Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Ақиқатында қазір Астанада құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын заманауи құрылыс кластері жұмыс істейді. Оған төрткүл дүние тәнті болған бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі – ЭКСПО-2017 қалашығын қазақстандық құрылысшылардың өз күшімен, өз технологияларымен тұрғызғандығы дәлел. Оның үстіне елорданың осы жиырма жылдық жасампаз шежіресінде алғаш рет, өткен жылы 2 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл дегеніңіз, 20 мың 781 пәтерді құрайтын рекордтық көрсеткіш! Тек соңғы бес жыл көлемінде ғана елордамызда 9 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл бас қаламыздың аумағында 300 мың тұрғыны бар облыс орталығына пара-пар жаңа қала бой көтерді деген сөз.
Сәулетімен салтанат жарастырған елордамыздың құрылыс саласында бүкіл ТМД мемлекеттерінің кеңістігінде тұңғыш рет тағы бір әлеуметтік жобаның жүзеге асырылып жатқандығын біреу білсе, біреу білмейді. 2018 жылдың қаңтар айынан Астанада апатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы ірі жобаның екінші кезеңі бастау алды. Елбасының тікелей тапсырмасымен 2013 жылы елімізде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы қабылданған болатын. Қазір бұл бағдарлама «Нұрлы жер» бағдарламасына кіріктірілген. Міне, осы бағдарлама аясында тұңғыш рет көп қабатты тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына жаңа тұрғын үй кешендерін салу жұмысы қолға алынды. Бұл әлеуметтік жобаны жүзеге асырмастан бұрын 2013 жылы бас қаламыздағы тұрғын үй қорына жан-жақты талдау жасалып, арнайы құрылған ведомствоаралық комиссияның шешімімен негізгі құрылыс конструкциялары мен инженерлік желілерінің әбден тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 1940-1970 жылдары салынған 228 көп қабатты тұрғын үй енгізіліп, бұл үйлерді бұзу жұмысы 2018 жылға дейін іс жүзіне асырылатын жобаның бірінші кезеңіне кіргізілген болатын.
Жақында Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун тұрғындармен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыс ауқымы жөнінде есеп берді. Ол өз сөзінде Астана қаласында апатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы қанатқақты жобаның бірінші кезеңі толық аяқталып, тозығы жеткен 228 көп қабатты тұрғын үй түгелдей бұзылып, осы үйлерде тұрған 3519 отбасы жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілгендігін атап көрсетті. Әкімнің орынбасары бүгінде осы әлеуметтік жобаның екінші кезеңін іс жүзіне асыру жұмыстары басталғанын да тілге тиек етті.
Үстіміздегі жылғы 9 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Осы отырыста Елбасы тозығы жеткен көп қабатты үйлерді бұзу мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қала орталықтарындағы тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек. Негізінен бұл ауқымды жұмыс мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жүргізілгені жөн.
Ескі үйлерді сүріп тастау – мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, халықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Әлеуметтік жағдайдың осылайша оңалуы жұртшылықтың денсаулығына, көңіл күйіне де жақсы әсер етеді, деді Елбасы. Міне, осындай нақты талаптар негізінде Астана қаласының әкімдігі 2018 жылдың алғашқы айларынан бастап тозығы жеткен апатты үйлерді бұзып, тұрғындарды жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету бағдарламасының екінші кезеңін қолға алды.
Екінші кезеңге белгіленген жоспар бойынша, қаламыздағы өткен ғасырдың ортасында салынған 150 көп пәтерлі апатты тұрғын үйлер сүріліп, жалпы аумағы 600 мың шаршы метрді құрайтын 8500 жаңа пәтер салынуға тиіс. Қалалық әкімдік осы әлеуметтік қанатқақты жобаны орындау үшін «Елорда даму» атты арнайы өкілетті компания құрған болатын. Әлеуметтік жобаның бірінші кезеңінде бұл компанияға бюджеттен арнайы қаржы бөлінді.
Қанатқақты әлеуметтік жобаның шарты бойынша, компания өзі салған үйлердегі пәтерлердің 30 пайызын апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін әкімдіктің балансына берсе, пәтерлердің 70 пайызын ашық рынокта сатып, одан түскен қаржыны жаңа тұрғын үй кешендерін салуға инвестициялауға міндетті болатын. Бүгінде «Елорда даму» ЖШС аяғына нық тұрып, құрылыс рыногындағы өзінің үлкен беделі бар компанияға айналды. Сөйтіп тозығы жеткен көп пәтерлі тұрғын үйлерді бұзып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салу жөніндегі әлеуметтік жобаны өз күшімен атқаратын жағдайға жетті.
Елорда әкімдігі бұзылған көп қабатты үйлерден босаған жер телімдерін тиімді пайдалану шараларын да оңтайлы жүргізуде. Көп ретте бұл жер телімдерін жаңа саябақтар мен скверлер, балалардың спорт алаңдары мен демалыс орындарын салуға пайдалануда. «Тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсу қарқыны Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың аясында мемлекеттік қолдау бағдарламаларының арқасында жүзеге асырылып отыр. Біз әлемнің озық жаһандық қалаларының даму тәжірибесін зерттеп, елорданың алдағы даму үрдісінде және қаланың бағдарламалық жобаларында осы озық үлгілерді кешенді пайдалануды көздеп отырмыз», дейді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев осы орайда.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»