Астанада Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен халықаралық беделді 27 ұйымның өкілдері мен еліміздегі 16 шетел елшілігі қызметкерлерінің басын қосқан алқалы жиын болып өтті.
Басқосуда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылымды дамытудың жай-күйі және келешегі туралы» баяндама жасап, білім мен ғылым саласында жеткен жетістіктерімізді тілге тиек етті. Ол өз сөзінде соңғы 10 жылда білім саласын қаржыландыру 7,5 есеге өскендігі, биылдың өзінде білімге мемлекеттік бюджеттен 900 млрд. теңге бөлінгені, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп, жастардың шетелде білім алуына жағдай жасалынғаны, білім саласын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы түзілгені, «Ғылым туралы» жаңа заң қабылданып, «Білім туралы» заңға өтімді өзгерістер енгізілгені жайлы айта келіп, жоғары білім саласындағы «Назарбаев Университетінің» ерекшелігіне тоқталып өтті.
Басқосу барысында сұрақ-жауап тұрғысында әңгіме өрбіп, білім мен ғылымның алдағы алар асу-міндеттері талқыға салынды.
Берік САДЫР.