25 Қараша, 2011

Кәсіпорын пороллон шығарады

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында көптеген жаңа кәсіпорындар мен әлеумет­тік-мәдени нысандар пайдалануға беріліп, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыра түсуде. Жақында Ақтөбе қаласында тағы бір тың жоба жүзеге асырылып, пороллон және қайталама пороллон бұйымдарын шығара­тын зауыт іске қосылды. Бұл кәсіп­орын ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына орай облыс­тың үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында пайдалануға берілді. Жобаны «Южпромснаб» ЖШС жүзеге асырды. Серіктестік директоры Светлана Зоткинаның мәлімдеуінше,  бұл зауыт Батыс Қазақстан­дағы теңдесі жоқ бірегей кәсіп­орын. Жобаны жүзеге асыруға серіктестік өзінің 82,4 млн. теңге қаржысын салыпты. Жобалық қуаты жылына 10 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік беретін зауытта жаңадан 10 жұмыс орны ашылды. Зауыттың қон­дырғылары да, шикізаты да Ресейдікі. Мұнда жұмыс істейтін маман жұмысшылар Ресейдің Ижевск қаласында тәжірибеден өткен. Кәсіпорын өзін үш жылда ақтайды деп күтілуде. Зауыт­та шы­ғарылатын жұм­­сақ пенополиуретан  жи­һаз, автомобиль  жә­не әуе көліктері­нің орын­дықтары өн­ді­рісіне таптыр­май­тын материал, сон­дай-ақ, оны жұмсақ ойын­шықтар мен спорт­тық төсеніш­тер жа­сауға пайдала­нуға да болады.  Зауыт­тың тұсаукесе­рінде сөз алған Ақ­төбе қала­сының әкі­мі Нұр­мұхамбет Әб­дібеков бұл жо­баны шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамы­тудың тамаша үлгісі ретінде бағалады. Шаһар басшысы жыл аяғы­на дейін осындай 20 нысан пайдалануға берілетінін, 800-ден астам жұмыс орын­дары ашылатынын жеткізді. Зауыттың бас технологы Александр Буданов өндіріс үдерісімен таныстырып, алғашқы өнімді шығарып, ұсынды. Бұған дейін пороллонды Ресейден алып келген ақтөбелік жиһаз құрастырушылар енді бұл өнімді алыстан арбаламай, өзімізден ала алатын болды. Шағын болса да өнімдеріне сұраныс жоғары кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеп кететініне сенім мол.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Ақтөбе облысы.