Елбасы тапсырмасын лайықты орындап, мұнайлы аймақтың мұң-мұқтажын түгендеп, игілігін еселеу жолында аймақ басшысы қолға алған жұмыстар қатары көп. Оның бір парасын өткен жылы атқарылған істерді баяндап, алдағы міндет-мақсаттарды айқындаған есепті кездесуде Нұрлан Асқарұлының өзі айтты. Атырау облысы – жалпы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша былтыр да республикада бірінші орынды иеленді. Тұрақты үрдіске айналған бұл жетістік – еліміздің батысындағы мұнайлы да шырайлы өлкеде өркенді істердің лайықты жалғасын тауып келе жатқанының айғағы.
2017 жылы Атырауда 42,3 млн тонна мұнай, 20,9 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 491,9 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестицияда да ілгерілеушілік бар. Осындай жақсы көрсеткіштерді атап өткен облыс әкімі Н.Ноғаев индустрияландыру картасы аясында 26 жоба жүзеге асып жатқанын да айтты. Олардың қатарында полимер өнімдерінің өндірісі, роботты дәнекерлеу әдісімен металқұрылымдар шығару өндірісі, мультиөндірістік кешен құрылысы, құс фабрикасы, диірмен құрылысы, фармацевтикалық зауыт құрылысы, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту мен қайта құру, газ-химиялық кешен сынды жобалар бар.
Өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 42 мыңнан асты. Бұл салада қазір 121,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Негізінен мұнайлы аймақ деп саналғанмен, ауыл шаруашылығы бағытында да қолға алынған біраз істер бар. Былтырдың өзінде 417 ауылшаруашылық тауар өндірушілері 8,5 мың гектар жерге егін егіп, 133 мың тоннадан астам өнім алды. 8 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Облыстағы жылыжай саны 43-ке жетті. 2017 жылы 2015 жылмен салыстырғанда балық аулау көрсеткіші 82 пайызға төмендеді. Мұны аймақ басшысы Жайық, Қиғаш өзендерінің түптерін тереңдету жұмыстарының тоқталуымен байланыстырды.
Атырауда Сарайшық атты қасиетті орын бар. Өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Сарайшық та енді жаңа кейіпке енеді. Облыс әкімі биыл Махамбет ауданы Сарайшық селосындағы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сапар орталығының құрылысы басталатынын айтып, елді қуантты. Жобаға сәйкес бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған толық кешен болады.
«Еліміздің мәдени мұрасын сақтау үшін 2016 жылы облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлінді. Қорғаныс бөгетінің құрылысы биыл аяқталады», деп атап өтті Н.Ноғаев.
Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 118 жоба жүзеге асты.
Исатай ауданында Каспий теңізінің жағалауында курорттық аймақ салынады. 500 орындық оқу-сауықтыру лагері жобасымен таныстырған облыс әкіміне жиналған халық қошемет көрсетіп, алғыс айтты. Енді ше, мұндай керемет нысан Атырауда бұрын-соңды болмаған. 25 метрлік бассейні бар балалар орталығы, 200 орындық кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірме, жеңіл атлетика манежі, жабық мұз айдыны, планетарий, электронды тир, амфитеатр, жас натуралистер стансасы қиял-ғажайыпқа толы демалысты толық қамтамасыз етері анық.
– Лагерь құрылысы, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға мүмкіндік береді, деді Н.Ноғаев. Лагерді көгалдандыру жұмыстары тұзды топырақ жағдайында өсіруге жарамды ағаш-бұталы көшеттер мен арнайы ағаш кеспектер отырғызу әдісімен жүргізіледі. Лагерь құрылысы биыл басталады және жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі.
Атырауда мемлекеттік туды 91 метр биіктікке көтереді. Жангелдин-Құлманов көшелерінің қиылысынан орын алатын Мемлекеттік ту облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Жобада құрылыстың екі жағына да субұрқақ салынады деп көрсетілген. Тутұғыр қаладағы ең биік құрылыс болмақ.
Биыл сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмысы басталады. Алаңның басты әшекейі көбікті субұрқақ қондырылған бассейні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы болады. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Атырау қаласының басты алаңы жарықтана, жасылдана түседі – аумақта гүлзарлар, жасыл шөпті көгалдар, көптеген жасыл желектер болады. Қала тұрғындары мен қонақтары төрт сәндік шатыр астында демала алады. Бұл жобалар жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен қаржыландырылады.
Бүгінгі Атырау – сәулеті мен дәулеті келіскен көрікті өлке. Жыл санап құрылыс қарқын алып келеді. Өткен жылы 624,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығы ғана емес, аудандар мен алыстағы ауылдар да жаңарды, заманға сай ғимараттар салынып, әлеуметтік нысандар қатары артты. Биыл қолға алынатын тағы бір игі іс – Жайық өзенінің жағалауы абаттандырылады. Біраз уақыт екі құрлықты бөліп жатқан өзеннің жағасы «жабайы» демалыс орнына айналып кеткен еді. Күтімсіз, көріксіз жер тұрғындардың да көңіл-күйлеріне әсер етеді. «Біз тұрғындардан Жайық өзені жағалауының жағдайына байланысты көптеген шағымдар алдық, адамдар соның ішінде оны абаттандырып, жақсартуды сұраған болатын», деді Н.Ноғаев. – Жаңа жағалау қаланың символы болады. Жұмыс мұнымен тоқтамайды, Атырау қаласындағы Жайық өзенінің барлық жағалауларын қайта жаңартатын түрлі нұсқаларды зерттейтін боламыз.
Қазір Құрманғазы ауданы Азғыр аймағындағы 10 елді мекенде ұзындығы 365 шақырым магистралды және ауыларалық газ құбыры құрылысы жүріп жатыр. Ұзындығы 67,6 шақырым ауыл ішіндегі газ құбыры желісінің құрылысы 2017 жылы басталды, алдағы жылы аяқталады. Аймақтағы тағы 13 шағын елді мекенді газбен қамтудың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. «Құрылыс-монтаж жұмыстары жобалар дайындалып біткен соң биыл басталуы тиіс. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Атырау облысы халқының 99,7%-ы газбен қамтамасыз етіледі», деп мәлімдеді Н.Ноғаев. Таза ауызсумен қамту мәселесі де оң шешіліп келеді. Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар аясында атыраулықтарды орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті. Былтыр 12 ауылға су жүйесі жүргізілді, бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Көлік инфрақұрылымы саласында да өзгерістер аз емес. Өткен жылдың өзінде облыс көлемінде жалпы ұзындығы 371,6 шақырым автомобиль жолы жөнделді.
Жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, діни ахуал, құқық қорғау, жастар саясаты салаларында да өткен жылы жасалған жұмыстарды баяндаған облыс әкімімен жұртшылықтың жүздесуі бес сағатқа созылды. Ешқандай бүкпесіз, алдын ала қатталған хаттамасыз, ашық та жарқын өткен есептік кездесуден ел толғандырған мәселелеріне толыққанды жауап алып, разы көңілмен тарасты.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы