Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Біртұтас ұлт әліпбиі

675 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өмір өзгерістен тұрады. Қа­зақ­стан Республикасының Президенті латын графикасына көшу туралы тәуелсіздік алған күннен бастап ойлап, оны жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Бірақ Қазақстандағы экономикалық, демографиялық жағдай тосын шешім қабылдауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да өмірді терең танитын, әлемдік саясаттың ішкі иірімдерін жақсы білетін болғандықтан, Н.Ә.Назарбаев: «Кімге күш көрсетеміз? Жан-жақты көр­шілермен қырғи-қабақ болып ертеңгі күні елімізді үлкен-үлкен ұлттарға, елдерге қарсы қойып талан-таражға түсірсек, тіл тұрмақ бас қайғы болады. Шы­дау керек. Көпірден өтетін уақыт онша көп емес. Бір он бес-жиырма жыл уақыт ке­рек», – деп еді «Қазақ тілі» қоғамының құрыл­тайында. Президент айтқандай, содан бері 26 жыл өтті. Қазақстан әлем мойындаған мем­лекетке айналды. Өз мемлекетінде өзі азшылықта болған қазақ халқының үлес салмағы 65 пайыздан асып жығылды. Ұлттық жаңғыру жүріп жатты. 

Біртұтас ұлт әліпбиі

Латын графикасына көшу мәселесін Елбасы өз Жолдауларында жария етіп, қоғамдық ойдың талқысына салды. Міне, осылай жаһандық үдерістерді саралай келіп, Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында күдік ойдың бұлтын сейілтті. Латын графикасына көшу Қазақстанның стратегиялық бағдарламасының құрамдас бөлігіне айналды. Латын қарпіне көшу қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар меңгеруге мүмкіндік беретіні сараланды.

Үстіміздегі жылы қаңтар айында Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың «Төр­тінші өнер­кә­сіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жария­ланды. Міне, өмір­шең Жол­дауда латын графикасына Президент тағы да ерекше мән берді. Мән беріп қана қоймай мақсатын шегелеп түсіндіріп берді. Латын графикасына көшкен жағдайда Қазақстан жастары үш тілді қатар меңгеруі, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін игерудің озық әдістемесі жасалады. Жаңа терминологияны жетілдіре отырып, қазақ тілін халықаралық деңгейге көтеру міндеті латын әліпбиін енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Міне, осындай асқаралы міндеттерді жү­зеге асыру мемлекеттік ғана емес, ұлттық мә­се­ле болып табылады. Мұның бәрі Елбасының  2017 жылғы 26 қазан­дағы № 569 Жарлығымен бекітіліп, латын гра­фи­касына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұс­қасы жарияланды. Латын қарпіне көшуді жүзеге асыру үшін ұлттық комиссия құрылды. Оны Үкімет басшысы Б.Сағынтаев басқарып отыр.

Осылай 9 апострофтан тұратын 32 әріп бекітілген болатын. Президент осы әліпбиді негізге ала отырып, қоғам тезіне салып, оны оңтайлы негізде жетілдіруді тапсырған-ды. Елбасы айтқандай, «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес». 300-ден астам ұсыныс екшелген болатын.

Латын графикасына көшу қоғамда үлкен қы­зы­ғушылық туғызды. Тілшілер ғана емес, математика, ақпараттандыру, білім сала­сының ірі мамандары өз пікірлерін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап жатты.

Пікірталас негізінен апострофтар төңі­регінде өрбіді. Мысалы: «Әже, шай ішуге келіңіз» сөйлемін алғашқы қабылданған әліпбидегі әріптермен беретін болсақ, «A’je, s’a’i’ is’y’ge kelin’iz» болады. Біріншіден, қатар келген бірнеше апострофты әріптерден құралған сөздерде, ондағы дәйекшелердің қай әріпке қатыстылығын анықтау қиын. Соның әсерінен сөзді бір қарап тануда қиыншылықтар туады. Екіншіден, сөздерді жазу барысында екі есе уақыттың жұмсалуы да тиімсіз. Аталған сөйлемдегі 3 әріптен тұратын «Әже» сөзін латын графикасында жазу үшін пернетақтадан 4 пернені, «Шәй» сөзі үшін 6 пернені басуға тура келеді.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Президент қоғамдық ой-сананың оң­тай­лы тұстарын жүрек елегінен өткізе білді. Осылай «Қа­зақ тілі әліпбиін кириллицадан латын гра­­фи­­­ка­сына көшіру туралы» Қа­зақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің 2017 жылғы 26 қа­зандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілді.

Латын әліпбиінің жаңа редакциясы қо­ғамда қалыптасқан екіұшты пікірдің нүктесін қойды. Енді апостроф тоғыздан алтыға түсті. Ескі нұсқадағыдай апос­троф әріптің оң шекесіне емес, төбесіне қо­йылды. Бұл көз сүріндіретін үтірлерді азайтып қана қоймай, оның жазылу сұлулығын қамтамасыз етті. Оқуға жеңіл етіп жасалған.

Мұнда алғашқы әліпбидегі апострофпен берілген 9 әріпке құрылымдық өзгеріс ен­­гі­зілген. Негізгі төл әріптер Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү ды­­­быс­тары және У дыбысы төбесіне ноқат қо­ю ар­қылы, ал Ш мен Ч дыбыстары диграф (екі әріп­тің қосарлануы) негізінде берілген. Сон­­­­­дай-ақ алғашқы нұсқадағы созыңқы И мен қысқа Й берудегі дәйекше алынып тас­талған.

Жаңа нұсқаның тиім­дірек екендігін байқауға болады. Бірін­шіден, апостроф үшін бөлек перне басылмайды. Ноқат қойылатын төл әріптер Ә, Ғ, Ң, Ө, Ү дыбыстары және У дыбысы пернетақтаға жаңа перне ретінде енгі­зілетін болады. Демек, бір әріп бір пер­нені басумен ғана беріліп, уақытты үнем­деуге ықпал етеді. Екіншіден, оқу барысында сөзді құрап тұрған әріптерді анық ажыратуға және бір қарап тануға мүмкіндік туады. Төл дыбыстарды қосымша перне етіп енгізу үрдісі латын графикасын қол­дана­тын елдердің барлығына дерлік тән деп айтуға болады (Испания, Франция, Түр­­­кия, Вьетнам, т.б.). Сол себептен, төл 6 әріп­­­ті пернетақтаға сый­ғы­зуға әбден болады деп ойлаймын. Осы тұста, бүгінге де­йін қол­да­нылып келген ки­риллер графикасы не­гізіндегі қазақ пернетақ­тасындағы қосым­­ша перне саны – 9 екендігін еске алайық.

Үшіншіден, Ш мен Ч дыбыстарының диграфпен беру өте орынды шешім деп білемін. Се­бебі, бұл техника елімізде үшінші тіл болып, мектеп кезінен үйретіліп келе жатқан ағыл­шын тілінің грамматикасынан жете таныс.

Ендігі мәселе бір таңбамен берілетін ұзын және қысқа И және І дыбысы жөнінде болмақ. Мұнда да аталған әріптердің сөз ішінде қолданылуы, семантикасы арқылы қандай дыбыс болып тұрғанын ажыратуға болады деп ойлаймын. Мұны одан әрі жетілдіру, халыққа насихаттау, түсіндіруде тілшілерге, фонетика, синтаксис салалары ғалымдарына салмақ түспек.

Қорыта келе, қабылданған жаңа латын графикасы бүгінгі қоғам талабына жауап бе­ре алады, қазақ тілінің икемділігін арт­ты­ра­ды, оны меңгеруші өзге тіл иелеріне ың­ғай­лы бола түседі деген пікір білдіргім келеді.

Ендігі міндет пікірталасты қойып, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін батыл түрде күнделікті өмірге енгізуді бастау керек. Оны жүзеге асырудың кезең-кезеңдерін де Елбасы айқындап берген. Міне, ұлттық сананы рухани жаңғыртудың айқын жолы – латын графикасы екенін зердеде ұстап қана қоймай, бір кісідей жүзеге асыруға тырысуымыз керек. Сонда ғана «қазақстандықтар бірыңғай ұлтқа айналады». Міне, басты бағыт, міне ұлттық бірлік осында.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик