Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұрмыстың жоғары деңгейіне қарамастан, адамдар күйзелістен, уайымнан, жүйке ауруларынан зардап шегуде дегенді айтады. Ал бақыт дегеніңіз тіпті көкжиектен де көрінер емес. Сонда оның сыры неде?
Біз таңдаудың көптігіне әбден дағдыланып алдық және оның өзін өркениет жетістіктерінің бірі деп санаймыз. Бірақ қайшылық сонда, таңдаудың шамадан тыс көптігі қанағаттанушылық тапшылығына апарып соқтырады екен. Дәлірек айтқанда, таңдаудың көптігі бізді бақытсыз ете түседі. Өйткені адамдар дәл осы затты сатып алуым дұрыс болды ма, әлде басқасын алуым керек пе еді, қателескен жоқпын ба деген сияқты күмәнді ойларға беріледі. Тамақ түрлерінің мол болуы оны соншалықты дәмді ете алмайды. Ресторандарда тағамды шағын ғана порциямен беретіні де сондықтан болса керек, сонда ол дәмдірек болып көрінеді.
1970 жылы Мичиган университетінің психологы Филип Брикман лотереядан ұтқан, аяқ-қолдары жансызданып қалған және дендері сау қарапайым адамдардың бақыттылық деңгейінің бірдей екенін дәлелдеген. Бұл бақытты болуға сыртқы емес, ішкі факторлардың ықпал ететінін көрсетеді. Өйткені қанағаттанушылық сезімі гормондар кешеніне, оның ішінде эндорфиндерге байланысты пайда болады екен.
Ғалымдар біз өмір сүріп жатқан жүйенің өзі адамдарды бақытсыз қылуға бағытталған деп есептейді. Жылтыр мұқабалы журналдар, әлеуметтік желілер, қолжетімді несиелер адамдарды, бір кино кейіпкерінің сөзімен айтқанда, өздеріне ұнамайтын адамдарға әсер ету үшін қолда жоқ ақшаға өздеріне қажет емес заттарды сатып алуға итермелейді. Басты мақсат – өзгелерден артығырақ болып көріну, ал ақша бұл жерде негізгі құрал. Бірақ ақшасы біздікінен әлдақайда көбірек, ал машинасы әлдеқайда қымбатырақ тұратын адамдар әркезде де табылады...
Сонымен бақытты болу үшін не істеу керек?
Гарвард университетінің 75 жыл бойы көңіл күй денсаулығына жүргізген зерттеулерінің нәтижесі айналаңдағы адамдармен жылы жүзді қарым-қатынас орнатудың бақытты өмірдің негізі болып табылатынын көрсеткен. Егер өздері сұрамаса ешкімге кеңес берме, көбірек тыңда, адамда құлақтың екеу, ал ауыздың біреу ғана болуы тегіннен-тегін емес. Адамдардың сенің көңіліңнен шыға бермейтінін, әркімнің өз қалауынша өмір сүретінін түсіну қарым-қатынастарды жақсартуға септеспек. Өзгелердің өміріне араласпауға тырыс, өйткені әлдекімдермен әлектеніп жүргенде сен өз өміріңді зая қыласың.
Психолог Элизабет Данн 600 америкалыққа сұрау сала отырып, ақшасын қайырымдылыққа және достарына сыйлықтар сатып алуға жұмсайтын адамдар тек өздерін ғана қамтамасыз ететіндерге қарағанда, бақыттырақ деген қорытындыға келген. Ал Джон Хопкинс университеті 2004 жылы волонтерлік қызметтің, бізше айтқанда, өз еркіңмен адамдарға қызмет көрсетудің қартаюды баяулата отырып, адамның ақыл-ой және дене дамуы процестеріне қолайлы әсер ететінін дәлелдеген.
Психология профессоры Михай Чиксентмиайи көп жылғы зерттеулер нәтижесінде адамдардың демалыс кезінде емес, өз идеясын жүзеге асыра отырып өміріндегі ең бақытты сәттерді бастан өткеретінін анықтаған. Жаңашылдық қызмет адамның түр ретінде тіршілік етуіне көмектесетіндіктен жаңалықтар ашу үстіндегі жұмыс орасан зор қанағаттанушылық туғызады екен. Өйткені өз жұмысында нәтижеге жету арқылы адам бойында біртіндеп өзінің құндылығын түсіну сезімі қалыптаса бастайтын көрінеді.
Әңгіменің тоқетері, адам бақыттың ақшаға да, қымбат дүниелер сатып алуға да байланысты емес екенін түсінуі керек. Ол адамның жолы болуының, яғни сәттіліктің немесе жағдайлар ағымының да нәтижесі емес. Осы күнге дейін бірде-бір данышпан бұл мәселеде нақты қорытынды жасай алмаған. Ең бастысы, бақыт дегеніміз – шеті мен шегі жоқ таусылмайтын жол.
Соған қарағанда, адамның бақытты болуы да оның сол жолды дұрыс жүріп өте білуіне байланысты болса керек.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»