25 Қараша, 2011

Ұялады жүрегіне ұлтымның!

291 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ей, жолаушы, сәл аялдап тоқташы, Жер – дөңгелек, жолдарының жоқ басы, Елтаңбаның ең негізі – шаңырақ, Мемлекеттің түп негізі – отбасы!   Тәуелсіз боп атты таңым, Күн бүгін, Арқаламас азаматтық кім жүгін?! Күн шеңбері қозғалыста мәңгілік, Тұлпар дала – сәйгүлігім, дүлдүлім!   Біз келеміз бабам салған отты ізбен, Сөйлеседі, Тәңір қолдап, Көк бізбен, Тұлпар жүйрік қанатында – арманым, Асыл мұрат – бостандыққа жеткізген! Ел-жұртыммен алға мен де ұмтылдым, Бұл кеудеме талай бұлт боп мұң тұндың. Уақыт пенен кеңістігім тұтасып, Ұялады жүрегіне ұлтымның!   Келер күнге аманат қып кетелік, Бір ауыз боп бірге біздер жетелік. Жұлдыз болып тәжі қонды халқыма, Бостандықты Алатаудай көтеріп!   Туар әлі күндерім бар алдымда, Жұлдызды аспан, Аймен жарық жандың да. Қастерлейтін бір парызым – Елтаңбам, Қасиетті Қазақ Елі бар мұнда!   Келе жатқан бабам көрген сол таңнан, Туды бірге қара шаңырақ ортамнан. Перзентің боп мен алдыңда бас ием, Киелі Елім, Қасиетті Елтаңбам! Шөмішбай САРИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.