Ойды ой қозғайды. Осы уақытқа дейін біздің бабаларымыздың жазба мұраларына қатысты ауызша айтылып немесе биттің қабығындай кітапшамен шектелген қыпшақ жазба мұралары шын мәнінде аса бай тарихқа ие екені аян. Сонау 2003 жылы «Қыпшақ жазба мұралары» деген құнды зерттеу жарық көрген-ді.
Майда әріптермен терілген, 1084 беттен тұратын алғашқы томның салмағы сенсеңіздер – 3,5 кило тартқан еді. Осынау құнды еңбектің авторы ғылыми ортада жанкешті еңбекқорлығымен абыройға бөленген отандасымыз, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец болатын. Тағдырдың талай теперішін бастан өткеріп, тарихтың қатпарларында көмескіленіп қалып кеткен түркі халықтарының түрлі болжамды жазба тарихы ғылымға адал берілген осы бір оқымыстының арқасында анық деректер дәйектелген-ді. Сонымен бір ғасырларда Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта салтанат құрған біздің ата-бабаларымыздың тілі және оның жазба тарихы туралы Александр Гаркавецпен бүкпесіз сырласа отырып:
– Қазір кітап бастырып шығару таңсық емес, қолына қалам ұстаған екінің бірі ойына келгенін іске асырып, кітап жазып жатқанына сіз ғалым ретінде қалай қарайсыз? – деп қалдым.
– Меніңше, өте дұрыс. Ата-баба, әке-шешелерін ұлықтап, жазба мұра жасап жатқандарды барынша құптаймын. Мысалы армян әріптерімен жазылған қыпшақ жазба мұраларында бір жігіт сонау бір ғасырларда «Пәлен айдың пәлен күнінде мен үйлендім…» деп бастап, өзінің тойын суреттеп шығады. Сол жазбаларға қарап, сол замандағы олардың тұрмыс-тіршілігі, қай зат қалай аталғанын анықтауға болады. Бес ғасырдан кейін тарихта белгісіз бір пенденің жазғандары біз үшін алтын әріптермен жазылған ұлы мұраға айналған жоқ па?! Қалай жазылса да кітаптар жазыла берсін, рухани байлық молая берсін. Уақыт керегін өзі екшеп алады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ