Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

Ерболдың ерлігіне арналған фильм

815 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі мен қайсарлығы туралы түсірілген «Алтыншы бекет» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. 

Ерболдың ерлігіне арналған фильм

Фильм желісіне Ұлттық ұланның сарбазы Ербол Отар­баевтың 2010 жылғы 22 маусымда Ақтау қаласындағы тү­зету мекемесінде қарауыл қыз­метін атқарып тұрған кездегі жан­қиярлық ерлігі арқау болған. Ұйым­дастырушылардың ай­туын­ша, бұл туынды – лаңкес­тік пен экстремизмнің, радикалды ағым­дардың алдын алуға шақы­ратын құрал.

Тұсаукесерге депутаттар, күш­­тік құрылымдардың, әкім­дік­­тің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Ұлттық ұлан ардагерлері, ак­тер­лар қатыс­ты. Ұлттық ұлан­­ның бас қол­басшысы Рус­­лан Жақсы­лықов шара алдын­дағы баспасөз мәсли­­хатында Ерболдың ерлігі жас­тар­ға үлгі болуы тиіс екенін атап көрсетті.

«Ерлік жасаған кезде Ербол Отарбаев небәрі 19 жаста еді. Ерболды үлгі ете отырып, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Өз басым осынау ерлік­ке назарын аударғандарға алғы­сымды білдіремін. Себебі жауын­­герлеріміздің батыр­лығын көп жағдайда ұмытып кетеміз. Біздің жігіттердің ерлігі жас ұр­пақ­қа үлгі болуы керек», деді Р.Жақсылықов.

Ерлігі фильмге арқау болған Ербол әлі күнге дейін сол оқиға есінде екенін айтады.

«Мұндай жағдайды өмір бойы ұмыту мүмкін емес шы­ғар. Ұлттық ұланның кез келген сарбазы осындай оқиғаға кезіккенде ешқашан артқа ше­гінбейді, шегінген де емес. Сол кезде бар ойым сотталған азаматтарды тоқтату болды. Мақсатым  батыр атану емес болатын. Мін­детімді атқарып жүрген әс­кери бөлімді, ротаны, взводты, әке-шешемді, ауылымды жерге қаратқым келген жоқ», деді бас кейіпкер.

Көркем туындыдағы басты рөлдерді Санұржан Сүлей­менов, Жасұлан Өмірбек, Саят Исембаев секілді елімізге танымал актерлар сомдады. Мұха­метқали Сатовтың идеясымен түсірілген туын­дының бас про­дюссері Данияр Ибрагимов, режи­ссері Серік­болсын Өтеп­бергенов. Кино­картинаны Ақ­парат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша «Аю си­нема» кинокомпаниясы мен«Хабар» агенттігі бірлесе оты­рып түсірген.

Естеріңізде болса, сол кезде жас жауынгер түрмеден қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл қойған болатын. Осы ерлігі үшін Е.Отарбаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қазіргі таңда ол – Ұлттық ұланның офицері.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»