Аймақтар • 22 Ақпан, 2018

Атырау облыстық театрына «Академиялық» мәртебе салтанатты түрде табысталды

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрына «Академиялық» мәртебе беру туралы ресми құжатты табыстады.

Атырау облыстық театрына «Академиялық» мәртебе салтанатты түрде табысталды

Үкіметтің қаулысымен 80 жылдық тарихы бар Махамбет атындағы қазақ драма театрына «академиялық» мәртебе берілді. Осы жоғары дәрежелі мәртебені Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Атырау облысына сапары барысында өңірдегі мәдениет және спорт саласы қызметкерлерімен кездесуі кезінде салтанатты түрде табыс етті.

Ведомства басшысы Атырау облысы мәдениет, өнер және спорт саласында алдыңғы қатарда келе жатқан облыстардың бірі екендігіне тоқталды.

– «Академиялық» мәртебесі өз саласында жетекші болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық мәдениеті мен өнерін қалыптастыруға, дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем және шығармашылық ұжымдарға беріледі. Бұл мәртебе – ең жоғарғы марапат болып табылады, – деген министр «Облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына «Академиялық» мәртебе беру туралы Премьер-Министрдің арнайы қаулысын оқып берді.

Жаңа мәртебені беру туралы ресми құжатты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен театр басшысы Берек Джаменовке министр Арыстанбек Мұхамедиұлы және Алаштың абызы атанған КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов салтанатты түрде ұсынды.

– Осы зор мәртебені қабылдай отырып, жоғары дәрежелі атаққа лайық болуға ант етеміз, – деді театрдың директоры Берік Келекешұлы.

– Енді Махамбет атындағы қазақ драма театрының дәрежесі Мұхтар Әуезов атындағы театрмен теңдесті. Бұл қуанышты кеше ғана арамыздан өткен жазушы Рақымжан көрсе, жүрегі жарылып қуанар еді, – деді Халық әртісі Асанәлі Әшімов өз кезегінде.