Отырысқа Кеңестің мүшелері, сондай-ақ БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғары комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ), Қазақстан Әділет министрлігі мен Қазақстан ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында БҰҰ БЖКБ халықаралық сарапшылары құжаттандырылмаған тұлғалардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру мен азаматтығы жоқтықты азайту бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Проблемаларды талдау құжаттандырылмаған тұлғалардың өздерінің негізгі құқықтарын іске асыру кезінде тап болатын бірқатар кедергілердің, соның ішінде медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету және т.б. мәселелердің кездесетінін көрсетті.
Азаматтықты анықтау, тууды тіркеу және азаматтығы жоқ тұлғалардың балаларын құжаттандыру мәселелері талқыланды.
Кеңес мүшелері сондай-ақ азаматтықты алу мен айырылу мәселелерін және азаматтығы жоқ тұлғалардың құқықтарын реттейтін қолданыстағы заңнамадағы кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарды жою бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді.
Атап айтқанда, Қазақстан аумағында туған әрбір баланы азаматтығы жоқтықтан қорғауды, сондай-ақ ата-анасының заңды мәртебесінен тәуелсіз, баланың тууын міндетті түрде тіркеу және туу туралы куәлігін беру құқығын қамтамасыз ететін заңнамалық нормаларды қарастыру ұсынылып отыр.
Күн тәртібі шеңберінде, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Мәжілісіне енгізілген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасы талқыланды.
Отырыстың қорытындысы бойынша, Сараптамалық кеңестің мүшелері мүдделі мемлекеттік органдардың атына жолданатын практикалық ұсынымдарын әзірледі.