Аймақтар • 22 Ақпан, 2018

Атырауда мемлекеттік туды 91 метр биіктікке көтереді

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда 2018 жылы тутұғыр салынады, ол Жангелдин-Құлманов көшелерінің қиылысында орналасады. Биыл сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмысы басталады. Бұл туралы халыққа есеп беру жиынында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.

Атырауда мемлекеттік туды 91 метр биіктікке көтереді

Болашақ нысанның көлемі әжептәуір. Алаңы 57 шаршы метр, тутұғыр биіктігі 91 м. 112 шаршы метр жаңа алаңға орнатылған 91 метр биіктіктегі мемлекеттік ту облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Жобада құрылыстың екі жағында орналасатын екі субұрқақ қарастырылған. Тутұғыр қаладағы ең биік құрылыс болады. 

Нұрлан Ноғаев 2018 жылы Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғыру басталатынын да айтты. 

Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес белгіленген аумаққа екі көлемді сәулет композициясы, үлкен және кіші субұрқақтар, бассейн, орындықтары бар перголалар орнатылады. Алаңның басты әшекейі көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы болады деп жоспарланып отыр.

Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Атырау қаласының басты алаңы жарықтана, жасылдана түседі – аумақта гүлзарлар, жасыл шөпті көгалдар, көптеген жасыл желектер болады. Қала тұрғындары мен қонақтары төрт сәндік шатыр астында демала алады.

Екі жоба да жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен қаржыландырылады.

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жангелдин мен Құлманов көшелерінің қиылысындағы пайдаланылмаған жерді қайтардық. Мұнда Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін айшықтайтын тутұғыры бар жаңа алаң салынады, - деді Нұрлан Ноғаев. -Алаңды қалпына келтіру өз кезегінде мұнайлы астананың келбетіне көрік қосып, Атыраудың барлық көркемдігін көрсетеді.

Бақытгүл БАБАШ,
"Егемен Қазақстан"