– Қайрат Орынбайұлы, бұл қорды не мақсатпен құрдыңыздар және немен айналысады?
– «Уақып» қоры коммерциялық емес қайырымдылық көрсететін ұйым. Негізгі миссиясы – жеке және заңды тұлғалар тарапынан жиналған қаржымен қайырымдылық жасап, әлеуметтік жобаларды қолдау. Мақсатымыз – аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету, бұқараның діни сауатын арттыруға көмектесу, радикализм мен діни экстремизмнің алдын алу, діни мекемелер мен оның қызметкерлерін қолдау.
– Қор өткен жылдың шілде айында тіркеліпті. Содан бері қандай жұмыстар атқарылды?
– Еліміздегі діни қызметкерлерді қолдау қордың басты бағыты дегенді жаңа айттық. Өйткені, діни қызметкерлер бюджеттен айлық алмайды. Әсіресе, шалғай ауыл имамдары қаржыға мұқтаж. Қор осы орайда, алыс ауылдарда тұратын 250 діни қызметкерге, теріс ағыммен күресуші теологтарға жалпы сомасы 31 миллион теңгелік әлеуметтік көмек көрсетіп, 90 діни қызметкерді экстремизм мен радикализмге қарсы біліктілік арттыру курсына жіберді. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады.
Бұның сыртында ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін жетілдіру ислам институтына 16 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Ақтөбе қаласының мешітіне «Hyundai Creta» жеңіл көлігі берілді. Кедей отбасылардан шыққан бес студентке «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алу үшін қаржылай көмек берілді.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында өткен жылдың қазан айында Жамбыл облысының Қордай ауданында қазақ күресінен, қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысында тоғызқұмалақтан турнир өткіздік.
Жақында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымовпен кездесіп, Федерация тарапынан дін қызметкерлеріне еліміздегі демалыс орындарына жеңілдікпен жолдама беру мәселесін шештік.
Келесі бір атап өтуге тұратын дүние – қор бастамасымен жастардың адамгершілік қабілетін арттыруға бағытталған әлеуметтік роликтер әзірленіп, «Қайран өмір» атты қысқа метражды фильм түсірдік. Осының жалғасы ретінде дәстүрлі ислам құндылықтарын және ата-баба мұраларын насихаттауға арналған толық метражды фильмнің түсірілімі жүріп жатыр.
Елордалықтар үшін жағымды жаңалық: өткен жылы Астана қаласы Петров көшесінде орналасқан «Сұлтан» сауда орталығында зейнеткерлер мен мұқтаж жандарға сүт пен нан тегін таратылған еді. Бұл акция биыл да жалғасын тауып, әр аптаның жұма күні сағат 12:00-15:00 арасында өткізілуде.
– Сіз адам қуанарлық мәліметтер айттыңыз. Құтты болсын! Қор арқылы қайырымдылық жасауға ниет еткен азаматтар болса қаржысын қалай аудара алады?
– Қорға қаржыны аударудың бірнеше жолы бар. Әуелі «Қазақстан халық банкі» АҚ-та ашылған есеп-шотқа жолдай алады. Тиісті реквизиттер қордың ресми сайтында (www.waqyp.kz) тұр. Сонымен қатар қор кассасына барлық қоғамдық орындарда орналасқан QIWI терминалдары арқылы аударуға болады. Мұнан бөлек қордың мобильді қосымшасы жасалуда. Осы жүйе арқылы онлайн режімде ақша аудара аласыз.
– Өткен жылдың соңында қор Ақтөбе қаласындағы колледж-медресе құрылысына қатысқаны жайлы хабардармыз. Осы жобаны іске асыруда қандай жұмыстар атқарылды?
– Шын мәнінде бұл еліміз үшін өте қажет жоба-тын. Қала әкімдігі сіз айтып отырған білім ордасының құрылысына бес гектар жер бөліп, құрылысын 2020-2021 жылдарға қарай аяқтау жоспарланыпты. Бірақ колледж-медресе Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру лицензиясын әлдеқашан алған екен. Біздің қор білім ордасы аумағында діни қызметкерлер мен мұқтаж жандарға арнап, төрт подъезден құралған үй салмақпыз. Жұмыс сәтті жүріп жатса, мұндай жобаларды Астана және Алматы қалалары, Қызылорда облысында іске асыру жоспарланып отыр.
– Қордың қаржылық бақылау тетігі қалай ойластырылған?
– Жұмыс барысында қолдағы қаржыға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, қайырымдылық шараларының тиімділігі және қаржының тиімділігі бақыланып отырады. Бұл жұмысты қордың менеджерлері өңірдегі дін істері басқармалары және діни бірлестік өкілдерімен бірлесіп жүргізеді.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»