25 Қараша, 2011

Вагондар сатып алды

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамды жаңар­ту бағдарламасын  іске асыруды жалғастыруда. Жолау­шылар вагон паркі 12 купелік вагондармен толықтырылды, оның ішінде 2 вагон штабтық  – олар мүмкіншілігі шектеулі жандар мен оларды алып жүрушілерге арналған.

Жаңа  вагондар  сапардың  жайлылығын қам­тамасыз етеді. Темір жол көлігі қауіпсіздік және сапа жағынан барлық халық­аралық стандарттарға сай.  Жылжымалы құрамды өн­діру кезінде заманауи, экологиялық таза және  жануы қиын материалдар пайдаланылған.

Ұлттық тасымалдаушы мүм­кіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай жасауға көңіл бөлуде. Осыған орай, компания мүгедектер мен оларды алып жүрушілерге  арналған 2 штабтық купе вагондарына тапсырыс берді. Олар арбада отырған мүгедекті пойызға отыр­ғызып, түсіретін авто­мат­ты көтергіш құралдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, вагонның тамбуры, дә­лізі, купесі және  санитарлық торабы   кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жанның өздігімен қоз­ғалуына кедергі жасамайды.

Құрамдар экологиялық таза дәретханалармен, аудио және бейнетасымалдау жүйелерімен, желдеткіш­термен, жылу және өрт сөндіру дабылдатқыш­тарымен қамтамасыз­данды­рылған. Вагондарда қысқатол­қынды пеш, тоңа­зытқыш, сонымен қатар ақпа­раттық табло, әр купеде теледидар орнатылған. Купелік ва­гон 40 орынға, купелік штаб­тық – 34 орынға есептелген.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2012 жылы 180 заманауи вагонды сатып алуды жоспарлап отыр, бұл өз кезегінде  халықтың те­мір жол көлігімен жолаушылар та­сы­­малына деген сұранысын қа­нағат­танды­рады.

«Егемен-ақпарат».