Парламент • 26 Ақпан, 2018

Туризмді дамытамын деп, қарызға батты

637 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Соңғы жылдары Қазақстан экономикасын диверсификациялау мәселесі көп көтерілуде. Осының бір бағыты – туристік саланы дамыту.

Туризмді дамытамын деп, қарызға батты

Елбасының Ұлт жоспарында көз­делген туристік индустрияны дамыту бастамасын жүзеге асыру үшін 2017 жылы Туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы да қабылданған болатын.

Осы шаралар еліміздің туризм сала­сында жұмыс атқарып отырған кәсіп­кер­лерімізге зор мүмкіндік ашуда. Бірақ, қабылданған көптеген құжаттардың ішінде осы игі шараларға өз кедергісін жасап отырған мәселелер де бар. Мысалы, 2016 жылғы 30 қарашада Салық кодексінің 342-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жерасты суларын өндіруге салынатын салықтың мөлшері 1 текше метрге айлық есептік көрсеткішпен саналатын болған. Яғни, санаторий-курорттық статусы бар сауықтыру орындары 1 текше метр суға шамамен 6 теңге төлесе, дәл сондай қызмет атқарып отырған санаторий ста­тусы жоқ жай демалыс орындары су салы­ғын 350 есе артық немесе әр текше метр суға 2121 теңге төлеуге міндетті болған.

 Осы мәселеге қатысты 2017 жылдың басында «Ақ жол» партиясына еліміздің туристік демалыс саласында жұмыс атқаратын бірқатар мекеменің, 30-дан астам шағын кәсіпкердің атынан шағым хаттары келіп түсті. Бұл хаттарда жергілікті мемлекеттік кіріс органдары осы демалыс зоналары санаторий-курорттық мекеме болып табылмайды деген сылтаумен әр кәсіпкердің мойнына 20 млн теңгеден астам салықтық қарызды артып, бүгінгі күнге айыппұлмен бірге ол 28 млн теңгеден асып кеткені айтылған.

Мұндай бас көтертпес сомалар мен салық органдарының іс қимылдары шағын демалыс зоналарының жабылуына әкеліп соғатынын және жүздеген жұмыс орындары қысқарып, Елбасы айрықша назар аударып отырған ішкі туризмді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту саясатына қарама-қайшы әрекетке жол берілетінін ескерткіміз келеді.

 Аталған мәселе бойынша «Ақ жол» партиясының 2017 жылғы 24 ақпанында Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдаған хатына «Шешім салалық министрліктердің тұжырымдамаларынан кейін қабылданады» деген жауап алған болатынбыз. 2017 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес, біз қозғаған мәселелер орын тауып, демалыс зоналары өндіретін жерасты суларына әділ ставкалар қойылғанын көріп отырмыз. Кәсіпкерлердің жағдайын түсінген мемлекеттік органдарға да ризашылығымызды білдіреміз. Алайда, қабылданған жаңа ставка жоғарыда аталған кәсіпкерлерге жеңілдік әкеліп отырған жоқ. Есептелген салық сомалары айыппұлдарымен бірге кәсіпкерлердің мойындарында тұр. Оның үстіне өсімі де күн санап артуда.

 2016 жылдың соңында санаторий статусы жоқ демалыс-сауықтыру мекемелеріне жоғары тарифтерді енгізу шешімі небәрі бір жылдан соң күші жойылып, ол шешімнің қате екендігіне бүгін көзіміз жетіп отыр. Сондықтан Салық кодексінің жаңа редакциясының нормаларында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қойылған шоттарды қайта есептеу қарастырылуы қажет деп санаймыз. Осындай шешім қабылданған жағдайда, ол туристік индустрияның дамуына жаңа серпіліс береді деген сенімдеміз.

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ,

Мәжіліс депутаты