![251111-6](http://old.egemen.kz/2011img/251111-6.jpg)
ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТІҢ СЕССИЯСЫНДА
Желтоқсанның 14-інде Жоғарғы Кеңесте салық жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобаларын талқылау жалғасты. Оларды пысықтау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Салық туралы жаңа заңдардың пакеті үстіміздегі сессияда қайта қаралатын болады, деп көзделуде. Содан кейін Парламент «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының жобасын талқылауға кірісті. Бұл мәселе бойынша депутат С.С.Сартаев баяндама жасады. Жарыссөзге депутаттар Т.В.Жаворонкова, Ж.М.Әбділдин, Ө.Ж.Жәнібеков, В.И.Воронов, П.А.Атрушкевич, А.И.Бектемісов, М.С.Қарбаев, С.А.Субботин, А.А.Княгинин, П.Н.Чумаченко, И.С.Кәлпенов, В.Б.Водолазов, К.И.Нағманов, П.И.Потапов, С.Қ.Байбатыров, Ш.Мұртаза, М.М.Әуезов, Б.А.Қадырбеков, Б.В.Барченко, П.М.Федосенко, Е.М.Асанбаев, Қ.С.Сұлтанов, А.Ф.Козлов қатысты. Сөз сөйлегендер негізінен осы тарихи құжатты қабылдаудың дер кезінделігін және жобасының ерекше маңыздылығын және көптеген депутаттардың оған өз көзқарасын білдіру ниетін ескере отырып, оны талқылау дүйсенбіде, желтоқсанның 16-сында таңертеңгілік мәжілісте жалғасты. Жарыссөзде депутаттар А.М.Қонысбаев, Б.Д.Белик, Ғ.Т.Тұрғамбаев, Қ.Медиев, Л.А.Филаретова, С.З.Зиманов, Н.М.Оразалиев сөз сөйледі. Заң жобасын пысықтау үшін редакциялық комиссия құрылды, ол енгізілген ұсыныстармен және ескертулермен жұмысқа бірден кірісіп кетті. Сессияда «Қазақстан Республикасының жол қоры туралы» заң жобасы қаралды, ол бойынша автомобиль жолдары министрі Ш.Х.Бекболатов баяндама жасап, Өнеркәсіпті, транспортты және байланысты дамыту мәселелері жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы П.П.Коваленко қосымша баяндама жасады. Пікір алмасулардан кейін заң жобасы редакциялық пысықтауға жіберілді. Содан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңның пысықталған жобасына статьялар бойынша дауыс беруді бастады. Заң тұтастай қабылданды. Жоғарғы Кеңес салтанатты түрде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Бұдан былай біздің республика тәуелсіз, демократиялық және праволық мемлекет болып табылады. Ол өз территориясында бүкіл толық билікке ие, ішкі және сыртқы саясатты дербес белгілеп, жүргізеді. Халық депутаттары мен республика Президенті Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы маңызды Заңның қабылдануын орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап қарсы алды. Н.Ә.Назарбаев парламентарийлер мен республиканың бүкіл көп ұлтты халқын осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтады.(ҚазТАГ).
АШХАБАД КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСУШЫ МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫЛАРЫНЫҢ ШЕШІМІ
Бұл ресми құжатта «Біз, Орта Азия республикалары мен Қазақстанның басшылары, Тәуелсіз мемлекеттердің достастық одағын құру туралы мәселелерін талқылай келіп, олардың ішіндегі аса маңыздысы Чернобыль авариясының және Арал қасіретінің зардаптарын жою жөніндегі бірлескен іс-қимылдың қажеттігі деп атап өттік. Мұның өзі біздің ортақ азабымыз, ортақ қасіретіміз болғандықтан біз оны бірлесіп жоюымыз керек» делінген және осы мәселені шешуге мемлекеттердің ортақ үлес қосуы біздің халықтарымыз арасындағы достық пен туысқандық байланыстардың мызғымастығының символына айналатындығы тұжырымдалған.
Шешімге Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев, Қырғызстан Республикасының Президенті А.Ақаев, Тәжікстан Республикасының Президенті Р.Нәбиев, Түркіменстан Президенті С.Ниязов, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов қол қойған.
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛДЫҚ
Азаттықты аңсаған халқымыздың сан ғасырлық күресі ақырында парламенттік жолмен жеңіске жетті.
Газеттің сол кездегі парламенттік тілшісі Рысбек Сәрсенбайұлының осы репортажында 14 желтоқсанда басталған Республика Жоғарғы Кеңесінің сессиясында күн тәртібіне қойылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының жобасын талқылау 16 желтоқсан күні тағы да жалғасқандығы туралы айтылады. Заңды талқылау оңайға түспегендігі мақаланың өн-бойынан анық білініп тұр. «Баяндамашы депутат Сұлтан Сартаевтың жайшылықта-ақ саңқылдап тұратын сұңқар дауысы бұл жолы тіпті жарқын естілді. Келелі кеңестерде тереңнен толғап, жүректі қозғап, жан-дүниеңді еліктіріп әкететін билердің сөзіндей нақпа-нақ, жұпталып, түйдек-түйдек ақтарылған соң ба, әлде бұл күнді асыға күтіп жүргендігімізден бе, оның әр сөйлеміне ынта қойдық» дейді тілші. Баяндамашыға сұрақ қойған депутат В.Чернышов әу дегеннен-ақ қияңқы сұрақты көлденеңдетіпті. Ол кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз, бұл жерде, адам правосының жалпыға бірдей декларациясына жүгінгеніміз жараса қояр ма екен дегендей сұрақ қойған. Оған Сұлтан Сартаевтың берген жауабы кесімді шыққан. – Кез келген мемлекет өзінің тәуелсіз екендігін дүние жүзіне жария етеді. Бұрынғы одақта өз тәуелсіздігін әлі күнге дейін жарияламаған тек біздің республикамыз ғана. Біздің де мемлекеттік тәуелсіздігімізді жариялар мезгіл жетті. Ал декларацияны біз құрамында болған Кеңес Одағы кезінде таныған, демек сол біздің де танығанымыз, – деп орнықты жауап берді. Депутат А.Козлов мұндай заңның қабылдануы қажеттігіне күмәнданбайтындығын айта келе, бірақ мұның «салмағын арттыру елеулі екенін» айғақтау үшін референдум өткізген абзал емес пе деп мәселені алысқа сырғытып тастағысы келді. Баяндамашы, міне, осындай, көптеген қитұрқы сұрақтарға халықаралық қауымдастықта мойындалған заңдар мен қатынастарды алға тарта отырып, сүрінбей жауап беріп шықты. Депутаттар Ө.Жәнібеков, Б.Қыдырбекұлы, Е.Асанбаев, Қ.Сұлтанов, Қ.Нағманов және басқалардың мемлекеттік тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, көші-қон, азаматтық, тәуелсіздіктің экономикалық негіздері турасындағы басалқы пікірлері байбаламшыларға қайтарылған жауаптай естілді. – Заңды қабылдау керек, – деді депутат А.Княгинин. – Кез келген ұлтшылдықтың тамыры тәуелсіздік жолындағы, азаттық, өз ұлты үшін күресте жатыр. Бұл – қастерлі сезім. Мемлекеттік тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы. Қазақ жерін мекендеген біз, қазақ емес халықтар, бәріміз бірдей сол нәзік сезімге әрқашан өз сезіміміздей құрметпен қарайық. Сенбі күнгі талқылау дүйсенбідегі, 16 желтоқсандағы таңертеңгі мәжілісте қайта жалғасқан кезде айтылған сын-ескертпелер мен толықтыруларды ескере отырып, заң жобасын редакциялау үшін комиссия құрылды. Кешкі мәжілісте депутаттар жобаны қайта қарап, оның әр сөйлемін талқыға салды. Талас-тартыс күшейді. Ж.Әбділдин, Х.Дрейлер, Н.Қойшыбеков, Ә.Кекілбаев сияқты депутаттар ұлттық мүддеге қатысты қағидаларды өзгертуге қарсы дәлелді пікір айтты. Заңды 270 депутат қолдаса, 12-сі қарсы дауыс берді. Сөйтіп, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтап сөз сөйледі. Репортаж: «Осы бір қуанышты, тарихи сәтте барша халқымызға, «Егеменді Қазақстанның» оқырмандарына ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! дегіміз келеді» деп аяқталған.
ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ҚАШАН ТҮРІЛЕДІ?
«Желтоқсан – жан жарасы» айдарымен жарық көрген журналист Гүлсім Бақытқызының осы мақаласында қаншама адамның жүрегіне жара салып, қаншама қыршын жастың өмірін қиған, болашағын бұзған Желтоқсан оқиғасы туралы ой қозғалады. «Өйткені, мен бұл оқиғаның бел ортасында жүрген едім» дейді журналист. Мұнан кейін осы оқиға шындығының табаны күректей 4 жыл өткеннен кейін ғана барып ақиқаттары ашылғандығын айта келе, «Міне, бүгін 17 желтоқсанды Демократиялық жаңару күні деп, Желтоқсан оқиғасының бес жылдығын ұлтымыз болып атап өтіп отырмыз. Бұған да шүкір. Бір өкініш, бір қуаныш дегеніміз осы» деп байлам түйеді.Мақалада журналист Желтоқсан оқиғасы кезінде өзі куәгер ретінде көрген жәйттарын баяндаған. Сол кезде жас жігіттерді былай қойғанда, қазақ қыздарының өжеттігі мен қайсарлығы жұртшылықты таң қалдырғанын, өзінің курстас екі жолдас қызы мінбеге көтеріліп сөз сөйлеуге ниеттенгендіктерін, оларды милиция қызметкерлері сүйрелеп, күш көрсетіп, төмен түсіріп жібергендіктерін жазыпты. «Егерде Желтоқсан оқиғасының барысы толықтай түсірілген болса, оны жүйелеп деректі, тарихи фильм етіп шығаруды қолға алған жөн. Сонда бұл болашақта ұрпақтарымызға үлкен тарихи құжат болып қалар еді» деген ұсынысын білдіртті.
ҚАЙРАТ ЕСІМІН ҚАСТЕРЛЕЙІК
Осы мақаланың ортасынан ойып берілген «Қайрат есімін қастерлейік» атты шағын үнқатуда ҚазМУ-дің студенті Тілеухан Әлжекеев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында демократия жолында құрбан болған боздақтарымызға әділ де толық баға бере алмай жүргенімізді айта келе осы оқиға кезінде ерліктерімен көзге түскен Қайрат Рысқұлбеков секілді жастарға Батыр атағын берсек деген ұсынысын білдіреді. _________________________Бетті әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ.