25 Қараша, 2011

Төрағалыққа қайта сайланды

305 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының кезекті отырысы болып, онда палата бюросы ұсынған күн тәртібі қаралмас бұрын ұйымдық мәселелер қаралды. Оны Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин ашып, жүргізіп отырды. Ол алғашқы сөзді отырысқа қатысып отырған Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусинге берді.

Аслан Есболайұлы өзінің Сенатқа Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  тапсырмасымен кел­генін айтты. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциясының 50-бабы 2-тармағына сәйкес, мерзімдері аяқталған Сенат де­путаттарының орнына Президент Жарлығымен басқа депутаттар тағайындалды. Соның ішінде Мұхтар Алтынбаев, Берік Имашев, Қайрат Мәми және Бауыр­жан Мұхамеджанов қайтадан, ал Икрам Адырбеков, Ерлан Нығ­ма­тулин және Людмила Полторабатько жаңадан тағайындалды, деді. Сондай-ақ Аслан Мусин өкі­летті мерзімдері аяқталған Нұрлығайым Жолдасбаева, Мұ­хамбет Көпей және Қуаныш Сұлтановқа мемлекеттік қызмет­тегі ұзақ жылғы жемісті еңбек­те­рі үшін Елбасының атынан алғыс айтатынын жеткізді. Одан әрі Президент Әкімшілігінің Басшы­сы Парламент және оның депу­тат­тарының мәртебесі туралы Конституциялық заңның 9-ба­бы­на сәйкес Елбасы Н.Назарбаев Сенат Төрағасы қызметіне Қай­рат Мәмидің кандидатурасын ұсы­натынын жариялап, депутат­тардың қолдауларын өтінді.

Сенаторлар, регламентке сәй­кес, алдымен санақ комиссиясын сайлап, одан соң ұсынылған кан­дидатураны дауыс беру бюллетеніне енгізіп, жасырын дауыс беру тәртібімен сайлау өткізді. Сайлаудан кейін сөз алған санақ комиссиясының төрағасы Болат Жылқышиев Қайрат Мәмидің бірауыздан сайланғанын жария­ла­ды. Төрағалық орындыққа отыр­ған соң Қ.Мәми өзіне сенім көрсеткен Елбасыға және қолдау білдірген әріптестеріне алғысын айтып, алдағы уақытта да абырой биігінен көрінуге жұмыс істейтінін жеткізді. Ал өкілеттік мерзімдері аяқталған М.Көпей, Қ.Сұл­танов және Н.Жолдасбаева ал­ды­мен үлкен сенім көрсетіп, өздерін сенаторлыққа тағайындаған Ел­ба­сына, сосын бірлесе жұмыс істеген әріптестеріне, аппарат қыз­меткерлеріне ризашылықтарын білдіріп, сенаторлармен қош­тасты.

Сенат Төрағасы Қ.Мәми өкі­леттігі аяқталған М.Көпейдің ор­нына Сенат Төрағасының орын­ба­сарлығына Қайрат Ищановтың кандидатурасын ұсынды. Регламентке сәйкес, ашық дауыс беру тәртібімен сайланатын орын­ба­сарлық қызметке Қ.Ищанов бірауыздан сайланды.

Осыдан кейін депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға кірісті. Алдымен Мәжіліс мақұл­даған Қазақстан мен Беларусь Үкіметтері арасындағы азамат­тық қорғаныс, төтенше жағдай­лардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақ­тас­тық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қа­ралды. Бұл туралы Төтенше жағ­дайлар министрі В.Божко және сенатор Ғ.Қасымов баяндады. Заң бірауыздан қабылданды.  Келесі мәселе Мәжіліс мақұл­даған мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар ту­ралы конвенцияны ратификациялау туралы заңның жобасы жө­нінде болды. Бұл мәселе бой­ын­ша негізгі баяндаманы жасаған Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммедке де, қосымша баяндама жасаған сенатор Ж.Ерға­лиевке де ешқандай сұрақ болмай, заң бірауыздан қабыл­данды.

Үшінші және төртінші мәсе­лелер Кеден одағына қатысты шарт пен келісімді ратификациялау туралы заң жобаларына ар­нал­ды. Алғашқысы Кеден ода­ғына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қыл­мыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту ерекшеліктері ту­ралы шартты, екіншісі осы істер бойынша құқықтық көмек және өзара іс-қимыл туралы келісімді ратификациялауды қарастырады. Негізгі баяндаманы жасаған Қар­жы министрі Б.Жәмішевке бір­қатар сұрақтар болғанымен, заң бірауыздан қабылданды.

Одан кейінгі мәселе екі оқы­лымнан өтіп, бірқатар өзгеріс­терімен Мәжіліске қайтарылған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс жобасына арналды. Мәжілістің уақытша болмауы кезінде оның функ­ция­сын Сенат атқаруына байла­ныс­ты ұсынылған Кодекс өзгеріс­терімен толық қабылданды. Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен «Нотариат туралы» заң жобасы да Мәжіліске қай­тарылған болатын. Енді олар да ұсынылған өзгерістерімен толық­тай қабылданды.

Отырыс соңынан депутат­тар­дың орталық органдарға жол­дай­тын сауалдары жарияланды.

Жақсыбай САМРАТ.