25 Қараша, 2011

Экспо қайда өтеді?

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парижде 22 қарашада ЭКСПО-2017 көрмесін Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бастаған Қазақстан делегациясы Халықаралық көрмелер Бас ассамблеясының мерейтойлық 150-ші сессиясына 2017 жылғы көрме өткізуге кандидат ел ретінде қатысты.

Сессияда делегация басшысы Өмірзақ Шөкеев сөз сөйлеп, Қазақ даласы арқылы өткен Жібек жолы ежелден біз туған мекенді Батыс пен Шығысты жалғастырушы етсе, соң­ғы 20 жыл ішінде Еуразия құрлы­ғы­ның екі бөлігі – Еуропа мен Азия арасындағы сауда және мәдени қаты­настардың едәуір деңгейге көтеріл­генін назарға салды. Ал Қазақстан болса, осы байланыстардың ең то­қай­ласқан тұсында тұр. Біз көрмеге ұсынып отырған тақырып – «Бола­шақ энергиясы» деп аталады. Мұнай, газ, көмір сынды қуат көздерінің қо­ры­мен және уран байлығымен әлем­дегі ондыққа кіретін Қазақстан әркез бейбіт мақсатты ту етеді. Өзінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі бейбіт бастамаларымен ерекшеленетін және ядролық қарудың зардабын шеккен біздің ел қоршаған ортаны қорғаудың, атом энергиясын бейбіт мақсаттарға жұмсап, адамның игілігіне айналдырудың қаншалықты ма­ңыз­ды екенін жақсы біледі. Ал жо­ға­рыдағы айтылған мәселелердің әлем күн тәртібінде тұрғаны анық, деді.

Сессияда Қазақстан тарапынан өзге де шешендер шығып сөз сөй­ле­ді. Олардың қатарында Экономи­ка­лық интеграция министрі Жанар Айт­жанова, Сыртқы істер министр­лі­гінің жауапты хатшысы, ЭКСПО-2017-нің Ұлттық үйлестірушісі Рәпіл Жошыбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков болды.

Париж сессиясында Астанамен қатар, көрме өткізуге талапкер Бель­гияның Льеж қаласының да ұсынысы қарастырылды. Ал ЭКСПО-2017-нің қай қалада өткізілетіні туралы шешім Бас ассамблеяның 2012 жылдың желтоқсан айында өтетін басқо­суында дауыс беру арқылы шығарылатын болады.

«Егемен-ақпарат».