23 Ақпан, 2018

Эфирде бейбастақтыққа неге жол беріледі? 

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әуе толқынынан хабар тыңдап отырмын. Әңгіме бойтұмар жайында өрбуде. Радио хабарын жүргізуші әлемге танымал адамдардың бой­тұмар ретінде нені ұстайтынын айта келе Кэмерон Диазды мысалға алды.

Эфирде бейбастақтыққа неге жол беріледі? 

Сонда не айтты дейсіз ғой. Жас­тарға арналған бағдарлама болған­дықтан әңгіме ауаны түсінікті шығар... Болашақтағы әйгілі актриса мек­теп бітіру кешінде сыныбындағы үз­дік қыздың жігітін тартып алу мақ­сатында күлгін түсті стринг киіп, кеш соңында дегеніне жетіпті. Бақталасын қалпақтай ұшырып, қолындағысын қағып кеткеніне масайраған Кэмерон сол сәттен бастап күлгін стрингті тұмарына айнал­дырған екен. Жүр­гізушілер мәз. «Күлгін стринг мақ­сатыңа жеткізеді», дейді жабыла күліп. Неге шақырып отырғанын пайымдай беріңіз.

Қазір бейбастақтықпен де атыңды шығарып, танымал болуға болады деген ұғымды жасөспірімдерге эфирден, интернеттегі ток-шоулардан, әлеу­меттік желілерден сіңірудің жойқын шабуылы жүріп жатыр. 

Әлеуметтік желіде жалаңаш суға түскенін көрсетіп, күйеуімен айыры­лысқан, 2 баласын ата-енесінде қалдырған келіншек «Қалаулым» бағ­дар­ламасының «жұлдызы», ке­йіпкері атанды. Эфирде отырып-ақ «... айы­рамын» деп боғауыз айтатын, одан өз парақшасындағы тікелей эфирде «...дыр-дыр қасып отырғаннан басқа жұмысың жоқ» дейтін бейпіл­ауызды осы келіншекті тағы бір тележүргізуші интернет-сұхбатқа шақырды. Ол «Қай жұлдызбен төсек қатынасына барғыңыз келеді? Төсек қатынасын ұсынатын жігіттер көп бола ма?», дейді анайылығымен шулатып жүрген «Қалаулым» бағдарламасының кейіпкеріне. «Бүгінгі сіз бен біздің кездесуіміздің өзі сені ел танитындықтан, осы сұхбатқа сондықтан шақырып жатырмын, жалпы кімдер танып жатады?» дейді ол. Әлгі келіншек «Ол жайында ойлап көрмеппін, маған Наташа Королеваның күйеуінің дене бітімі ұнайды, Тарзан десем болады», деп жауап қатады. 

Мақсаттары не? Анайы, бейбастақ адамдар арқылы көрермен жинап, рейтинг көтеру ме? Әлде астарында өзге де жаман ой жатыр ма? Баяғыда елорда алғаш Арқаға көшіп келгенде «Қазақстан» арнасының «Астана» студиясында Дүкеш Бəйімбетовпен бірге жұмыс істедік. Сонда аға: «Олардың саясаты белгілі ғой. ОРТ-да меншікті тілші болып жүргенде Мəскеуге ел жайында сюжет жіберсем, Татьяна Митькова «Дукеш, ты что нам такие сюжеты отправляешь, ты нам жареного подавай» – деп, жақсы нəрсе жіберсем жаңалықтарға салмай, ал сəл бір жағымсыз дүние болса құтыртып тұрып беретін», деп əңгімелегені бар. Сол тəрізді Қазақстанда отырып-ақ ел жаңалықтарын беріп жатқан осы «1 арна» ақпараттарын, сюжеттерін тыңдап көріңізші. «Астанада гейша шеберлігін үйрететін мектеп екі жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Мұнда күйеуінің көңілін аулаудың қыр-сырын, ер кісілердің психология­сын түсіну, жақсы ана болу, отбасын сақтап қалу және түрлі тағамдар әзірлеуден бастап, сексуалды өмірдегі шеберліктерге дейін үйретеді» деп құлақтандырып жатыр. 

Әрбір өркениетті мемлекет өзінің ақпараттық айдынын, ел болашағы – балалардың, жасөспірімнің қалай жетіліп келе жатқанын қорғап олардың келешегіне қам жеуге міндетті. Бұл – парызы, ұлт қауіпсіздігі, ел ертеңі ойыншық емес. Мәселен АҚШ-та тыйым салған фильмдер бар екені аян. Арнольд Шварценеггер түскен киноларды америкалық балалар көрмейді. Олар кісіні қатыгездікке, жауыздыққа бой үйретуге алып келетін ондай дүниелерін өзгелердің балаларына көрсетеді. Жапонияда да жапон халқының танымына қайшы келетін дүниелерді таратушылар заңмен жазаланады. Неге олай деп ешкім өкпелей алмайды. Өйткені бұл түптеп келгенде мемекеттің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Қауғадай болып, қаудия өскенімен тамырынан қол үзген, жел алдында күші жоқ қаңбақтың қайда барып тоқтарын кім білер?

Ал біздің заң қайда? Заң шығарушы орган мен радиожиіліктерге рұқсат беруші құзырлы органның үндестігі қайда? Неге еліміздегі телерадио, әлеу­меттік желі, барлық БАҚ-қа бей­бастақтықты, жамандықты, қатыгездік пен халықтық бітімге жат кісәпірлікті көрсетуге тыйым салынбайды. Осыған сәйкес заң қабыл­данып, оны бұзғандар жауап беруі керек емес пе? 

Әлде сенсация қуғанның жөні осы деп отыра беру керек пе? 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»