еткен дарын иесі қоғамдық ахуалды шығармашылығына арқау етіп қана қоймай, өнерден соны соқпақ, дара жол іздеді, қазақстандық суретшілердің жаңа буынының жолбасшысы болды. Ол тек көзқарасының кеңдігімен ғана емес, жаңа бейнелі тіл іздеуде де тың талпыныстар жасады.
Көрме жетекшісі Светлана Көбжанова: «Салихитдин Айтбаев өз шығармашылығында дәстүрлі халық мәдениетіне негізделген өзіндік шешімдерді таба білді. ХХ ғасырдағы өнердің мәнерлі эмоционалды-динамикалық тілі, бейнелеме-метафоралық мәнінің ойлары ұлттық мәдениеттің қайнар көзін ұғынуға негіз болды және суретшінің алғашқы жұмыстарында оның бояу шешімдерінің терең дәстүрі айқын сезіледі. Ол өзінің шығармашылығында сипаттамадан, бұлдыр ойдан арылып, суретшінің ішкі «Меніне» өзіндік ену жолын ашты, оны ұлттық тамырларымен байланыстырып заманауи өнердің тәжірибесін қолданып, шындықты көшіруден бас тартып, өз әлемін жасады. Кескіндеменің пластикалық мүмкіндіктерін байытып, жазудың жеке мәнерін күшейтті, ондағы шығармалардың көңіл-күйі түстік кереғарлар мен екпінді орындалумен жасалды. Аталған экспозицияда ұсынылған «Қазақтардың әні» (1980-1981) топтамасының офорттары әрбір парақтың батыл шешімі, нақты кеңістіктік зерттеуі мен көлемді үлгілеуімен ерекшеленеді» дейді.
Кез келген адам аңғара бермейтін жеке құбылыстарға жан-жақты көзқараспен қарауға деген ұмтылысы қылқалам шеберін өнер шыңына шығарды. «Әкемнің портреті», «Шопан», «Жас қазақтар», «Бригада жиналысы», «Бақыт», «Қонақ келді», «Абай» сияқты шоқтығы биік шығармалары талай суретшіге үлгі болды. Әсіресе Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітап», «Нұрлы түндер», «Қазақ халық ертегілері» өлеңдерінің тақырыптары бойынша жасаған графикалық иллюстрацияларында Салихитдин Айтбаев әдеби мазмұнға пластикалық сәйкестік іздеп, тағылымды тәжірибе жасады. Талант иесінің Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында сақталған картиналары кімді болсын өзіне ынтықтыра түседі.
Бейнелеу өнерінде айшықты із қалдырған суретшінің терең толғаныстан туған талай шығармалары халықтың қазынасына айналды. Оның дала картиналарынан аспанның асқақтығын, табиғаттың кеңдігін сезінесіз. Қазақ жерінің қай қиырына барсаңыз да Салихитдиннің салқар даласы алдыңыздан шығады да тұрады. Бұл өнердің құдіреті шығар.
Салихитдиннің салқар даласы...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ