1.
Күз айы еді, дәлірек айтқанда 1997 жылдың бесінші қыркүйегі.
Республика сарайында болған бір салтанатты жиыннан шығып, Абай ескерткішіне жақындай бере алдымнан Жарасқан ұшырасты.
Аман-саулық сұрап, аз-кем әңгімелескеннен кейін «Ал, жақсы», деп қоштаса бергенде Жарасқан кілт тоқтай қалып:
– Менің саған тапсырмам бар, – деді тісін ақсита күліп тұрып, – Үш томдығым бар, соны шығарып бер. Жай айтқан жоқ, – ақындық арыны бұрқырап тұр, – бұйырып айтты.
Үш томдық дегенде шошып кеттім. Ол кезде томдық шығаруға жүрек дауаламайды. Өйткені томдық шығару үлкен ақсақалдарымызға тиесілі, шығару жайы жоғары жақтың шешімімен бекітіледі. Мемлекеттік баспа комитеті (Госкомиздат) соған сәйкес жоспарға өздері енгізеді, онда да өте сирек болатын ұйғарым.
Оның бәрін Жарасқанның өзі де білетіні даусыз, бірақ ақынды айтқызып тұрған мені екенін аңдап:
– Бұл қиын шаруа ғой, – деп күмілжи түстім де іле үміт жібін үзбеу ниетімен:
– Бірақ бір кітабыңды шығарып берейін, – дедім.
– Жақсы. Онда бір кітабымды сен, бір кітабымды Бексұлтан ағама берем, Жарылқасын ағама да лайығы бар, – деп көңілденіп күліп жіберді.
Мынадай үлестіруді естіп сол арада баспагерлік бір қисынның сап етіп келе қалғанын қайтерсің.
– Мынау үмітті үрлейтін идея екен, былай жасайық, – дедім кәдімгідей жол тапқанына өзім де қоса қуанып, – томдығыңның бірінші кітабын біз шығарайық. Ал екінші, үшінші томдарды ағаларың шығарады. Үш кітап та томдық болып көрінуі үшін пішімі, көлемі, бояуы, безендірілуі бірдей болады, тек мұқабалық түбіне 1 (бір), 2 (екі), 3 (үш) дегенді безендіру іспетті етіп көрсетейік, үшеуін де бір суретшінің қолынан шығарамыз.
Осылай табанда туған ойымыздың жолы табыла кетті. Іске сәт тіледік. Жарасқанның да әзілі даяр екен. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген осы», деп алыстағы Аралды еске түсіріп бір күліп алдық.
Ертеңіне-ақ Жарасқан қолжазбасын әкеліп берді.
Бәрі рет-ретімен (өлең, баллада, поэма, аударма) жинақталған екен. Тіпті кітаптың форзацына лайықтап өз қолымен (почеркімен) жазған түп-нұсқа өлеңі – атақты «Ақ бұлақтарын»да әкеліпті:
«...Ақ бұлақтар!
Алқынған ақ бұлақтар!
Қазір – көктем,
алдың – Жаз,
шапқылап қал!
Көкжиектен күн аунап барады әні,
Қызарғаны – қоштасып қарағаны...
Осылайша өтеді қайран уақыт,
Сені мәңгі қоймайды сайрандатып,
Күз де келер
кем-кемдеп тартыларсың,
Қыс та келер
біржола сарқыларсың...
Ақ бұлақтар!
Алқынған Ақ бұлақтар!
Қазір – Көктем,
алдың – Жаз
шапқылап қал!..
Ж.Әбдірашев
1965-1966 ж.
Алматы, Гор.Гигант».
Қаз-қалпында берілген Жарасқанның бұл өлеңінің калиграфиялық жазуы кітаптың беташарындай – бетажарындай болып айқара берілді. Суретші Александр Тіленшиевтің қолынан шыққан үш кітаптың безендірілуі ақынның поэзиялық пайымы мен парасатын кітап бетін ашқан сәттен аңғартатын аңдатпа шеберліктен-ақ көреміз.
Кітаптың кіріспе іспетті сөзі кемел ойдың кенен қайырымымен басталады. Ә дегеннен «Біздің ҚазМУ-дың филология факультеті журналистика бөлімінде – Мұқаңның дәрісін тыңдауға үлгере алмаған болар, – менің дәрісімді тыңдап өскен», деп алып, тебірене толғаған абыз-ұстазы Зейнолла Қабдоловтың жырларын шын жүрегімен қабылдауы, оның табиғатын шәкірт кезінен тани біліп, шын ақын екенін мойындауы Жарасқан поэзиясының бар болмысын таныта түскендей болады.
Бұған қоса қазақ поэзиясының классигі Қадыр Мырза Әлінің түйген ойы тіпті терең де тағылымды: «Жарасқан – болмысынан ақылды қазақ. Мен «ақылды» деген сөзді әдейі айтып отырмын. Жалпы әдебиетшіге «ақылды» деген сөзді көп айтпайды. Әдебиетшілерге, көбіне «қабілетті», «дарынды», «талантты» деген сөздерді айтады. «Ақылды» деген сөзді мен ең бірінші рет Белинскийдің мақаласынан оқыдым. Ол өзінің Герцен туралы сөзінде: «Бұл – ақылды талант!» дейді. Содан кейін бірде-бір орыс жазушысы жөнінде Белинский бұл сөзін қайталамайды», деуіне қосыла отырып Қадекеңнің «Жарасқанды ақылды қазақ» деп тегіннен-тегін айтып отырмағанына кәміл сенімдіміз.
Осындай ағаларының алғысөзімен өрілген Жарасқанның поэзиясының бірінші томы «Көңіл көкпары» деген атпен «Ана тілі» баспасынан (3000 данамен) 1998 жылы шілде айында жарыққа шықты, ілелетіп «Жалын» баспасынан екінші томы «Сана соқпағы»(өлең, баллада, эпиграмма, аударма) кітабы, ал «Рауан» баспасынан үшінші томы «Шежірелі шаңырақ» (өлең, тақпақ, ертегі, санамақ, жұмбақ) деген атпен шықты.
Бір жылда осылай Жарасқанның үш томдығы – үш кітап болып қалай шыққанын еске алудың өзі ерекше сезімге бөлейді екен. Оның бәрі уақыт өткен сайын ақынның әр күні, әр сөзі, әр өлеңі қастерлі бола түсетінін пайымдаудың әсері болса керек.
Ақынның жаны поэзиясында дейміз. Оның жырлары – алдымыздан шығар ақиқаты болар, бәлкім.
Оның бір ақиқаты – ақынның күндері оралмайтын болса да, өмірге өлеңімен оралып тұратыны болар...
Иә, Жарасқан да солай...
– Ақ бұлақтар!
Алдың жаз,
шапқылап қал! – деп тұрғандай.
Еске түседі:
әні, дауысы саңқылдап, жүрегі аңқылдап тұма жыры төгілді де кетті.
Осы сәтте Жарасқан жыр пырағының тізгінін қоя бергендей боп елестейді, еске түседі, ортамызға оралады.
Оралуы – өмірмен бірге жаралуы, өмірмен бірге жаңғыруы.
Тіпті өмірмен бірге жасаруы десек те болады.
2.
Өлеңнің өз философиясы болады. Онсыз жыр жолдары жалаң ұйқас, сылдыр сөз, құрғақ қайырма болып қалады.
Осы пайым параметрімен қарасақ Жарасқанның әр өлеңі өз философиясымен ерекшеленіп тұратынына тәнті боламыз. Өйткені нені жырласа да өмірге сөзімен емес, жүрек көзімен қарайтын ақынның талғамы тынысты, толғамы тосын, түйіні тағалы болып келеді. Ойды жүрек дірілі – тілі деп түсінеді, буырқанған сезімді бұлақ көзіне балайды. Айналасына асқан іңқәрлікпен қарайды, танып білуінен тамсанысы асып түсіп жатады. Өмір, табиғат, адам, қоғам, адалдық, адамдық... тіпті гүлге дейін, теңіздің тамшысына дейін жан әлемін тербейді. Өркенді ойларын көркемді образдарға айналдырады. Соның бәрі қарапайым сияқты боп көрінеді, бірақ оның шындықпен көмкерілген құндылықтарын көресің, сол арқылы поэзияға деген парасатын танисын, айнымас адалдығын бағалайың.
Оның перзенттік философиясы Адам – Өмір – Пешене философиясына айналады. Сәттік сезімнің өзі ұрпаққа ортақ ұлағаттыққа ұласады, өмір жайлы өлең – жапырағын жайып тастайды, кейде көңіліңе нұр сепкізіп, шым еткізеді. Қараңыз:
Ауылда арманшыл бір бала болды,
Ол кейін алыс кетті,
қала көрді.
Сол бала сағынады кей уақытта,
Шаңдағы бұрқыраған қара жолды.
* * *
Жо-жо-жоқ!
Зауласа да заман қанша,
Сүреді адам өмір – адамдарша,
Ешқашан қара жолды шөп баспайды,
Інілер ізіне ерген аман болса!..
(«Қара жол»)
Шумақтардағы осы бір сезім бұрқанысы әркімнің өз басында болған қастерлі де қимас сәттей боп әсер етуі әрі таныс әрі табиғи.
Заман да, өмір де өзгереді – бұл бүгіннің шындығы. Ал адам өзгерді ме? Ақын үшін оның сыры бөлек, қыры құбылмалы, көкжиегі шексіз.
Бұған, әрине, әркім өзінше жауап беруге, безбендеуге, бағалауға хақылы. Мұндай өзгерістерге ақынның адам болмысына қарап ой пішуі заңдылық. Адам – табиғатпен бірге жаралған, табиғаттан ажырамайтын жаратылыс. Оның қоғамның ыңғайына қарай пенделік – психологиялық тоқырауларға ұшырай бастауына куә болу сәтінде туған жырларында ол табиғи поэтикалық талабынан танбайды, тайқымайды да. Қайта, ашық айтып, айқын позиция ұстанады. Оны«Өмірбаян туралы ғибратнама» атты өткір ойлы өлеңінің темірқазық түйіні астарлы пайымымен айғақтай алады:
«Ойлан!
Ойлан!
Орынсыз қақпа «дабыл!»
Оңған емес – қазғандар «аққа» қабір!
Келешектің алдында күмілжімей,
Өткеніңмен алғаусыз ақтала біл!
Атағы бар, аты бар өңірге аян,
Ойлануда бүгінде не бір ноян.
Өзгертуге болады өзіңді де,
Өзгертуге келмейді Өмірбаян!»
Жарасқан үшін туған жер – туған даланы толғай жырлау-талмай жырлау жан қалауы еді.
Жарасқан туған жер туралы алғашқы жырын 17 жасында 1965 жылы жазыпты. «Қош бол, Арал!»деп аталады.
Қош бол, Арал!
Қоштасарда қыстығып жылап алдым,
ермін деуші ем,
еріксіз егілді ішім.
Сен де бір сәт туламай,
тына қалдың...
Теңіз емес –
Толқыған көңілмісің?..
Алшақ тартып арамыз айдан-айға,
ауыр соқты-ау саған да,
маған-дағы...
Толқындарың тұншыға аймалай ма?
жалаңаяқ ізімді жағаңдағы?..
Ағат қылсам,
қайтейін,
ақтайды арман!
Арпалысқан ақындық тірлік үшін.
Оңтүстікті паналап,
қайтпай қалған
шағалаңмын...
Мен де бір жыл құсымын!..
Жойқын дауыл мүлгиді жас жанымда,
сол оянса –
түгелдей сарқылар мұң!
Саған ұқсас сан Теңіз аспанында
сен туралы сыр шертіп,
шарқ ұрармын!..
Туған жердің мұңын жырлап шарқ ұрар шабытты сәттері әлі талай толқын-жыр боп туарын сезгендей-ақ екен. Оған уақыт куәгер болды – «Дала, сенің ұлыңмын» кітабы шығармашылық таңы, туған жеріне тілектес бір тамшы қаны (жаны дегенім) болды. Туған жерге деген өжеттігі сондай оқтын-оқтын оралып отырады. Оралған сайын өркенді ойлары желкенді жырларға айналып толқыннан соңғы толқындай бірінен бірі асып түсіп жатар еді.
* * *
Туған дала,
талайлардың от қанын
лапылдатты тентек күйің,
текті әнің. Сөз сөйлесем –
Сенсің биік тұғырым!..
Сенсің менің абыройым,
мақтаным!.., –
деп төгіле тасынып;
Туған дала,
тыным алмас жастамын,
тер төгуден,
өртенуден қашпадым!..
Шаршағанда шалғыныңды жастанып,
шалқаласам,
Шаңырағым – Аспаның!, –
деп сөгіле шашылып;
Туған дала,
енді бір сыр толғайын:
Бір аруың болды күнім,
болды айым!
Ол үшін де –
сен үшін де –
қиналмай
қыршынымнан қиылуға мен дайын!.., –
деп қырандай құйылып;
Туған дала,
жаным сенен от алды,
сен деп білем:
анам,
әкем,
атамды...
Екеу болып аттанбақпын ертеңге,
батаңды бер,
батаңды бер,
батаңды!.., –
деп ұрандай иіліп;
Туған дала,
тынысымды кең алып,
көңілімнен көп іздедім даналық...
Мүмкін емес –
менің тексіз болуым,
ұлы Абайды туған болсаң сен анық!., –
деп ағынан жарылып;
Туған дала,
атыңның,
атағыңның
аспандатар тұғырын қатарым мың!..
Сәніңмін мен!
Серіңмін!
Сеніміңмін!
Арыңмын мен!
Ақынмын!
Ақаныңмын!.., –
деп арынан табылып, буырқанған жолдармен басталатын өлеңдер циклі от пен шоқтан жаралғандай жарқыл салады, төкпе арыны ауыздығымен алысқан арғымақты елестетеді, бұрқ-сарқ қайнауы кезек-кезек оянған жанартаулардай жарқыл салады. Қызуы қандай, қайрауы қандай десеңші?! Шынына жүгінсек, мұндай жырлардың шабыт – энергиясын сезіну де бір ғанибет.
Шымырлаған сезімдермен тасып төгілген жырларына оқырманның, әсіресе жас қауымның қоғадай жапырылып қол соғуы соның мысалы. Өйткені өлеңдерінің әр жолынан жан әлемі көрінетін Жарасқанды ойы азат, ары таза ақынға балайды. Өйткені оның поэзиясынан парасат пернелері үн қатады, бітімі бөлек шабытынан еркіндіктің биотогы еседі, жан рухының жақындығын сезінеді. Бұл ақынның ұлт ұрпағына жар салған – дабылы, ақ бұлақтары мен жас құрақтарына керуен келешегіне ұстатқан қамшысы іспетті еді. Ашығын айтар болсақ туған жерге деген мұндай мінәжат – перзенттік парасат тағзымы Жарасқанға туа біткен табиғи қасиет дер едік.
3.
Енді осындай өрісті жырларымен оқырманның сүйікті ақыны болып жүрген кезінде Жарасқанның менің қолжазбама пікір (рецензия) жазған жайына келейін. Сол 1977 жылы «Жалын» баспасының жоспарына «Жолдас, комсомол!» атты очерктер жинағым кірген еді. Соның қолжазбасы бірнеше адамға рецензияға ұсынылыпты. Бірі – Жарасқан екен.
Жарасқанның пікірі (кейін білдім, әрине) мынадай болыпты (қысқаша үзігі):
«...Жақау Дәуренбеков республикамызға «Лениншіл жас» газеті арқылы жақсы танылып қалған жас журналистеріміздің, талантты журналистеріміздің бірі. Оның комсомол өмірінен жазылған проблемалық мақалалары, очерктері, публицистикалық толғаулары көпшілік қауым көңілінен шығып келеді.
Ә дегенннен-ақ публицистикалық асқақ пафоспен әдемі басталыпты. Анықтағанымыз: кітап – республика комсомолының ерлік даңқы музейіндегі мұралар хақында екен. Қуанып қалдық. Жақсы табылған тақырып, көп нәрсені, көп нәрсе болғанда, комсомол тарихын, оның ерлік жолын баяндауға сәтімен табылған кілт.
Енді біз қолжазбаны оқуды доғара тұрып, музейдегі қандай мұраларға, қай кезеңнің мұраларына нендей себеппен, нендей жүйемен тоқталды екен деген оймен очерктер тақырыбына назар аударып шығуды жөн көрдік.
Бірінші очерк – «Комсомол билеті – №28». Түсіне қойдық. Алғашқы комсомолдар туралы, республика комсомолының алғашқы қарлығаштары туралы әңгімені 1918 жылдан комсомол мүшесі Хамид Чуриннің өміріне сүйене отырып, әрі нақтылы әрі көркем түрде баяндамақ болған. Неге бұлай дей алмайсың. Дұрыс, орынды.
Екінші очерк – «Браунинг». Тақырыптың өзінен-ақ 20-шы жылдардың лебі, 20-шы жылдардың исі келеді. Бандылар мен контрреволюцияға қарсы күрес жылдарындағы комсомолдар ерлігін автор сол бір сұрапыл кезеңнің комсомолец, қазір аталмыш музейдің директоры Павел Михайлович Зеленцов ғұмырнамасын арқау ету арқылы айтып беруді алға қойған. Бұл ретте де қателеспеген. Комсомол тарихын танытуға қажетті мұраны таңдай білген.
Үшінші очерк – «Вожатый». Түркстан комсомолының тұңғыш пионер вожатыйларының бірі, 1927 жылы қазақ пионерлерін Артекке алып барушы Сады Хадырбаев туралы. Бұған да дауласа алмайсың. Жазылуға, айтылуға керек жайт.
Төртінші, бесінші, алтыншы очерктер де осындай ретпен, яғни байтақ еліміз басынан кешкен тарихи кезеңдер тұсындағы республика комсомолы атқарған ерлік істерді жүйелі түрде шертеді. Қай-қайсысы да жалпылама баяндау, жалаң сөзбен емес, нақтылы адамдар, нақтылы оқиғалар негізінде нанымды сипатталған.
Біз әуелі кітаптың жалпы құрылымымен үстірт танысып шыққанда осындай жақсылық нышандарын, жағымды жақтарын бірден байқадық. Бұл – пікір авторының емес, кітап авторының, кітаптың артықшылығы болса керек.
Ал енді қолға қалам алып дегендей, шұқшия оқи келе аңғарған ақау, көрген кемшіліктерімізге келейік.
Жалпы Жақау Дәуренбеков қаламы төселіп қалған, сөз қасиетін, тіл қадірін білетін журналист. Сонда да болса ара-гідік жіберіп алатын ақаулары жоқ емес. Солардың біразын келтірсек автор мен редактор нұсқалған бағытта жұмыс істей түседі ғой дейміз. Мысалға, Жақау «біздің бейқұт өмір», «бейқұт дүние» деген сөзді жиі қолданады және де жақсы мағыналы сөз деп ұғатын тәрізді. Бұл – қырғыз тілінде «тыныш», «мамыражай» деген сөз. Ал қазақ тілінде «бей» кері мағына беретіні белгілі. Мазасызды – беймаза, мезгілсізді – беймезгіл деп ауыстыратынын білеміз. Демек, бейқұт – құтсыз деген ұғымда қолданылады. Тағы бір байқағанымыз: «леп лекиді» секілді тіркес қайталанып отырады. Біздіңше, «леп лекімейді», леп соғады, леп еседі. 92-ші бетте: «Балалар қуанып айран-асыр» деген сөйлем бар. Бұл да дұрыс емес. Қуанған адам «айран-асыр» емес, таңданған адам «айран-асыр» қалады. 57 бетте: «Ал атаманның айтқанына келер болсақ, әлгісінің бәрі «бос шатпақ» деген сөйлем бар. Айтылған сөзді «бос шатпақ» емес, «бос былшыл» дейді, «бос шатпақ» жазылған сөзді сипаттаса – жөн.
Жоғарыда айтылған ыңғайдағы аздаған олқылықтардан арылтса, «Жолдас, комсомол» республика комсомолының ерлік жолын баяндайтын жақсы кітаптың бірі болғалы тұрғанына күмәніміз жоқ.
Мұндай танымдық та, тәрбиелік те, тарихи да мәні бар кітапты шығарудан баспа да, басқа да ұтылмайды деп ойлаймыз.
11.07.1977 жыл».
Осы пікірінде Жарасқанның тазалығы мен туралығы көрініп тұр.
Бұл пікір мен үшін әлі күнге дейін ыстық әрі қымбат. Ондағы қолтаңбасы Жарасқанның ойтаңбасы, ізгі ниет – игі тілегіндей боп көрінеді.
Өзім солай қабылдадым.
4.
Бір ойым айтады: ақынның төлқұжатындай боп кететін төлтұлпар туындысы болады.
Жарасқанның аты аталғанда «Ақ бұлақтарының» тіл ұшына орала кететіні – соның айғағы. Бұл – Жарасқан жырбұлағына деген оқырманның іңкәр ықыласы, баға бейілі.
Бұған сенімім кәміл.
5.
Тағы да күз келіпті.
Жапырақтар жауып тұр...
Жап-жасыл жапырақтар сарала түске боянып көз тартады.
Еске түседі: кезінде Жарасқанның жырлары да жап-жасыл еді-ау. Енді ол да көңілімізде сағыныштың сарала жапырақтарына айналып, сыр шертіп жатқандай...
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
21-25 қазан 2017 жыл