Жылдағы әдеттен жаңылмаған жиында облыстағы оң көрсеткіштер туралы сөз басымдық алып, сыни сипаттағы мәселелерге аса маңыз берілмегендей әсер қалдырды. Рас, бұқара тарапынан тұтқиылдан сұрақ қойылғанымен, сауалдың толымды жауабы да табан астында айтылды. Әкімге ауылдағы ауызсу сапасы мен жөнделмеген жол, апатты жағдайдағы мектеп құрылысы мен жаңадан ашылатын Нарынқол ауданы жайлы өзекті сауалдармен қатар, үй сұрап, банк алдындағы несиесін өтеуге қолұшын созуға өтініш білдіргендер де болды.
Жалпы, Жетісу өңірі негізінен аграрлы аймақ санатында. Өткен жыл ішінде осы саланың дамуы бойынша еліміздің басқа облыстары арасында оқ бойы озық шығып, жалпы өнім көлемі бойынша топ жарып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,3 пайызға өсіп, 648 млрд теңгені құраған. Ал ауылшаруашылық дақылдарының алқаптары 15,6 мың гектарға ұлғайып, 948 мың гектарға жетті. Көрсеткіштердің көңілдегідей нәтиже беруіне агросаладағы тиімді тәсілдерді қолданысқа енгізудің ықпалы бар. Мәселен, 161 мың гектар алқаптан жоғары өнімділікке қол жеткізу ылғал үнемдеу технологиялары енгізілгеннен кейін мүмкін болып отыр. Нәтижесінде, жетісулық диқан, шаруа өткен жылды 1,3 млн тонна астық, 293 мың тонна майлы дақылдар, 1,8 мың тонна картоп пен басқа да жеміс, көкөніс өндіріп, айтарлықтай қорытындылаған. Облыстағы мақтанышпен айтылатын істің бірі – өңірдегі қант қызылшасын өсірудің кең өріс алуы. Тәтті түбір егістігінің көлемі 9,2 мың гектардан асып, 334 мың тонна қызылша жиналып, одан 31 мың тонна таза құмшекер өндірілген екен.
Аграрлық саланың бір қанаты – мал шаруашылығы. Аймақта мемлекеттік бағдарламалар аясында мал басын көбейтуге, тұқымын асылдандыруға маңыз беріліп келеді. Мысалға, 2017 жылы «Сыбаға» бағдарламасы 147 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 159 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 127 пайызға орындалған. Бұл мал басының орта есеппен 3,5 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Өкінішке қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша мал сатып алуға берілген несиені субсидиялау бойынша облыстағы кейбір шаруаның жергілікті билікке айтар өкпе-назы бар екен. Облыстың ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктердің түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуі мен салғырттығының кесірі жеке шаруаның жұмысына кедергі болып отырғанға ұқсайды. Біз алдағы күндері «Егемен Қазақстанға» өтініш арқалап келген шаруалардың уәжіне арнайы тоқталып, тақырыпты індететін боламыз...
Әлеуметтің назарындағы білім саласының жайы да облыс әкімінің есебіне арқау болды. Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту жөніндегі Елбасы тапсырмасы табысты орындалып жатыр. Өткен жылы бұл қамту деңгейі 95 пайыздан асса, биыл 98 пайызға жетпекші. Апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесі оң шешілуде. Өткен жылы 47 мектеп салуға және жаңғыртуға 26 млрд теңге бөлінген. Осы салдағы 24 нысан күрделі жөндеуден өтіп, оған 5,2 млрд теңге жұмсалған. Аймақ ұстаздары үшін жағымды хабар да айтылды. «Мұғалімнің жалақысы жаңартылған мазмұн бойынша 1 қаңтардан бастап 30 пайызға немесе орташа 135 мың теңгеге дейін өсті», деді Амандық Баталов. Бірақ облыстағы білім саласына жасалып отырған ерекше жағдайға қарамастан, аймақтың білім беру сапасы көңіл көншітпейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 54,5 пайызға зорға жетіп, республика бойынша төменгі орындардан көрінген екен. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша да облыс төменгі тізімде қалып, он үшінші орында тұр...
Айтпақшы, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өткен жылғы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан өзекті тақырыпқа 11 сауал қойылған екен. Бүгінгі күнге дейін көтерілген мәселелердің барлығы толықтай қанағаттандырылған. Мұның сыртында аудан, қала және ауылдық округ әкімдерінің есепті кездесулері бойынша әзірленген іс-шаралар, да енген 352 мәселе де оң шешімін тапқан. Мысалға, Ақсу ауданы Ащыбұлақ ауылы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, Қарасай ауданы Береке ауылындағы жекеменшіктегі мәдениет үйі сатып алынды. Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, Іле аудандық орталық ауруханасы жанынан 125 төсектік перзентхананың құрылысы басталған. Панфилов ауданы бойынша, Үлкеншыған ауылындағы мектепке жапсарлас құрылыс жүргізіліп, Үштөбе қаласының ішкі жолдары күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты елді мекендердің аумағында орналасқан түрлі деңгейдегі 382 шақырым автокөлік жолына жөндеу жасалды. Талғар ауданы Нұра ауылындағы «Төле би» және «Бәйдібек» шағын аудандары электр жүйесімен қамтылды. Талдықорған қаласындағы жаңа шағын аудандарға жол төселіп, жеке тұрғын үй салынатын тұрғын аудандарда сумен қамту мен су тартудың бірыңғай сыртқы жүйесінің, қалаішілік газбен қамту жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр.
Демек, Амандық Баталов бір жыл бұрынғы есепті кездесуде айтылған әлеуметтің өтінішін аяқсыз қалдырмай, уәде үдесінен шығып отырғаны анық. Ал аймақтағы ауқымды істердің биылғы нәтижесі мен тұрғындардың талап-тілегінің жүзеге асқанын көруді уақыт еншісіне қалдырдық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы