BBC
Былтыр Қазақстан латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдаған болатын. Енді мемлекет әліпби нұсқасына өзгертулер енгізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қазан айында қабылданған шешімге өзгеріс енгізу туралы Жарлық шығарып, халықтың көңілінен шықпаған апосторофты әліпбиді өзгертті.
Былтырғы нұсқада 32 әріп болған еді. Сонымен қатар кейбір дыбыстарды таңбалау үшін апострофтар қолданылды. Бірақ халық бұл нұсқа жазу мен оқуды қиындататынын айтып, қарсы шыққан соң, әліпби нұсқасы өзгертілді. Жаңа нұсқада апострофтар әріптің үстіне қойылатын таңбамен алмастырылды.
Eurasianet-тің айтуынша, жаңа жүйе жазуды көркем етеді әрі қазақстандықтар элдектронды құрылғылардағы қосымша батырмаларды үнемдейді. Нақтылап айтар болсақ, ә, ғ, ң, ө, ү әріптері бар батырмалар a, g, n, o, u таңбаларын екінші рет басқанда шығатын қылып істеуге болады. Ал «ш» мен «ч» әріптері диграфпен берілгендіктен, «sh», «ch» деп жазу үшін қосымша батырма қажет емес.
Президент Жарлығы бойынша жаңа жүйеге толық өту үшін 7 жыл уақыт керек.
Қазақстан әліпбиін бірінші рет өзгерткелі отырған жоқ. Қазақ тілінде 11 ғасырдан 1927 жылға дейін араб қарпі, одан кейін 1940 жылдарға дейін латын қарпі қолданылды. Ал 1940 жылдан бері кириллицаны қолданып келді.
ASIA-PLUS
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Бұл өзгеріс толығымен 2025 жылға дейін іске асады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 27 қазанында Үкіметке 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы тапсырма берген болатын. «Қазақстан Үкіметі қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстыру туралы ұлттық комиссия құрып, 2025 жылға дейін сатылап көшіруді ұйымдастыру керек», деген болатын ол. Сонымен қатар Президент «Егемен Қазақстан» газетінде былтыр 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Онда да Нұрсұлтан Назарбаев әліпбиді кириллицадан латын графикасына ауыстыру туралы жазған. Ал 13 сәуірде әліпбиі нұсқаларын қарастыратын Ұлттық комиссия құрылды.
Anadolu Agency
Қазақстан жаңа латын әліпбиінің нұсқасын қабылдады. Онда қазақ тіліне тән әріптерді қосқанда 32 белгі бар. Оның ішінде «ә» әрпі «á», «ş» мен «ç» - «sh», «ch» ретінде белгіленген. Бұған дейінгі әліпби апострофтармен белгіленген болатын. Ескі нұсқа бойынша Қазақстан Республикасы Qazaqstan Respybl'kasy деп жазылар еді. Бұл оқу мен жазуды қиындатады, сонымен қатар халықтың көңілінен шықпаған соң, оны өзгерту туралы шешім қабылданған.
Sofia News Agency
Былтыр Қазақстан билігі кириллицадан латын қарпіне ауысу туралы шешім қабылдаған болатын. Кирилл алфавиті бойынша қазақ тілінде 42 әріп бар. Күні кеше ғана Қазақстан Президенті жаңа нұсқаны бекітті. Онда 32 әріп таңбаланған. Орталық Азия елдерінің ішінде Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан да латын әліпбиін қолданады.
NEWSWEEK
Қазақстан 80 жылдан кейін әліпби нұсқасын өзгертетін болды. Бірнеше күн бұрын Қазақстан Президенті таңба саны аздау жаңа нұсқаны бекітті.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаһандануға бет алып, табиғи ресурстарға бай мемлекетті Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қатарына қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұл жолда қазақ әліпбиін латын графикасымен таңбалау да жаһандануға ұмтылудың нақты көрінісі екені анық. Сонымен қатар латын әліпбиінің жаңа нұсқасына бүкіл әлем бойынша пайдаланылатын латын әлібиінде бар әріптер енгізілген. Сондықтан жаңа нұсқа Батыс елдеріне де түсінікті болары сөзсіз.
THE SHERBROOKE TIME
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен жаңа әліпбиде 32 әріп бар. Ол апострофтарсыз жасалған және ш, ч әріптеріне диаграфтар (sh, ch) қолданылған.
Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін қазақ тілінің латын графикасына көшуі орыс тілі мен басқа да тілдердің құқығын таптамайтынын айтқан болатын.
Қазақстан 2021-2023 жылдары ел азаматтарының аты-жөні латын әліпбиімен жазылған паспорттар мен жеке куәліктерді беруді бастамақ. Ал 2024-2025 жылдары жергілікті билік материалдары, мемлекеттегі БАҚ пен үкіметтік жарияланымдар да латын графикасына ауысады деп жоспарланған.
EXPRESS NEWSLINE
Қазақстан Президенті латын графикасына негізделген әліпбидің жаңа нұсқасын қабылдады. Латын әліпбиіне біртіндеп көшу 2025 жылға қарай аяқталады.
Былтыр қабылданған нұсқа лингвистер тарапынан сынға ұшырап, апострофтардың сөзді бірнеше бөлікке бөліп, оқылуын қиындататыны айтылған болатын. Жаңа нұсқада ондай қиындық жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев көп жылдардан бері латын графикасына көшу туралы айтып жүрді. Латын әліпбиіне көшу қазақ мәдениетін, ұлттық дәстүрін жаһандық деңгейге шығаруға көмектесе алатыны сөзсіз.
Латын әліпбиіне көшуге дайындық 7 жылға жоспарланған.
Дайындаған
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»