Аймақтар • 27 Ақпан, 2018

Италияның сарапшы ғалымдары оралдық жастармен кездесті

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы «Bastau» coworking орталығында Италиядан келген бір топ сарапшы ғалым орталық жұмысымен танысып, арнайы пікірталас алаңында жергілікті жастармен жүздесті.

Италияның сарапшы ғалымдары оралдық жастармен кездесті

Бастан аяқ ағылшын тілінде өткен шараны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғабидолла Оспанқұлов жүргізді. Пікір алаңына негізгі спикер ретінде қатысқан Италияның Пиза қаласындағы СантАнна университетінің ректоры Перрата Пьердоминико, «Валагро Дижи групп» компаниясы бас директоры Отторино Ла Рокка, «Ди Джи Импианти (DG Impianti)» компаниясы бас директоры Палоццо Уильям мен бас атқарушы директоры Микеле Анжело Торторелла, «Italfluid – DG group» бас директоры Галлетта Антонино, «Каспиан Проджер» компаниясының бас директоры Криши НиГаетано сөз сөйлеп, еліміздің білім саласындағы оң өзгерістерге ризашылық білдірді.

Италияндықтар Орал қаласында тек жүрген жоқ. «Каспиан Проджер» компаниясының бас директоры Криши Нино Гаетано осыдан бірнеше жыл бұрын Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті жанынан «Арман зертханасы» («Лаборатория Мечта») атты студенттік үйірме құрып, техникалық сала студенттері мен магистранттарын қазіргі заманғы өндіріс орындарында тәжірибеден өткізу жұмысын бастаған. Бұл жолы да итальяндық қонақтар Қазақстанға, соның ішінде жергілікті Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде зертхана ашу мақсатында инвестиция бөліп, көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ.

Меймандар Қазақстанда қолға алынған Рухани жаңғыру бағдарламасынан да хабардар болып шықты. Мәселен, италяндық делегация жетекшісі Перрата Пьердоминико бағдарламада айтылған алты принциптің бірі – Білімнің салтанат құруының маңыздылығына ерекше тоқталып, Қазақстанның дұрыс даму бағытында екенін атап көрсетті. Ал Отторино Ла Рокка Қазақстанға алғаш аяқ басқан 2001 жылды еске алып, содан бері елімізде білім саласында оң өзгеріс көп болғанын айтты. «Қазір жүзеге асып жатқан Рухани Жаңғыру бағдарламасы адами капитал сапасын арттыруға оң септігін тигізеріне сенім білдіремін» деді шетелдік мейман.

Италяндық ғалымдармен болған кездесуге Орал қаласы ЖОО-ларында білім алып жүрген болашақ инженерлер, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»