Латынға көшу – түркілік тұтастану
Біз рухани бауырымыз Қазақстанның барлық үрдістеріне үлкен көңіл бөліп, ондағы әрбір жаңашыл қадамдарға ризашылықпен қараймыз. Қазақ тілінің латын графикасына толық көшіп жатқаны бізді керемет қуантты. Барлығымыз білетіндей, Әзербайжан латын қарпіне ертеректе өтіп кетті. Ол біздің түркі әлемімен тұтастануымызға үлкен жол ашты. Сондай-ақ латын қарпіне көшу Әзербайжанның жаһанмен ықпалдасуына үлкен әсер етті.
Қазақстан бүгінгі таңда беделді мемлекет бола отырып, әлемдік саясатта өте маңызды рөл атқарады. Ондай елдердің әлемдік платформаларға интеграциялануы латын графикасына көшуді міндетті түрде талап етеді. Бұл қадам және басқа түркі халықтарымен жақындастыруды қолдайды.
Латын қарпіне көшуде шешілмеген түйінді шешіп, бүкіл түркі әлемінің құрметті перзенті және әлемдік ауқымдағы саясаткер ретінде біздің қадірлі ақсақалымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз халқының мүддесі үшін тағы бір тарихи қызмет көрсетті. Латынға көшу мәселесінде сыртқы күштер қазақ халқының және оның Президентінің тілегін құрметтеуге тиіс.
Азер ХАСРЕТ,
Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген журналисі
Жеті рет өлшеп, ойлану – қажеттілік
Қазақ жазуының уақыт талабына сай латын графикасына көшірілуі – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзе асырыла бастаған тәуелсіз Қазақстанның тәуелсіз өз шешімі. Мұны айтып отырғаным, біздің бұған дейінгі әліпбилерді қабылдауымыз өзіміздің бастамамызбен емес, өктем биліктің әміршілдік жүйесімен жүзеге асты. Олардың қанша дегенмен өз мақсаттары болды. Үлкен саяси ұрандармен жүзеге асырылған сондай бастамаларды біз еріксіз орындауға мәжбүр болдық. Мұны біз әрдайым естен шығармауымыз қажет және латын графикасына негізделген жаңа әліпбиіміздің келешек үшін маңызын тереңнен сезінуіміз керек. Сондықтан да қандай қиындықтар мен кедергілер болмасын, бұл істі үлкен ақылдылықпен, сабырлылықпен, табандылықпен жүзеге асыруға тиіспіз.
Қазақ жазуының латын графикасына көшу жайы жалпыхалықтық үлкен талқылаулардан өтуде, арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. Сондықтан да жеті рет өлшеп, ойлану, іс жүзінде орындалуын тәжірибеден, сараптамадан өткізуді қажеттілік деп білемін. Сол тұстарда кейбір жетпей жатқан, жетілдіруді қажет ететін тұстардың болуы да заңдылық. Шындығында, әліпби тек жазудың ғана құралы емес қой, қазір IT технологиясы дамыған заманда оның өрісі соншалықты кеңіген. Сондықтан өзге де ғылым салаларымен қатар неге ІТ талаптарын ескермеске. Онсыз біздің жазуымыздың алға қарай қадам басуы, қажеттілігімізді өтеуі күмәнді болып қалар еді. Жазу жеңіл де айқын, оқу нақты да қазақ тілінің дыбысталуымен, ішкі заңдылықтарымен соншалықты сәйкес келіп жатуы керек деп білемін. Бұл жеңіл шаруа емес. Осы бағытта біздің тілшілеріміз, жазуға қатысты өзге де сала мамандары көп ізденіп, жұмыс жасағаны жөн. Алдағы жылдары бірте-бірте жетіле түседі, уақыт өз талабын қояды деп алдағы уақытқа сілтеме жасаудың қажеттілігі жоқ. Қазірден пісіруіміз, жеті рет өлшеуіміз, ойлануымыз, ізденуіміз керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» Жарлығы осы талаптан туындады деп білемін.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ел ертеңі үшін енген өзгеріс
Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы Жарлығына өзгеріс енгізіп, қазақ тілі әліпбиінің түзетілген нұсқасын жұртшылыққа жариялады.
Бұған тек білім мен ғылым саласының қызметкері ретінде емес, елдің азаматы есебінде өз пікірімізді ортаға салып, қолдайтынымызды жеткізгіміз келеді. Себебі мәселе қазақ жазуы туралы болып отыр. Ал жазудың қазіргі өмір сүріп отырған ортамызда хабар тарату үшін, өткенімізді танып, болашаққа із қалдыру үшін аса маңызды құндылық екені айтпаса да белгілі. Сол жазуды қалыптастырып тұрған ең ұсақ бөлшек – әріптің тілдің мәнін ашатын дыбысты таңбалайтынына келсек, ол тіптен өзекті дүние. Сондықтан да болар, қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына негіздеп жасау мәселесі еліміздің күн тәртібіне қойылғалы бері бұқарада үлкен талқылау болды. Осы күнге дейін ұсынылған нұсқалардың артық-кем тұстары сараланды, еленді, екшелді. Енді міне, Елбасының Жарлығымен бекітілген әліпби нұсқасына көпшіліктің көкейінде жүрген өзгертулер енгізілді.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген болатын. Демек, саяси-әлеуметтік мәні бар қадамымыз мемлекетіміздің барлық саласы үшін аса қажетті, болашаққа үңілудің пәрменді белгісі.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жетілдірілген тұсын бәріміз байқап отырмыз, алдыңғы нұсқаға қарағанда көңілге қонымды, мәселен, көпшіліктің арасында резонанс тудырған апостроф енді жоқ, оның орнында тілшілер «акут» деп атайтын белгісі бар әріптер болатын болды, сонда бір дыбыс – бір таңба принципі орындалған екен. Бұл мәтінді жазу кезіндегі көзшалым тұрғысынан туындаған қиындықтарды жояды десе де болады. Екі әріп диграфтармен келіпті, ол да әлемдік тәжірибеде көзге үйреншікті таңбалар. Сондықтан да Елбасының осындай өзгерістер енгізуге рұқсат бергендігі құптарлық жайт.
Қазақ тілінің әліпбиін ауыстыруға халық болып пікір қосуымыз – жазудың да мемлекеттік рәміздер сияқты тәуелсіздігіміздің айғағы екендігін терең түсінгендігіміз. Қазақстан халқының рухани жаңғыруы да, соның ішінде, еліміздің білім беру жүйесінің жетілуі де жазу жүйесінің әлемдік стандарттарға икемделуіне тікелей қатысты. Осыған орай Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жетінші басымдық ретінде адами капитал сапасын жақсарту мәселесі алға тартылғандығы да бүгінгі күні елеулі оқиға болып отырған өзгеріске (әліпби өзгерісі) байланысты. Байқасақ, жазуымыздың негізі болып табылатын әліпби мәселесі ел болашағы – бүгінгі жастардың дұрыс қалыптасуына, бәсекеге қабілетті маман болуына, сауатты ұрпақ ретінде өсуіне, сайып келгенде, әлемдік аренада сапалы қазақстандық тұлға ретінде өз орнын табуына үлкен сеп болатынына көз жеткіземіз.
Біз тарихи кезеңде өмір сүріп, еңбек етіп отырмыз. Біздің бүгінгі маңызды мемлекеттік қадамдарымыз ертеңгінің қамы. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі әрбір саяси шешімнің ұлттық мәні зор, соның ішінде латын графикасы негізіндегі әліпбиіміздің орны бірегей. Сол үшін де кешегі елеулі өзгерісті барынша құптаймыз.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
география ғылымдарының докторы, профессор
Жаңа нұсқа көңілден шықты
Елбасының бастамасымен қолға алынған латын әліпбиіне көшу – тіліміздің даму тұрғысынан да, төл әліпбиімізді құру жағынан да алға жетелейтін бастама. Сол себепті бұл игі қадамды замана көшіне ілесуге септік болар үлкен серпіліс деп айтсақ та болады.
Бауырлас түркі халықтары өз тәуелсіздіктерін алғаннан соң, көпке созбай өз әліпбилерін тезірек латынға көшіргеннен ұтпаса ұтылмағанын өмір тәжірибесі көрсетті де. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үстіміздегі жылғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау керек» деп нақты көрсетіп беруі осы өзекті мәселенің өміршеңдігін түбегейлі шешіп берді. Елбасының бұл нақты шешімі екі ойлы болып жүргендердің де бұл бастаманың өте дұрыс екендігіне көздерін жеткізді ғой деп ойлаймын. Өйткені бұл өте ұқыпты, тиянақты жүргізілетін ауқымды жұмыс екендігі белгілі.
Мамандар айтып жүргендей, біз латыншаға көшу арқылы қазақ тіліне тән дыбыстарды, әуезді дұрыс айтып, таңбалай аламыз. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге саяси жағынан да, ғылым-білім тұрғысынан да, заман талабына сай даму үшін өте маңызды. Латын графикасына көшу жай қаріпті ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Себебі дүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын қарпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі. Болашақта жастар да осы мүмкіндіктер арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеретін болады.
Болашаққа осындай жарқын жол ашатын латын қарпіне көшу жолында көптеген талқылаулар болып жатқанын бізде теледидардан көріп, басылым беттерінен оқып, хабардар болып жатырмыз. Қазақ халқының бір ұлы болғандықтан кей тұстарына келісіп, кейбір жерлеріне келіспейтін кездеріміз де болды. Осы орайда айта кеткен жөн, латын қарпінің халыққа ұсынылған алғашқы нұсқасы онша көңілімізден шыға қоймады. Неге десеңіз, әріптерге қосақталған қосымша таңбалары көп еді. Ертең осы бетінде қабылданып кетсе оқып, жазуымызға қиынырақ болады-ау деген қауіптің болғаны да белгілі.
Әрине, біз тіл маманы емеспіз. Сондықтан да болашағымызды байланыстырып отырған әліпбиіміздің «айналасы жұп-жұмыр, кедір-бұдырсыз, теп-тегіс» болғанын қалаймыз. Осы орайда күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген қазақ қарпін латынға көшіру турасындағы соңғы үлгісі біздің көңілімізден шықты. Бұл тіл білімі саласында жүрген ғалымдарымыз бен мамандарымыздың көпшіліктің пікірімен санаса отырып, кемшіліктерді ескеріп, елеп, жасаған жаңа үлгісі біздің де болашақ ұрпағымыздың да кәдесіне жарайды ғой деп ойлаймын. Не нәрсені болса да мың рет өлшеп барып, бір-ақ рет кескен жөн ғой. Бұл әліпбидің техникалық терминдері көп ауыл шаруашылығы саласында жүрген біздерге де көп көмегі болары сөзсіз. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс деп білеміз. Олай болса, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге бірге атсалысайық ағайын, демекпін.
Әбдіғали БЕГМАНОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты
АЛМАТЫ
Әліпби уақытпен бірге жетіледі
Әліпби мәселесі көтерілгелі бері жүзге жуық жобадан хабардармын. Әркім өз әліпбиін әдемі санаған бәйге аяқталды. Алғашқы жобалармен салыстырғанда, ең дұрысы, біз, тілші-ғалымдар, көздеген мақсатқа жуықтап келетіні де Елбасы қол қойып, бекіткен осы нұсқа болып отыр. Бір ұтқанымыз, латын графикасына көшуді бүкіл қоғам қолдады.
Әліпби ауыстырудың пайдасын, маңызын көзіқарақты азаматтардың бәрі түсінді. Қоғамда латын графикасы мәселесі қолға алынғанда-ақ біз «бір дыбыс – бір таңба» жүйесін жақтадық. Ұзақ уақыт талқылаудан өткен соңғы нұсқаны 80 пайызға дұрыс деп есептеймін. Бұл – ұлт үшін ұлы жеңіспен пара-пар. Ал қалған 20 пайызы жазу-сызуға қиындық туғызып жатқандай болса, онда уақыт өте келе әзербайжан, өзбек халқы секілді қаулы қабылдау негізінде түзетіп алуға әбден болады. Жалпы, негізгі дыбыстардың бәрі де түгелденген.
Әліпби уақытпен бірге жетіліп, дамитын дүние. Қабылданған жаңа әліпбидің міндетті түрде жөнделуге тиіс жағын айтар болсам, ол кириллицадағы «и» мен біздің қысқа «й»-дің, «і» әрпінің бір таңбамен қосақталып келуі, «u» әрпіне орыстың «y»-ын алғаны, жазу дәстүрі мен тәрбиесіне қайшы, тіл заңдылығы бойынша дұрыс емес. Кешегі кириллицадағы «у»-ды тағы да қайталаудың мәні бар ма еді? «Y» – дауыссыз дыбыстың таңбасы. Дауыссыз дыбыстың таңбасымен дауыстыны белгілеуге болмайды. Ол жерде «у»-ды латындағы «w» таңбасымен белгілеу керек. Осындай қателерді жөнге салып, әлі де жетілдіре түссек, біздің әліпбиіміз ең озық, жетістігі мол әліпби болар еді. Әйтеуір көп болып кеңесіп жөнге келтіргендей болып отырмыз. Ендігі жерде бұл нұсқадан басқа жаңа жобаларды қарастыру мүмкін де емес. Тілді компьютерге икемдеуге болмайды, компьютерді тілге икемдеу керек. Компьютердің пернетақтасына байланған әліпбидің жақсысы болмайды. Ұрпақтың еншісіне қазақ тілінің төл дыбыс құрамын айқын түгендеп, әліпби үлгісін соған лайық ықшамдап, емле-ережесін реттеп беріп, «өзіңдікі мынау, өзгенікі анау» деп жөн-жобасын сілтеп кету тілтаным мамандарының борышы болу керек деп ойлаймын. Осыны есте ұстайық.
Әлімхан ЖҮНІСБЕКОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ
Мәмілемен шешілген күрделі іс
Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген сөзі бар. Алаш қайраткерлері де латын қарпін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Он бір жыл қолданған әліпбиіміз.
Латын графикасы әлемде кеңінен қолданылады. Дүниеде бүкіл ғылыми үздік еңбектер, ақпараттар, елімізге керекті заманауи технологиялар латын әрпімен жазылған. Отыз дамыған елдер қатарына кіру үшін бізге бұл істе дереу әрекет қажет. Уақыт зымырап, көштен қалып қоямыз. Сондықтан осы қимылдарымыз сәтті болғай. Қырықтан астам елдерде тарыдай шашырап жүрген ағайын-бауырларымызбен толыққанды қатынасу үшін, жастарымызды бір-біріне жақындату үшін, бізге тез латын әрпіне көшкен жөн. Цифрлы Қазақстан құру мақсатына жету үшін де заманауи әліпби керек.
Халықтың талқылауынан және ғалымдардың сынынан өткен жаңа нұсқасы қазіргі заман талаптарына сай келді. Әрине ұлт үшін маңызды өзекті мәселелердің оңды шешілуіне қосып отырған кәсіби білікті мамандардың пікірлері ескерілді, латын әрпін басқа елдердің тәжірибесіне қарап, салыстыра отырып жасалды.
Ақырғы өзгерістер өте орынды болды. Апострофтар сөздердің көлемін ұлғайтып, бір әріптің орнын алушы еді. «Ш» мен «Ч» әріптері үйреншікті орнына келді. Ал енді насихат жұмысын жақсы өткізсек, жұртқа кең таратып, оқыту жүйесін жетілдіріп, қалың бұқараға таныстыру қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарын, интернет агенттіктерін мемлекет қолдап, тиісті шараларды өткізе бастаса, баспа мекемелеріне жаңа бағдар берілсе сапалы түрде мақсатқа қол жеткізерімізге күмән жоқ.
«Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады» деген пікірлерге мен де толықтай қосыламын.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына қосылған ең маңызды шара жоспары өз уақытында орындалатынына зиялы қауым сеніп отыр.
Сағындық Салмұрзин,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы
Жаңа қаріп қазақтың қазығы болмақ
Қазақ жазуының латын қарпіне көшу мәселесі бүкілхалықтық назарда болуы заңды деп есептейміз. Осы күнге дейін тәуелсіздігіміздің төртінші рәмізі болмақ жаңа әліпбиімізге еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше нұсқалар ұсынылды. Міне, соның ішінен 19 ақпан күні Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, өзгертілген нұсқасына көңіліміз толатындығын жеткізуіміз керек.
Ең бірінші, бұрынғы 42 әріпті әліпбиге салыстырғанда, ұсынылып отырған 32 әріптік нұсқа көзге жағымды көрінетіні сөзсіз. Алып тасталған 10 әріптің болашақ қазақ тілінің әліпбиінде орын алмайтыны әуелден-ақ белгілі болды, сондықтан олардың алынып тасталғандығы ешбір талқыға жатпағаны дұрыс.
Алдымен өзгешелік мәселесін айтқан жөн. Басқа түркітілдес елдерден бұл тұрғыда өзгешелену жалпы шетелде қазақ халқын бөлек мемлекет ретінде көрсете алады.
Екіншіден, қолайлылық. Барынша ыңғайлы болуға бағытталған бұл нұсқаға көздің де, мидың да үйренісіп кетуі еш қиынға соқпайтынына сенімдіміз. Бұл мәселе тек халықтың өзіне байланысты. Үйренемін десе жүз тіл үйренетін жадының жан-жақты қасиеттерін ұмытпағанымыз абзал.
Тобыш НИЯЗ,
дінтанушы