Бүгінде цифрлы технологиялар халықтың тұрмыс-тіршілігіне дендеп еніп, уақыт өткен сайын оның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұрын апталап күтіп, әрлі-берлі сабылтатын жұмыстарды қазір бір жерде жылдам жүзеге асыруға, кейбір құжаттарды тез арада ресімдеуге жұрт та бейімделе бастаған.
Бір ғана мысал келтірейік. Осыдан бірер ай бұрын ғана елордада 600-ге жуық нәресте туу туралы куәліктерін электронды үкімет бұрышында алды. Астанадағы перзентханалар мен перинаталды орталықтарда ашылған электронды үкімет бұрыштары осылайша ата-аналардың жұмысын біраз жеңілдетіп берді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтауды цифрландыру аясында алдағы уақытта жасанды интеллекті қанатқақты жобасын енгізу жоспарланып отыр екен. Сәл кеңірек баяндар болсақ, жыл соңына дейін Біртұтас интеграциялық платформа іске қосылып, соның аясында әрбір азаматтың электронды денсаулық төлқұжаты тіркеледі. Медициналық сақтандыру қорының, дәрі-дәрмекпен қамту саласының және басқалардың жұмысы автоматтандырылады. 2019 жылдың алғашқы күнінен бастап денсаулық сақтау мекемелері электронды амбулаторлық карта, науқастың электронды ауру тарихы, электронды рецепттің көшірмесі сынды ұғымдар қолданысқа еніп, медициналық құжаттама түгелдей қағазсыз ресімделуге тиіс.
Ішкі істер министрлігі қолға алған мына бір бастама көлік тізгіндеуді жоспарлап жүрген жандарды қуантып тастағанын айта кетейік. Алдағы сәуір айынан бастап азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін автомектептерге жазылып ақша шығындамайды, уақыт та үнемдейді. Әр адам жол ережесін өз бетінше үйрене алады. Олар өздері дайынмын деп шешкен уақытта Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, емтихан тапсырады.
– Егер халыққа қызмет көрсету орталығында емтиханнан сүрінбей өтсеңіз, мотоцикл, жеңіл көлікке қажет «А» және «В» санаттарындағы жүргізуші куәлігін бірден аласыз. Ал тәжірибеңіз аз болса, тек теориялық сұрақтарға жауап бересіз,– дейді Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Қазір жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте екі жарым ай тәжірибелік және теориялық білім алу қажет екендігін, әр сабаққа ақша төлеу керектігін ескерсек, бұл жұртшылық үшін үлкен жеңілдік екені сөзсіз.
Ел азаматтарына басқа да құжаттарды жасату мерзімінің өзі уақыт өткен сайын қысқарып келе жатқанын айта кетейік. Мәселен, сәуір айынан бастап Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі шаһарларда жеке куәлік пен төлқұжатты екі күннің ішінде алуға болады.
Алматыда жол ережесін бұзғандарға «Е-айыппұл» салынады. Өткен жылдың соңында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мегаполис жүргізушілерінің құжаттарын азайтуға көмектесетін қанатқақты жобаны іске қосты.
Олардың техникалық төлқұжат, сақтандыру полисі сынды деректері ЖСН арқылы планшеттен тексеріледі, автокөлік иесінің қолында жүргізуші куәлігі болса жеткілікті. Салынған айыппұлды POS-терминал арқылы төлеуге мүмкіндік жасалған.
«Е-айыппұл» жобасын қызу қолдаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек патруль қызметкерлерін тиісті планшеттермен, мобильді термопринтерлермен қамту үшін қаражат табу туралы тапсырма берді. Қазақстанды цифрландыру бюрократиялық кедергілерді жою, жемқорлықты азайту үшін жасалып жатыр. Сол себепті біз мұндай жаңашылдықтарды қолдаймыз, дейді ол.
Жалпы, қазіргі таңда елімізде кез келген саланы цифрландырудан тыс қалдыруға болмайтынын бүгінгі өмір талабы, дамыған елдердің тәжірибесі айқын дәлелдеп отыр. Өмірді жеңілдетіп, тұрмыс сапасын жақсартатын жаңалықтарға жұртшылықтың өзі де әзір екені байқалады. Жаңа цифрлы технологиялар басқа секторлармен салыстырғанда қаржы саласында қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Мәселен қазір елімізде 7 миллионнан астам адам қашықтағы банк жүйелерінің қызметін пайдаланады екен. 2017 жылы интернет және мобильді құрылғылар арқылы жасалған төлемдердің көлемі 2 еседен артық өсіпті. Заңды тұлғалар төлемдерінің 70 пайыздан астамы қашықтағы желілер арқылы төленетінін де атап өту керек.
Цифрландыру аясында стартап-жобаларды жүзеге асырудағы Astana Hub IT-стартаптар технопаркінің атқарып жатқан жұмыстарын айтпай кете алмаймыз. Таяуда ғана IT-стартаптар технопаркінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен «Garage» жобасы іске қосылды. Қоғам үшін тиімді, бәсекеге қабілетті деген стартап-жобалардың аяқтан тік тұрып кетуіне ықпал жасайтын «Garage» IT салада бағын сынауға бекінген жас кәсіпкерлерді тегін тәрбиелейді, басқару ісіне, өнім шығару және маркетингтік жұмыстарға машықтандырады. «Garage» қанатының астына алған стартап жобалардың арасында BBABY – балалар тауарларының, балаларға арналған шаралардың маркетплейсі, яғни электронды алаңы; WellMed – пациенттерді, дәрігерлерді және клиникаларды біріктіретін тұғырнамасы, автокөлік жүргізушілеріне қызмет көрсетуге арналған және басқа да стартап-жобалар бар.
Қазақстан әлемдегі алғашқы 20 елдің қатарында өзінің цифрландыру бағдарламасын қабылдады. Оны табысты жүргізген жағдайда еліміздің сауда нарығындағы электронды сауда үлесі қазіргі 0,8 пайыздан 2,3 пайызға, халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануы қазіргі 35 пайыздық көрсеткіштен 80 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Цифрлы технологияларды жеткілікті дәрежеде меңгерӨген халықтың үлесі 81 пайызға көтерілуге тиіс. Елбасы Н.Назарбаев жауапты лауазымды тұлғаларға қадап ескерткендей, цифрландыру – «білімді ғана емес, шопандар да түсіне алатындай тәптіштеп түсіндіруді» қажет ететін жұмыс. Президенттің сөзі цифрландырудың жаңалықтарын, игіліктерін әр адамның санасына ыңғайлы етіп түсіндіру керектігін білдіреді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»