Облыста, бір күнде...
Есептік кездесуде Ерлан Қошанов Қарағанды облысының бір күнін нақты цифрлар арқылы сөйлетіп, қызғылықты мысал-мәліметті алға тартты: «Орташа есеппен бір күнде Қарағанды облысында 100 мың тонна көмір, 75 мың тонна мыс және 45 мың тонна темір кені өндіріледі. Аймақ экономикасына орташа есеппен күніне 1 млрд теңге инвестицияланады. Бюджетке 933 млн теңге салық түседі. Статистика бойынша, бір күнде шартты түрде 371 тонна ет, 183 тонна нан, 1,7 млн жұмыртқа, бір тоннадан астам сүт өндіріледі. 2 млрд теңгеге тауарлар сатылады. Күніне орташа есеппен мың шаршы метрге жуық тұрғын үй немесе 10 жаңа пәтер салынады. Облыс бойынша күніне 62 жаңа тұрғын дүние есігін ашады».
Бұдан кейін облыс әкімі өткен жылы атқарылған істерге шолу жасап өтті. Мысалы, 2017 жылы облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,3 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі 104,1% болыпты. Облыстың индустрияландыру картасында 11,5 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 103 жоба барлығы айтылды. Бүгінде 252,1 млрд теңгенің 84 жобасы жүзеге асырылған. Кәсіпорындарда 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. 2017 жылы 7,7 млрд теңгенің 8 жобасы іске қосылып, 301 жұмыс орны құрылған. Жаңғырту және цифрландыруға облыс кәсіпорындары 11 млрд теңге көлемінде инвестиция құйыпты. Аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі 10%-ға өсіп, 358,8 млрд теңгені құраған.
Ауыл – алыстағы аутсайдер емес
Құрылыс бойынша облыста 2017 жылы 5 әлеуметтік маңызды нысан тұрғызылған. Бір жыл ішінде 374 мың шаршы метр тұрғын үй (3393 пәтер) салынып, 45,1 млрд теңге инвестиция құйылыпты. 2017 жылы 33,5 млрд теңгеге жалпы қолданыстағы 863 шақырым автокөлік жолдарына жөндеу жүргізіліп, екі мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Республикалық маңыздағы автожолдардың 477 шақырымы, облыстық маңыздағы жолдардың 61 шақырымы, қалалық және аудандық маңыздағы жолдардың 325 шақырымы жөнделіпті. Білім саласы да басты назарда болған. Былтыр аталған саланың бюджеті 12%-ға өсіп, 94,5 млрд теңгені құрады. Денсаулық сақтау саласына 2017 жылы 76,4 млрд теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,2%-ға жоғары. Медициналық көмек көрсету жағдайын жақсарту мақсатында 2017 жылы денсаулық сақтау саласының 31 нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінген. Жалпы алғанда, ауруханалар мен емханалардың 35 мың шаршы метріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Агроөнеркәсіп кешені былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 246,5 млрд теңгені құрап, нақты индекс көлемі 101,6% болыпты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 14,6 млрд теңге сомасында мемлекеттік қолдау көрсетілген, бұл 2016 жылға қарағанда 39,5%-ға көп.
Ауыл демекші, облыс әкімі баяндамасының бас жағында әрбір қазақтың жүрегіне жылы тиер сөздерді айтты. «Жалпы, ауыл – бұл қазақтың ат байлар ата қонысы, алтын бесігі. Ұлттың ұйытқысы, рухтың қуат алар қайнар көзі. Мемлекеттің тірегі де, жүрегі де сол ауылдардан басталады деп есептеймін. Бүгінгі ауыл алыстағы аутсайдер, меңіреу түкпірдегі мекен емес», деді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, әкімнің биік мінберден айтқан бұл сөздерінің астарында алдағы уақытта ауылға деген көңіл мен көзқарастың айрықша болатыны жатқандай көрінді.
Облыста шағын және орта бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау мол септігін тигізуде. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша өңірде 250 жоба қолдау тапқан. Соның нәтижесінде, аймақ экономикасына бөлінген 1,5 млрд теңге көлеміндегі субсидияға 32 млрд теңге көлемінде инвестициялар жұмылдырылған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,1%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгеге жеткен.
Есептік кездесу барысында залдағы екі микрофонға жету үшін кезекте тұрғандардың қарасы мол болды. Өңір басшысына толғақты проблемаларды арқау еткен сұрақтар қойылды.
Әлихан – біздің жүрегімізде
Өткір сұрақтың бірі Теміртаудағы экология мәселесі туралы болды. Еске салсақ, қаңтар айында металлургтер қаласына түнде жауған қар таң ата қап-қара түске боялып, бұл төтенше оқиға қала тұрғындарының орынды наразылығын тудырған болатын. Облыс әкімі Теміртаудағы экологиялық жағдайды тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен құрылған жұмыс тобы жан-жақты зерттеп жатқанын жеткізді. Мәселені оң шешу үшін жедел және жүйелі түрдегі шаралардың қарастырылып жатқанын айтты. «Кешендік жоспарға бірінші кезекте кәсіпорынды жаңғырту бойынша шаралар енгізіледі. Негізгі әрекеттің бірі – қаланы көгалдандыру. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаражат бөлеміз», деді Ерлан Қошанов. Бұған қоса, облыс әкімі ақпанның аяғына таман Теміртаудағы экологиялық жағдайды зерттеу үшін халықаралық сарапшылар келетінін, сол кезде ұйымдастырылатын дөңгелек үстел жұмысына өзінің де қатысатынын жеткізді.
Қарағандының тұрғыны Ләззат Қожахметова қаладағы Октябрь ауданына не себептен Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың есімі берілмей отырғаны жөнінде сұрақ қойды. Өңір басшысы бұл маңызды мәселеге байыппен қарап, ең бастысы, сол ауданда тұратын 200 мыңнан астам тұрғынның пікірімен міндетті түрде санасу керектігін атап өтті. «Әлихан Бөкейхановтың кезінде «Қазақ» газетіне «Халқына қалтқысыз қызмет еткен, еңбегі сіңген тұлғаның есімі қағазда емес, жүрек түкпірінде сақталуы тиіс», деп жазғанын оқығаным бар еді. Олай болса, Әлихан Бөкейхановтың есімі біздің жүрегіміздің түбінде сақтаулы, ал жүректің түкпіріндегі нәрсе қағазға түбінде түседі», деді Ерлан Қошанов.
Бір жылдың жемісі
Төрт сағаттан астам уақытқа созылған есептік кездесуде облыс әкімі қойылған сұрақтардың бәріне егжей-тегжейлі жауап беруге тырысты. Керек жерінде көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекемелердің жауапты басшыларына қолма-қол тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімін нақтылап отырды.
Жалпы, Қарағанды облысы әкімінің қызметіне тағайындалғанына бір жылға жуық уақыт болған Ерлан Қошановтың жұмысына тұрғындардың басым бөлігі оң баға беріп жатты. Аймақ басшысының аяқ алысына жылы лебіз білдіргендердің қатарында үнемі сыни бағыт ұстанып жүретін Айтқожа Фазылов та болды. Әсіресе, ол облыс әкімінің өткен жылдың желтоқсан айында кеншілер мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы арасындағы еңбек дауының оң шешілуіне себепкер болған мәмілегерлік ісін атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімінің тікелей араласуымен ірілі-ұсақты проблемалары шешімін тауып, көңілдері жайланған өзге тұрғындар тарапынан да көптеген алғыс айтылып жатты.
Ең бастысы, облыс әкімі тұрғындармен тікелей байланыста болуға, олармен ашық үнқатысуға түсуге әрдайым дайын екенін көрсетті. Көмек қолын созуды өтінгендерге құрғақ уәдені үйіп-төгіп бермегенін де айта кеткен жөн. Көп жағдайда алдымен қозғалған мәселенің зерттелетінін, содан кейін барып заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын айтты. Дұрыс шешімнің қашанда егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде ғана болатынын еске салды Ерлан Қошанов.
Қарағанды облысы әкімінің есептік кездесуіне Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов, Парламент Сенатының депутаттары Рысқали Әбдікеров, Сергей Ершов және Мәжіліс депутаттары Нұрлан Әбдіров, Нұрлан Дулатбеков қатысты.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ