Кеше Алматыда Орталық мемлекеттік мұрағатының 90 жылдығына арналған «Мұрағаттар. Еліміздің мәдени мұрасын сақтаудағы орны мен қызметі, тарихы» атты конференциясы өтті. Сондай-ақ жиын аясында ұйымдастырылған республика Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының көрмесіндегі сирек кездесетін құнды жәдігерлер келушілердің қызығушылығын туғызды.
Тарих парағына көз жіберсек, 1921 жылы қыркүйек айында Торғай және Орынбор губернияларының мекемелері мен ұйымдарының құжаттары негізінде Орынбор қаласында Орталық өлкелік мұрағат құрылып, оның қалыптасуына көрнекті мемлекет қайраткері С.Сейфуллин атсалысқан. Содан бергі 90 жыл ішінде мұрағат еліміздегі ғылыми және мәдени маңызы бар ірі тарихи құжаттық дереккөздерін жинаушы мол мұраға айналып отыр.
Орталық мемлекеттік мұрағатының бас директоры Ләззат Ақтаеваның айтуынша, бүгінде мұрағат қоймаларында кеңес дәуіріне дейінгі, кеңестік және тәуелсіз Қазақстан кезеңдерінің мекемелері мен ұйымдарының, жеке тұлғалар коллекциясының 1,5 миллионға жуық құжаттары жинақталған.
– Бүгінгі жаңалығымыз – конференция аясында өткен «Жауһар жәдігерлер» көрмесіне соңғы уақытта шетелден алынған құнды мұрағат құжаттары мен көшірмелері қойылды. Олар – «ТҮРКСОЙ» басшысы Д.Қасейінов пен Түркия азаматы Музаффер Акчораның Алаш арысы М.Шоқайдың сый ретінде тапсырған хаттары, сонымен қатар мемлекеттің Араб қолжазбалар институтынан (Мысыр), ХХ ғасырдың басында өмірге келген Жамбыл облысының тумасы, Египет Араб Республикасының азаматы Насрулла Ат-Таразидің және Ресей мемлекеттік тарихи мұрағатынан алынған құжаттар қойылды, – деді Ләззат Сүлейменқызы.
Еліміздің мұрағатшыларының қара шаңырағы өзінің 90 жылдық тарихында әртүрлі кезеңдерді бастан өткізгенін, тіпті дағдарыс жылдары бүкіл мұрағат, мұражайларымыз қаражатсыз қалғанда тек ынталы мамандар арқылы өзіміздің қажетті мұрамызды, құнды деректер мен құжаттарды сақтап қалғанымызды жеткізген Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев мұрағаттың бүгінгі жағдайына, алдағы атқарылатын іс-шараларға тоқталды.
– Ендігі міндетіміз қолдағы бар базалар, мұрағаттардың қорын нығайту, кеңейту. Екінші бағытымыз, барлық құжаттарды, қорларды сандық форматқа көшіру. Өйткені, кез келген маман қажетті тарихи деректерді іздейді ғой. Мәселен ол тек Батыс Қазақстан облыстық мұрағатында болса, 3 мың шақырымға бару үшін қаражат, уақыт керек. Сондықтан зерттеушілерге, студенттерге ыңғайлы жол табу мақсатында жарық көруге рұқсат берілген құжаттарды интернетке салсақ деген жоспарымыз бар. Ол біз үшін ауқымды жұмыс. Оған да уақыт, қаражат керек. Үкімет басшылары тарихи, мәдени, рухани қазынамызды сақтап қана емес, оларды ашық түрде азаматтарымызға, зерттеушілерге, жас мамандарға қолжетімді етуді түсініп, қолдап отыр. Осылайша, әр аймақтағы мұрағаттарды орталықтандырып, интеграция жасаймыз деп отырмыз, – деді төраға.
Сондай-ақ конференцияда қоғамның әлеуметтік-мәдени саласындағы мұрағаттың орны мен қызметі, мұрағат ғылыми-зерттеулердің дереккөздері, т.б. қадау-қадау мәселелер жайлы ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, мұрағат қызметкерлері баяндамалар жасап, пікірлерін ортаға салды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.