Кезінде КСРО мен Жапония арасында қырғи-қабақ соғыс тұтанғанда тап осы Анивадағы корейлер Қазақстанға жер аударылған екен. Кеңес өкіметі оларға сенбеген.
– Біздің ата-бабаларымызды бүкіл Сібірдің үстімен тозығы жеткен эшелонға тиеп Қазақстанға жеткізіпті, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысындағы корей этномәдени орталығының төрайымы Светлана Пак. – Беймарал, дайындықсыз жүрген жерінен ұстап, қарумен қорқытып эшелонға қамаған ағайындарымыздың жартысы жолда аштық пен суықтан қырылып, сүйектері шашылып қалды. Қазақ жеріне осылай келдік. Ата-аналарымыз «сендердің өмірлерің үшін қазақ халқына қарыздармыз» дегенді жиі айтатын. Жас болдық, мәнін көп түсінбеппіз. Біз ғана емес Қазақстанға айдаумен келген барлық этнос өкілдері осы азапты бастан кешірді. Бауырмал қазақ халқының арқасында аман қалдық. Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз. Сондықтан да жүрек қалауымызбен Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнаттық. Бұл аш-жалаңаш, азып-тозып келген түрлі этносқа құшағын ашқан, қолындағы жарты нанын бөліп беріп, үйінің төрінен орын берген қазақ ұлтына құрметіміз.
Тап осыған мағыналас пікірлерді Қап тауынан жер аударылған ағайындар да жүректері жылап тұрып айтады.
Атаулы дата қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мерекелік шараларды жаңа мазмұнда өткізуге бастамашы болды. Іс-шара 10 күнді қамтиды.
Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов хабардар етті.
Оның айтуынша, он күндік мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге арнайы атаулар берілген.
Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының толыққанды жаңарған этнокартасы дайындалып, өңірдегі ассамблея қызметі туралы кітап әзірленетін болады. Сондай-ақ биыл бес аудан, қала аумағында «Достық» үйлері ашылады. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әр этностың бренді» жобасы аясында ассамблея алаңында тұрақты шеберлік дәрістері мен ашық көрмелер ұйымдастырылмақ.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы