Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Әкім есебіне жетістіктер ғана арқау бола ма?

362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдында есеп беріп, аймақтағы бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. 

Әкім есебіне жетістіктер ғана арқау бола ма?

Жылдағы әдеттен жаңылмаған жиында облыстағы оң көрсеткіштер туралы сөз басымдық алып, сыни сипаттағы мәселелерге аса маңыз берілмегендей әсер қалдырды. Рас, бұқара тарапынан тұтқиылдан сұрақ қойылғанымен, сауалдың толымды жауабы да табан астында айтылды. Әкімге ауылдағы ауызсу сапасы мен жөнделмеген жол, апатты жағдайдағы мектеп құрылысы мен жаңадан ашылатын Нарынқол ауданы жайлы өзекті сауал­дармен қатар, үй сұрап, банк алдындағы несиесін өтеуге қолұшын созуға өтініш білдіргендер де болды. 

 Жалпы, Жетісу өңірі негізінен аграрлы аймақ санатында. Өткен жыл ішінде осы саланың дамуы бойынша еліміздің басқа облыстары арасында оқ бойы озық шығып, жалпы өнім көлемі бойынша топ жарып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3,3 пайызға өсіп, 648 млрд теңгені құраған. Ал ауыл­шаруашылық дақылдарының ал­қап­тары 15,6 мың гектарға ұлғайып, 948 мың гектарға жетті. Көрсеткіштердің көңіл­дегі­дей нәтиже беруіне агросаладағы тиімді тәсілдерді қолданысқа енгізудің ықпалы бар. Мәселен, 161 мың гектар алқаптан жо­ғары өнімділікке қол жеткізу ылғал үнем­деу технологиялары енгізілгеннен кейін мүмкін болып отыр. Нәтижесінде, жетісулық диқан, шаруа өткен жылды 1,3 млн тонна астық, 293 мың тонна майлы дақылдар, 1,8 мың тонна картоп пен басқа да жеміс, көкөніс өндіріп, айтарлықтай қорытындылаған. Облыстағы мақтанышпен айтылатын істің бірі – өңірдегі қант қызылшасын өсірудің кең өріс алуы. Тәтті түбір егістігінің көлемі 9,2 мың гектардан асып, 334 мың тонна қызылша жиналып, одан 31 мың тонна таза құмшекер өндірілген екен.

Аграрлық саланың бір қанаты – мал шаруашылығы. Аймақта мемлекеттік бағ­дар­ламалар аясында мал басын көбейту­ге, тұқымын асылдандыруға маңыз беріліп келеді. Мысалға, 2017 жылы «Сыбаға» бағ­дар­ламасы 147 пайызға, «Алтын асық» бағ­дар­ламасы 159 пайызға, «Құлан» бағ­дар­ламасы 127 пайызға орындалған. Бұл мал басының орта есеппен 3,5 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Өкінішке қарай мем­лекеттік бағдарлама бойынша мал сатып алуға берілген несиені субсидиялау бойынша облыстағы кейбір шаруаның жергілікті билікке айтар өкпе-назы бар екен. Облыстың ауыл шаруашылығына жауапты шенеуніктердің түсіндіру жұмыстарын өз деңгейінде жүргізбеуі мен салғырттығының кесірі жеке шаруаның жұмысына кедергі болып отырғанға ұқсайды. Біз алдағы күндері «Егемен Қазақстанға» өтініш арқа­лап келген шаруалардың уәжіне арнайы тоқ­талып, тақырыпты індететін боламыз...

Әлеуметтің назарындағы білім саласы­ның жайы да облыс әкімінің есебіне арқау болды. Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы ба­лал­арды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 па­йыз қамту жөніндегі Елбасы тапсырмасы табысты орындалып жатыр. Өткен жылы бұл қамту деңгейі 95 пайыздан асса, биыл 98 пайызға жетпекші. Апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесі оң шешілуде. Өткен жылы 47 мектеп салуға және жаңғыртуға 26 млрд теңге бөлінген. Осы салдағы 24 нысан күрделі жөндеуден өтіп, оған 5,2 млрд теңге жұмсалған. Аймақ ұстаздары үшін жағымды хабар да айтылды. «Мұғалімнің жалақысы жаңартылған мазмұн бойынша 1 қаңтардан бастап 30 пайызға немесе орташа 135 мың теңгеге дейін өсті», деді Амандық Баталов. Бірақ облыстағы білім саласына жасалып отырған ерекше жағдайға қарамастан, аймақтың білім беру сапасы көңіл көншітпейді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 54,5 пайызға зорға жетіп, республика бойынша төменгі орындардан көрінген екен. Ұлттық бірыңғай тесті­леу нәтижесі бойынша да облыс төмен­гі тізімде қалып, он үшінші орында тұр...

Айтпақшы, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өткен жылғы есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан өзекті тақырыпқа 11 сауал қойылған екен. Бүгінгі күнге дейін көтерілген мәселелер­дің барлығы толықтай қанағаттандырылған. Мұның сыртында аудан, қала және ауыл­дық округ әкімдерінің есепті кездесу­лері бойынша әзірленген іс-шаралар, да енген 352 мәселе де оң шешімін тап­қан. Мысал­ға, Ақсу ауданы Ащыбұлақ ауылы ор­та­л­ықтан­дырылған ауыз сумен қам­тылып, Қара­сай ауданы Береке ауылындағы жек­е­мен­шіктегі мәдениет үйі сатып алынды. Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында дәрігерлік амбулатория салынып, Іле аудандық орталық ауруханасы жанынан 125 төсектік перзентхананың құрылысы бас­талған. Панфилов ауданы бойынша, Үлкеншыған ауылындағы мектепке жапсарлас құрылыс жүргізіліп, Үштөбе қаласының ішкі жолдары күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты елді мекендердің аумағында орналасқан түрлі деңгейдегі 382 шақырым автокөлік жолына жөндеу жасалды. Талғар ауданы Нұра ауылындағы «Төле би» және «Бәйдібек» шағын аудандары электр жүйесімен қам­тылды. Талдықорған қаласындағы жаңа шағын аудандарға жол төселіп, жеке тұр­ғын үй салынатын тұрғын аудандарда сумен қамту мен су тартудың бірыңғай сырт­қы жү­йесінің, қалаішілік газбен қамту жүйе­лерінің құрылысы жүріп жатыр.

Демек, Амандық Баталов бір жыл бұрын­ғы есепті кездесуде айтылған әлеумет­тің өтінішін аяқсыз қалдырмай, уәде үдесінен шығып отырғаны анық. Ал аймақтағы ауқымды істердің биылғы нәтижесі мен тұр­ғын­дардың талап-тілегінің жүзеге асқанын көруді уақыт еншісіне қалдырдық.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы