25 Қараша, 2011

Үш олимпиадада желбіреген

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ту – қашан да қасиетті, киелі, мемлекеттік рәміз. Сон­дықтан жақсысы, жама­ны болмайды. 2000 жылы жасыл құр­лық Австралияның Сидней қаласында Олимпиада ойын­дарының алауы тұтанғанда редакциядан бір көк бай­рақты “Егеменнің” төрт сайыпқыраны көтеріп бар­ған. Олар: Рысбек Сәрсен­бай, Еркін Қыдыр, Оңдасын Елубай және Ғалым Сү­леймен. Олимпиаданың ортасына дейін көңілді күпті қылып, бесін ауып намаздігер бол­ғанда Қазақстан қоржынына алтындар мен күмістер жауды. Қазақтың Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбы­райымов және Мұқтархан Ділдә­беков секілді оғландары қарсы­ластарының қабырғаларын сөгіп, финалда айқас салды. Бекзат пен Ермахан Олимпиада жеңімпазы атанды. Желден жүйрік қыз Ольга Шишигина алтыннан алқа тақты. Сонда осы байрақ олардың иығына жабылып, жеңіс тері сіңген еді. 2003 жылғы Афина Олимпиа­дасында баһадүр Бақтияр Артаев осы байрақпен атой салды. Ал 2007 жылғы Бейжің олимпиа­дасына көтеріп бару біздің еншімізге тиген еді. Дзюдошы Асхат Житкеев моңғол Найданмен айқас салып, тұғырға көтерілерде қазақ байрағын сұрады. Лып еткізіп иығына жаптым. Күміс болса да қазақ дзюдо тарихындағы ең жоғары медаль еді бұл. Бү­гінде әлем чемпионатын үш мәрте бағындырған Илья Ильин жігіттің жайсаңы. Жұлқа көте­руде қорқытып алады да, серпе көтеруде шексіз қуанышқа бөлей­ді. Оң қолы шынтақ тұсынан тамыры тартылып қалса да тұла бойы намысқа суарылған жампоз алтынды қарсыластарының қо­лы­нан жұлып алды. Көзімен ту іздегенде жаттықтырушылардың арасынан жықпыл тауып, желдей ұшып жеткізіп бердік. Жерлесіміз Олимпиаданың алтынын алып, Қазақстанның даңқын әлемге жайып жатқанда кім біздің жолы­мызға тосқауыл болады. Илья тершіген бетін байрақ шетімен сүртті. Кубалық қара қабыланды оқсатып, бұла бойы бусанып келе жатқан Бақыт Сәрсекбаев та осы байрақты жамылып, суретке түсті. Жүлдегерге де ырым етіп жаптық. Бұл байрақ “Егеменнің” аты­нан Дохада (Катар) және Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия ойын­дарына барған біздің қолы­мызбен талай асылдарымыздың иығына жабылды. Азия ойын­дары дегеніңізбен төрт жылда бір рет өтетін бұл спорт жарысы – Азия халықта­рының олимпиадасы. Азия атты алып құрлықтың 45 мемлекеті бақ, намыс сынай­тын кезеңде Қазақстан Қытай, Жапон және Оңтүстік Корея сияқты әлемге әйгілі мемлекеттерді ғана алдына салып, төрттікті түйіндеп келді. 1,5 миллиардқа жете­ғабыл халқы бар Үндіс­танның өзі Қазақстан асуы­нан өте алмай мықшыңдап жүргенін көз алдыңызға елес­тетсеңіз, Отаныңызға деген құрмет еселене түседі. Батыр, бағландары­мыз­дың Отан мерейін асқақ­татқан шағында төбесінде теңіздей толқыған “Егемен­нің” бұл байрағының ендігі көтерілер кезі 2012 жылы Лондон Олимпиадасы деп ойлаймыз. Бақтияр ТАЙЖАН. Шымкент. ___________________ Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған Қорғанбек АМАНЖОЛ,  «Егемен Қазақстан».