Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Шалқар көлі апат алдында тұр

3121 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлем елдерінің арасында көлемі жағынан тоғызыншы территория­да тұрған кең-байтақ жеріміз айдын көлдер мен сарқырай аққан өзендерге бай. Соның ішінде көршілес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы екі көл бізге жақсы таныс. 

Шалқар көлі апат алдында тұр

Осынау іргелі су көздерінің ұқсастығына келсек, екеуінің де атауы – Шалқар. Біреуінің суы тұщы, екіншісінің суы ащы. Әйгілі орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов кезінде жыл сайын келіп демалатын Орал өңіріндегі Шалқар көлінің проблемалары мен толғағы жеткен мәселелері жөнінде бұған дейінгі жылдарда бірнеше дүркін мәселе көтерген де едік. Енді Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі Шалқар ауданының аумағында орналасқан Шалқар көлін сөз етудің орайы келіп тұрғандай. 

Осы өңірдің інжу-маржаны іспеттес айдын туралы сөз қозғағанда Арал теңізінің терең экологиялық дағдарысқа тап болған кездеріне тоқталып өту керек. Арал теңізіне Шалқардың қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін. Арал теңізінің жағасындағы халық үшін соққы болған күрделі кезеңде Шалқар көлі экологиялық зардап шеккен аймаққа қолайлы әсерін тигізгенін эколог мамандар жоғары бағалайды. Яғни Шалқар көлінің жағалауынан Аралға қарай тараған жағымды климат ауыр ауа атмосферасын жеңілдете түсіпті. 

Әйтсе де, бүгінгі күні Шалқардың өзінің жайы мәз емес. Тіпті апат алдында тұрғаны да басы ашық мәселе. Оның мұндай ауыр ахуалға тап болуының басты себептері қандай? Бұған дейінгі жасалған экологиялық сараптамалар мен қорытындылар көлдің суы шаруашылық мақсаттарға үнемсіз әрі тиімсіз пайдаланылғанын көрсетеді. Шалқар осы ысыраптың, үнемсіздіктің құрбанына айналып кететін түрі бар. Бау-бақша танаптарын үздіксіз суарып тұру үшін әрі мұндағы су көздерін емін-еркін пайдалану үшін сонау 1937 жылдан бас­тап кең құлашты гидроинженерлік нысандар тұрғызыла бастапты. Оның қатарында алып су құрылыстары мен бөгеттер, тармақталған су құбыры желі­лері және сорғы стансалары бар. Жұ­мыс қауіпсіз болса құба-құп қой. Кері­сінше, Шалқардың суын ту-талапай қыл­ған гидроинженерлік нысандар мен құры­­лыст­ар күні кешеге, нақты айт­қан­да, 2012 жылға дейін апатты жағдайда бол­­ғанын бүгінде біреу білсе, біреу біл­мей­ді. Айдынның суы тартылуы дәл осы тұс­та бастау алғаны туралы деректер Энер­гетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде тіркелген. 

Өкілетті органнан алынған мәліметтер бұл жағдай көлдің түбінде батпақ қабат­тары мен шөгінділері пайда бола бастауы­на әсерін тигізгенін көрсетеді. Көл айдынында ну қамыстың өсуі де эколо­гиялық ахуалын күрделендіріп, тынысын одан әрі тарылта түсіпті. Егер алдағы жыл­дары осы үдеріс одан әрі жалғаса бер­се, елі­міз­дің географиялық картасынан Шалқар көлінің біржолата жоғалып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Қазірдің өзінде көлдің түбінде жиналған тұнба қабаттарының қалыңдығы бір метр­ден әлдеқайда асып түседі. 

Қазіргі таңда Шалқар көлі айдынының отыз пайыздан астамын су түбінде және су үстінде өсетін өсімдіктер басыпты. Оның өскенінен қоршаған ортаға айта қа­лар­лықтай зиян келе қоймас еді. Бірақ гәп мынада. Биолог ғалымдардың айтуын­ша, бұл жағдай судағы ауа мен оттегі мөл­шерінің төмендеуіне әкеліп соқтыр­мақ. Соның салдарынан су астын­дағы шөп-шаламдар өзінен-өзі шіри бастайды, у­лы газдар пайда болады. 

Жоғарыда айтылғандай, сонау отызыншы жылдардан басталған көлдің суын шаруа­шылық мақсаттарға пайдалану әлі күнге дейін жал­ғасып келеді. Әйтеуір көңілге медеу тұтарлық бір жайт – пайдалану көлемі жылдан жылға азайып келе жат­­қ­а­ны. Қазір мұнда бас-аяғы 6 су пай­да­ланушы, қалғаны осыны көр­се­те­ді. Шалқардың суы кемерінен асып жат­қан кез­дері су көздері мен рес­урс­тары 25 миллион текше метрді құрапты. Өкінішке орай, аталған мөлшер бұдан 12-15 жыл бұрын 19 миллион текше метр­­ге азайыпты. Ал қазір ше? Ашығын айт­қанда шалқарлықтар көлдің бұрынғы көле­мімен жылап көрісетіндей жағдайға жет­кенін іссапар барысында айқын аңғар­дық. Айдынның аясы сол кезбен салыс­тырғанда 3-4 есеге дейін тартылып кетіп­ті. Тереңдігі ке­зінде 15 метрге дейін жетсе, қазір 5 метрден аспайды. 

Шалқардың ауыр эколо­гия­лық ахуа­лын сауықтыру үшін тиісті органдар тарапынан қандай жұмыстар қолға алынға­нына тоқталайық. Ең алды­мен айтарымыз, аталған проблема­лар рес­публика­ның 2008-2010 жылдарға арнал­ған қоршаған ортаны қор­ғау бағ­дарламасының аясын­да­ғы іс-жоспарға енгізілді. Соған сәй­кес екі тех­никалық-экономикалық негіз­деме (ТЭН) әзірлен­ген болатын. Оның ал­ғаш­қы­сы көлдің суын тазарту мәселелеріне негіз­делсе, екіншісі гидротехникалық ны­са­н­ның құрылысына жаңа­ша тұрғыдан келу­ге арналған. Оған қажетті қаражатты об­лыс­тық бюджеттен бөлу туралы Үкімет шеші­мі шыға­ры­лып­ты. Алайда сол тұста об­лыс­тық бюджеттің есебін­де бағ­дар­ламаны жүргізуге қажетті қаражат бол­ма­­ған. Сөйтіп Шалқар көлі жобаларын қысқа уақыттың ішінде жүзеге асыруға тиісті сомалар бөлінбей қалған. 

Осы кезеңде бұған қатыс­ты тағы бір оңтайлы тактика­лық шешім алынға­нын Эко­ло­гиялық реттеу және бақы­лау ко­­митеті облыстық де­пар­таментінің ди­рек­­торы Жақ­сығали Иманқұлов айтып берді. Қарастырылған жұ­мыс­тар үшін қаражатты жер­гілікті бюджет есе­­бі­нен кезең-кезеңмен бөлу туралы шешім қабылданыпты. Әйтеуір түбі қайырлы болғаны көңілге медеу. Осылайша 2010-2012 жыл­дар аралы­ғында Шалқар көлін­де қалыптасқан күр­делі эко­логиялық ахуалды шешу үшін алғаш рет 204 миллион теңге бөлі­ніп, ол толық игерілген. Қаржы негізі­нен гидроин­же­нерлік нысандарды жаң­ғыртуға жұмсалыпты. 

Жергілік­ті бюджеттің жағ­дайы мен мүм­­кіндігі айтпаса да бел­гілі. Сондықтан өңірде орын алған проблемаларға бай­­л­а­нысты жайттарды, соның ішінде жоғарыда аталған ТЭН-нің кейбір талаптарын республикалық бюд­жет есе­бінен қаржыландыру туралы ұсыныс-талаптар әзірленіп, сол кездегі Қор­шаған ортаны қорғау, Энергетика м­инистр­ліктеріне жолданған. Әйтсе де күні бүгінге дейін бұл мәселе шешімін тапп­ай келеді. Бұл жөнін­де газет тілшісіне Ақт­өбе облыстық табиғи ресурстар және та­би­ғат­ты пайдалануды рет­теу бас­қар­­ма­сы­ның басшысы Нұржан Аққұл мәлім­деді. 

Қазіргі таңда, әсіресе, Шал­қар көлі­нің табанын тазалау мәселесі өткір кү­йін­де қалып отыр. Бұған салқынын тигі­зіп жүрген кейбір объек­тив­ті және субъективті себеп­тер бар. Бірінші мәселе, ТЭН әзірлеу жөніндегі инженер­лік-геологиялық ерекше­лік­­тер ес­керілме­ген. Соның сал­дарынан бұл жұмыс­тар­ды қай­­та жүргізу қажетті­лігі туын­да­­ды. Өткен жылы Шал­қар кө­лі­нің түбін тазарту жөнін­­де жа­ңа жоба әзірлен­гені дәл осындай қажеттілікке байланысты. Бүгінде жобаға тиісті мемлекеттік сараптама жасалуда. Өндірістік-әлеу­меттік үде­ріс оң нәтиже көр­сеткен жағдайда қар­жы­лан­дыру­ға қатысты мәсе­ле­лер та­ғы да са­лалық министр­ліктер­ге жол­­данбақ. 

Шалқардың жай-күйіне қатысты тағы бір шешімін күтіп тұрған мәселе бар. Ол жер­гілікті флора мен фауна­ның, яғни өсімдіктер мен жан-жануарлар дүни­е­сінің келе­шегіне қатысты. Шал­қар бұған дейін республи­ка­мыз­дағы балық қоры мол ай­дындар қатарында болды. Алай­да қазір оның бәрі құ­рып кету алдын­да тұр. Бі­рін­шіден, ол судағы от­­тегі құра­мы­ның азайып кетуі­­мен байланысты. Бұл көрі­­­ніс әсіресе қыс кездерін­де ай­­­қын байқалатынын осы Шал­­­қар ауданының азаматы, туған жеріне жанашыр жан Ғанибек Сұлтановтың аузынан естідік. Ол балықты қор­ғап қалу үшін суды оттегімен қанықтыратын құрылғының авторы, құрылғысына аэратор деген атау берілген. 

– Қыста көл бетіндегі мұз­дың қалың­дығы 60-70 сантиметрден кем түспейді. Соның салдарынан су астында қысым жоғарылап, газ пайда болады. Оған шыдамаған балықтар қырылып қалады. Мен аэраторды осы жағдайдың алдын алу үшін ойлап шығардым,– дейді Ғанибек Сұлтанов. 
Өзінің айтуынша, аэратор улы газдарды сыртқа шы­ға­рып, суға оттегінің мол мөл­шерін береді. Құрылғы мұздың бетіне орнатылады, жоғары бөлігіндегі қон­дырғы желден қуат алып, астыңғы бөлі­гіне, яғни мұз астына оттегін жібереді. 

– Мұндай тәсілді ел қолдана бермейді. Көпшілігі мұзды ойып, балықтарға ауа жібереміз деп ойлайды. Әйтсе де бұл механикалық тәсіл айдынды оттегімен қажетті мөлшерде әрі тұрақты түрде қанықтыра алмайды. Шалқардың жері далалы, кең жазықта орналасқан, жел соқпайтын күндер аз. Бұл біз үшін өте ыңғайлы әрі тиімді,– деп жалғастырды ол өз әңгімесін. 

Біз жоғарыда айдын үстін қалың қамыс басып бара жат­қанын айтқанбыз. Оны азайту үшін Ғанибек қыс кезінде қа­мысты ору жұмыстарын да қоса атқарады екен. Зейнет жа­сындағы азаматтың бұл бас­та­масы өңірдің өзге тұрғын­дарына да үлгі болса игі. Тиісті органдар көлдің төңірегінде экологиялық ахуалды сейілту үшін тиісті шараларды қолға алса, оған Ғанибек сияқты жергілікті жердің хал­қы да атсалысса, сонда ғана Шал­қардың батпаққа айнала бастаған айдыны тазарып, екін­ші тынысы ашылары анық. 

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы

Суретте: Шалқар көлінің үстіне орнатылған аэратор