Кеше «Риксос» қонақүйінің «Жерұйық» конференц залында Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан – Еуропа: ынтымақтастықтың нәтижелері және жаңа көкжиектері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оның жұмысына еліміздің мемлекеттік ведомстволары басшылары, депутаттық және дипломатиялық корпустың өкілдері, еуропалық, қазақстандық сарапшылар, Еуропа Одағына мүше елдер, ЕҚЫҰ-дан келген меймандар қатысты.
Форумды Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан мен еуропалық сыртқы саясат векторындағы байланыстарды жан-жақты сипаттап берді. Жасампаздықтың жиырма жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауындағы Қазақстан халқы қоғамның барлық саласында кең ауқымды реформаларды өрістетіп, жаңа тұрпатты мемлекет құрды. Бүгінгі күні халықаралық қоғамдастық елімізге Орталық Азиядағы тұрақтылықтың басты кепілі ретінде құрметпен қарайды. ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, ШЫҰ-ға төрағалық етуі, ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті, бұдан басқа да бірқатар сыртқы саяси шараларға бастамашы Қазақстанды сырттай қызықтаушы елден нақты үдерістердің қатысушысына айналдырды.
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екіжақты байланыс өзара түсіністікпен жалғасып келеді. Еуропалық парламент, Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі, НАТО бағыттары бойынша да өзара сенімділік, түсінік қалыптасқан. Осылардың ішінде ЕО-ның орны ерекше. Еуропа Одағы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, содан бергі мерзімде сауда-экономикалық ынтымақтастықтың және Қазақстанның еуропалық әріптестермен белсенді саяси үнқатысуы жаңа сапалық деңгейге көтерілді.
Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының жартысы және инвестициялардың үштен бірі ЕО елдерінің үлесіне тиеді. 1993 жылдан 2010 жылға дейінгі кезең ішінде Қазақстан экономикасына ЕО елдерінен тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 50 миллиард АҚШ долларынан асты. 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуроодақпен сыртқы сауда айналымы 25,4 миллиард долларға жетті. 2010 жылы бұл көрсеткіш 38 миллиард АҚШ долларын құраған болатын. ОПЕК елдеріне кірмейтін елдер қатарында Қазақстан ЕО-ға энергия тасымалдаудан Ресей мен Норвегиядан кейінгі үшінші ең ірі жеткізуші саналады.
СІМ басшысы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың практикалық қорытындыларын баяндағаннан кейін одан әрі 2010 жылы Қазақстан халқының көп бөлігі мұсылман болып табылатын бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігі мен Орталық Азия өңірі елдерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалық жасағанын, негізгі басымдықтар ретінде Астана өңірлік қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелерін айқындағанын, Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен жаңа мыңжылдықтағы алғашқы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу барлық бағыттардағы Ұйым қызметін жандандыруға және оған қатысушы елдердің өзара түсінушілігін нығайтуға маңызды үлес қосқанын атап көрсетті.
Еуропа елдерін Қазақстанның экономикалық және технологиялық даму деңгейімен қатар, негізгі сауда және инвестициялық әріптес ретіндегі тұрақтылығы да, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы үдерісі де қатты қызықтырады. Еліміз Сыртқы істер министрі адамзаттың қауіпсіздігі, есірткі бизнесі Қазақстан және Еуропа елдері үшін маңызды проблема болып қала беретінін, қауіп-қатерлерді бірлесе ғана жеңетінімізді, табиғаттың зілзала апаттары, ауа райының өзгеруі, миграциялық көші-қон мәселелері бойынша ұзақ мерзімді бағдарламалар, нақты іс-қимыл қажеттігін жеткізді. Сөзінің соңында конференцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Конференция бірнеше секциялар бойынша өтіп, өзекті мәселелер әңгіме тақырыбына айналды. Бірінші секция «Қазақстанның Еуроодақпен және Еуропа Кеңесімен әріптестік қарым-қатынасының саяси-құқықтық аспектілері» деп аталды. Онда бірінші болып Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов сөз алды. Ол Тәуелсіз мемлекетімізді құрудың алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңді еске түсіріп, Ата Заңды қабылдау кезінде еуропалық іс-тәжірибелер жан-жақты зерттеліп, шетелдік сарапшылар көп жәрдемдескенін ризашылық сезіммен жеткізді.
Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі және Конституциялық кеңесінің төрағасы Ролан Дюма Қазақстанды жақсы білетінін, ресми немесе жұмыс сапарларымен келгенін, сол кездері-ақ қоғамды демократияландыру үдерісінде үлкен өзгерістер жүріп жатқанын тілге тиек ете келіп, осы бағытынан таймаса әлі-ақ Еуропа төрінен ойып тұрып орын алатынына үлкен сенім білдірді. Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясы (Венециялық комиссия) қызметіндегі Қазақстанның рөліне жоғары баға берді.
Бас прокурордың бірінші орынбасары, Қазақстан – Еуроодақ Әділеттілік және құқықтық тәртіп жөніндегі кіші комитеттің тең төрағасы Иоганн Меркель өз сөзін «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасынан туындайтын ЕО және Еуропа елдерімен саяси-құқықтық әріптестік мәселелеріне арнаса, Франция Жоғарғы сотының мүшесі Р. Грасс Еуропа Одағының қалыптасқан сот жүйесі, құқықтық негіздері жайлы сөз етті. ЕО заңгерлерінің президенті Ж. Леммер әріптестік пен ынтымақтастықты жаңа келісімдер аясында өрістетуді ұсынды.
Форумның екінші сессиясының қарауына «Қазақстанның ЕО және Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығының негізгі бағыттары» деген тақырып ұсынылды. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин, сенатор Талғат Абайділдин конференцияға қатысушылар назарын парламентаралық дипломатия әлеуетін дамытудың маңыздылығына аударса, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаев, Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов, СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова талқыланған мәселелерді өз салаларымен байланыстыра өрбітті.
Үшінші сессия талқылауына ұсынылған «ЕО-мен және Еуропа елдерімен стратегиялық әріптестікті нығайту» атты тақырып та үлкен қызығушылық тудырды. Онда сөз кезегі бірінші болып Еуропа Одағы делегациясының басшысы-елші Норбер Жустенге тиді. Ол Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарды жетілдіру жолдарына, жаңа келісімдер бойынша жұмыс атқарудың маңыздылығына, 20 жылдық ынтымақтастық тәжірибелеріне, Орталық Азиядағы ЕО стратегиясының екіжақты, сондай-ақ өңірлік байланыстардың сапалық жағынан жаңа деңгейге көтерілгеніне тоқталды.
Бұдан кейін Франция, Италия, Испания, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілері сөз алып, Қазақстанның Еуропа бағытындағы сыртқы саясаты әртүрлі деңгейдегі белсенді саяси үнқатысуларға құрылғанымен, стратегиялық әріптестік туралы шарттарды және үкіметтік емес бағдарламаларды нақты іс жүзіне асыру жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияның түстен кейін өткен тақырыптық сессияларында Еуроатлантикалық және еуразиялық қоғамдастық жолындағы қауіпсіздік пен бірлік, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығу мәселелері талқыланды. Оған Сыртқы істер министрінің орынбасары – екі жақты байланыс жөніндегі ұлттық үйлестіруші Константин Жигалов, қорғаныс, қоршаған ортаны қорғау ведомстволары мен шетелдік өкілдер қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Мұнда алғашқы болып Литваның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Бернотас, ЕҚЫҰ Бас хатшысы кеңсесінің директоры П.Фритче сөз алды. Биыл Литваның ЕҚЫҰ-дағы төраға екені белгілі. Бұл ел төрағалық эстафетасын былтыр Қазақстаннан алды. Форумда елші еліміздің өткен жылғы төрағалығына жоғары баға беріп, биыл Литваның да Ұйымның жұмысына тың серпін беруге ұмтылып отырғанын айтты. Осы жерде ол Қазақстанның Қырғызстандағы жағдай, Таулы Қарабақ, Молдовадағы проблемаларды шешуге атсалысқанын айтып, өз елінің сол кезде біздің елімізден көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинағанын атап көрсетті.
П.Фритче де литвалық дипломаттың сөзіне қосылатынын, Қазақстанның Азиядан Ұйымға төрағалық жасаған алғашқы ел ретінде оның тамырына қан жүгірткенін, соның нәтижесінде Еуропаның дамыған деген елдері өздері құрған шаңыраққа жаңа көзқараспен қарауды бастағанын көлденең тартты. Қысқасы, ол еліміздің былтыр дер кезінде Ұйымға төрағалықты қолға алғанын, қазір барлық елдер ЕҚЫҰ-ның міндеті мен қызметін жетілдіріп, өзара ынтымақтастықты нығайта беруі керектігін жеткізді.
Одан әрі ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығы басшысының міндетін атқарушы Ж.Клетцер сөз алып, ол да еліміздің былтырғы төрағалығына жоғары баға берді. Сонымен бірге, Еуропа Одағы мен Қазақстанның ынтымақтастығына байланысты көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. Еліміздің халықаралық аренадағы беделіне, ұстанған саясатына ризашылығын білдіріп, Еуропаның кейбір елдерінің Қазақстаннан үйренері бар екеніне екпін түсірді. Конференцияда біздің тарапымыздан бірнеше министрліктің өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері де өз ойларымен бөлісті. Қорғаныс министрінің орынбасары Т.Жанжүменов еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмысын айтса, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Р.Бөлтіріков еліміздің экология саласындағы қызметіне кеңірек тоқталды. Сол сияқты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы Б.Сомжүрек, Жоғарғы Соттың судьясы Ж.Бәйішев, т.б. адамның бостандығы мен құқы, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынасты дамыту мәселелері жөнінде баяндама жасады. Конференцияны еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары – екі жақты байланыстар жөніндегі ұлттық үйлестіруші Константин Жигалов қорытындылады.
«Қазақстан – Еуропа: ынтымақтастықтың нәтижелері мен жаңа көкжиектері» халықаралық конференциясына қатысушылар еркін ой-пікірлер алысып, өзекті проблемаларды шешудің нақты жолдарын жан-жақты қарастырғанын айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ, Дастан КЕНЖАЛИН.-------------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.