![Үкімет үйі](http://old.egemen.kz/2011img/%D2%AE%D0%BA%D1%96%D0%BC%D0%B5%D1%82-%D2%AF%D0%B9%D1%965.jpg)
СҮТ КЛАСТЕРІ БАҒЫТЫНДАҒЫ «ШЫҒЫС СҮТ»
Нарықтың өтпелі кезеңінде Кенді Алтайдағы сүт зауыттары қиыншылықтарға шыдай алмай бірінен кейін бірі жабыла бастады. Тіпті Өскемендегі бір кездері тәулігіне 420 тонна сүт өнімдерін шығаратын сүт зауыты 1995 жылы жабылып қалды. Зырян, Үлкен Нарын, Үржар, Самардағы кәсіпорындар да проблемалар шырмауында қалды. Не істеу керек?
Сейілжан Сайлаубаев осыдан 12 жыл бұрын Ұлан ауданы Васильевка ауылындағы сүт зауытын сатып алып, қаржы салып, сүт өнімдерін өңдеп, сары май, ірімшік, қаймақ, сыр өнімдерін шығаруды қолға алады. Бұдан кейін Ұлан ауданындағы Украинка, Глубокое ауданының Уварово ауылындағы сүт зауыттарына жан бітіре бастайды. Үржар мен Зыряндағы сүт зауыттары да іскер азаматтың ізденісі мен белсенділігі нәтижесінде қатарға қосылып, жаңадан жұмыс орындары ашылды.
Үстіміздегі жылдың 25 наурызында Елбасы Н.Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына сапары кезінде қанатын кеңге жайған, индустриялық-инновациялық бағытта жұмыс жасап жатқан «Шығыс-сүт» корпорациясының жаңа сүт зауытына келді. Жоғарыда аты аталған сүт зауыттарының басын қосып, екі мыңға тарта адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған корпорация 1995 жылы жабылып қалған сүт зауытын қайтадан жаңғыртып, банктен 1,2 миллиард теңге несие алып, оны Италия, ГФР, Беларусь елдерінің қуатты да тиімі технологиясымен жабдықтады. Кәсіпорынның бірінші кезегі іске қосылғанда тәулігіне 70 тонна шикізат, 140 тонна дайын өнім шығарады. Қажетті сүт өнімдерімен Ұлан, Көкпекті, Зырян аудандарындағы 13 шаруа қожалығы қамтамасыз етуде. Ол ол ма, корпорацияның өзі де сиырларын асылдандырып, мал басын көбейтіп жатыр.
Елбасы Н.Назарбаев жаңа сүт зауытын аралап көрді, осы жиынға арнайы келген шаруа қожалықтары иелерімен, кәсіпорын жұмысшыларымен емен-жарқын әңгімелесті. Еліміз тәуелсіздік алғалы жиырма жыл. Осы уақыт ішінде талай тар жол, тайғақ кешуден өттік. Қиындықтар арта қалды, енді алға батыл жылжу керек. Қашанғы ет пен сүт өнімдерін алыстан таси береміз? Мал тұқымын асылдандыру, сүт кластерін дамыту қажет. Өскемендегі сүт зауыты кластер арқылы жүзеге аспақ. Тамаша, оны қолдаймыз. Өңір басшысы Б.Сапарбаевқа Шығыстың шырайын одан әрі көркейту үшін ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту жөнінде нақты тапсырма бердім, деген Елбасы бұдан кейін кәсіпорын басшысы Сейілжан Сайлаубаевқа бірнеше сауал қойды.
– Өздеріңізде мал өсіріп, шабындық пен жайылымдықтың көлемін ұлғайтып жатқан боларсыздар – деді Елбасы.
– Әрине! Қазір бізге қарасты қожалықтарда 6 мыңға тарта ірі қара, екі мыңдай сауын сиыр бар. 16 мың гектар жайылымдық, 17 мың гектар егістікті жаңа технология бойынша күтіп-баптаймыз. Біздің өнімдерді Алматы облысы, Өскемен мен Семей, Ресейдің Алтай өлкесі тұтынып отыр. Сүт кластерін құру, жаңа сүт зауытының серпінді жобалар қатарына енуі кәсіпорынның көкжиегін кеңіте бермек. Өскеменнің – 1200, ал Семейдің 500 дүкені біздің өнімдерді сатып алуда. Жұмысшылардың жалақысы жақсы, олардың әлеуметтік жағдайларына көңіл бөлеміз, – деді Кенді Алтайдағы сүрініп тұрған сүт зауыттарына екінші тыныс ашқан ірі кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Сейілжан Сайлаубаев.
Кейінгі он жылда «Шығыс сүт» корпорациясы талай халықаралық, республикалық, облыстық жәрмеңкелерде алтын белгімен марапатталды. Жақында ғана Асхат Жұмаділов жетекшілік ететін Украинка сүт зауыты республикалық жарыста топ жарып, «Крестьянское», «Васильевское», «Асханалық», «Янтарь» майы мен балқытылған сыр өнімдері, қатық және сүзбе тағамы аса жоғары сапа белгісі және бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Зырян, Үржар, басқа сүт зауыттары да өндірген өнімдер халықтың сұранысына ие.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.Шығыс Қазақстан облысы.