Футбол • 23 Ақпан, 2018

«Спортинг» - «Астана» 3:3. Еуропалық көрермен қазақ командасына қол соқты

254 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

"Астана" командасы Португалияның атақты командасымен терезесі тең түсіп, деңгейлес өнер көрсетті. Есеп 3:3. Қазақ командасы еуропалық көрерменнің көзайымына айналды. 

«Спортинг» - «Астана» 3:3. Еуропалық көрермен қазақ командасына қол соқты

1-тайм

Өткен ойынмен салыстырғанда «Астана» мен «Спортинг» екеуі де бірнеше футболшыларды ауыстырыпты. Елордалық клуб сапында бұл жолы орталық қорғаушы қызметінде Евгений Постников болды. Астанадағы ойында Юрий Логвиненко қызыл қағаз алып кеткені естеріңізде шығар. Ал қалған ойыншылар со күйі өз орындарына жайғасқан. «Спортинг» бапкері Жорже Жезушта бірнеше өзгеріс енгізіпті. Апта бұрынғы ойында қорғаушыларымыздың, әсіресе Шомконың зығырданын қайнатқан Желсон Мартинш бұл жолы мүлде тізімге ілінбеді. Орталық шабуылшы рөлінде Сейду Думбия емес, жарақатынан айыққан Бас Дост шықты. Нидерландия құрамасының габуылшысы шыға салысымен жылдам гол соғып, салымызды суға кетірді. Одан бөлек Жереми Матье мен Стефан Ристовскийлер де негізгі құрамнан орын алыпты. Бұл Португал командасының алғашқы ойыннан кейінгі нәтижеге арқа сүйегендігі деп түсіндік. Әрине, бірінші ойындағы есеп екінші кездесуге де лебін сездіріп тұрды. «Жозе Алваладедегі» ойынның алғашқы минуттарында Марин Томасовтың белсенділігі ерек көрінді. Сол қаптал арқылы қайта-қайта жұлқып өтіп, айып алаңына түрлі-түрлі пастар берумен айналысты.

Бірінші тайм аяқталар тұста Джордже Деспотович допты қақпа бағанына дәл теуіп, Джуниор Кабананганың жоқтығын сездіртіп қойды. Алайда сол шабуылдың соңы түбі соғылған голға алып келді. Марин Томасов әуелеген допты тоқтатпастан Руй Патрисиу қақпасына сүңгітіп жіберді. Есеп 1:1.

2-тайм

Екінші тайм басында Рубен Рибейрудың орнына Маркос Акунья шықты. Шамасы бас бапкер Жезуш шабуыл өтіндегі ойынға көңілі толмаса керек. Соның нәтижесінде Бруно Фернандес алыстан аянбай теуіп алаң иелерін алға шығарды. Одан кейін дәл сол Фернандес қақпашымен бетпе-бет шығып, матч есебін Астанадағыдай етті. Бірақ, бұл есеп ұзақ сақтала қойған жоқ. Сол баяғы беленді Марин Томасов айып алаңына кіріп соққы бағыттап, ол қорғаушының біріне тиіп Патрик Твумасидің аяғына жата қалды. Ойын бойы көзге түспеген Патрик есеп айырмасын қысқартты. Ал төреші қосқан 3 минутта екі бұрыштама беріп үлгердік. Соның екіншісінде Дмитрий Шомко алыстан жойқын соққы жасап, таразы басын теңестірді.

«Жозе Алваладе» стадионы елордалық команданың өнеріне дән риза болысып, достықтың жалауын көтерді. Дегенмен, жанкүйерлер мен жергілікті футбол мамандарының көңіл-күйлері соншалықты мәз емес екенін байқадық. Әлбетте, "Спортинг" секілді мықты ұым қалайша "Астанамен" өз алаңында тең түседі? Олар үшін бұл қиын жағдай. Алаңдауға тұрарлық жайт. 

Ермұхамед МӘУЛЕН