Дәрігерлердің ішінен әншісін, бишісін, спортшысын кездестіруге болады. Ал мүсін жасаумен айналысатындары ілуде біреу шығар. Дәрігер Ержан Қази қолы қалт етсе, белгілі тұлғалардың кеуде мүсіндерін кейіптеумен айналысады. Күршім ауданында туған ол кішкентайынан бейнелеуге бейім болды. Әкесі омарта ұстағаннан кейін бе, балауыздан түрлі-түрлі фигуралар жасап, туған-туыстарына сыйға тартатын. Мектепті тәмамдаған соң, кәсіби мүсінші болуды да армандаған. Алайда аға-әпкелерінің ізімен Астанадағы медициналық университетке оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде қалада бой көтеріп жатқан кейбір ескерткіштердің жасалуына куә болған. Кәсіби мүсіншілердің шеберханаларына барып, мүсіндеудің қыр-сырымен танысқан. Бірақ арнайы алған білімі жоқ. Тума талант.
Бүгінде ол Өскемендегі облыстық «Ана мен бала» ауруханасында рентгенолог. Әйтеуір, өнеріне қызметінің еш кедергісі жоқ. Жұдырықтай мүсіндерді жұмыс орнында отырып-ақ жасай береді. Ержанның коллекциясында анималистік жанрда жасаған мүсіндер де жетерлік. Әсіресе «Бүркіт пен қасқырдың арпалысы» атты композициясындағы екі жақтың жан алысып, жан берісу сәті өте тамаша шыққан. Бүркіттің төбеден қаһарлана төніп келе жатқанын, қасқырдың жалт бұрылып, азуын ырсита ашып қорғануын әр бөлшегіне дейін мән беріп жасаған.
«Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтың мүсіндерін жасауда ермексазбен шектелмей, қоладан құйып шықсам деген ой бар», дейді мүсінші дәрігер Ержан Қази.
Қоладан құю бір күндік жұмыс емес. Ол үшін силиконнан қалып жасау қажет. Ал силикон материал Өскеменде тапшы көрінеді. Табылғанның өзінде арзан емес. Шыққан шығынды ақтау үшін жасалған дүние бағаланып, көрмелерде сатылымға шығарылуы керек. Ал мүсін сатып, пайда табуды көздеп жүрген Ержан емес.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
ӨСКЕМЕН