Руханият • 01 Наурыз, 2018

Ар алдындағы парыз

637 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елбасы Жарлығымен бекітілген бұл мерекені осымен үшінші мәрте атап өткелі отырмыз. Әрине мейрамның да мейрамы бар. Ізгі ниетке толы болса және ұлт біткенді ұйыстыра алса, оны нағыз халықтық мереке деу орынды.

Ар алдындағы парыз

Жалпы, бұл мереке қайдан пайда болды? Біз оны не үшін атап өтеміз?

Біріншіден, ел көкейіндегі ойды ел басшылығы дөп басса, ол халық талғамы мен таңдауын көрсететін іс-шара болады. Екіншіден, мейрам­ның аты мен заты үйлессе, бұл – мемлекеттің жеңісі.

Тарихты зерделесек, ХХ ғасыр­дың басынан бері ғана Қазақ­станға 5,6 миллион адам қоныс аударыпты. Бір жағынан саяси қуғын-сүргін, екінші жағынан аштық пен жоқшылыққа амалсыз ұрын­ған қазақ халқы өзінің тұрмыс тауқы­метіне қарамай ел шетіне түрлі жағдаймен жетіп сұла­ған (олар үшін де бір «Алқакөл сұ­лама») сан этнос өкілдеріне көмек қолын созып, қамқорлық жасады.

Тоталитарлық жүйенің қыл­мыс­тық, адами ұғымға жат саясаты өз жерінен азапталып айдалған, қор­ланған, қуғын-сүргіннің ең сора­­қы­сын көрген ұлттарды мораль­дық тұр­ғыдан жермен жексен етуді ойласа да, Қазақ елінің қа­сиеті ол кісәпірлікті орындатуға мүм­кін­дік бермеді. Олар әлемге гуманизм шуағын шашқан әл-Фараби мен Абай, Шоқан мен Әлихан жұр­ты­нан, топырағынан пана тапты. Қиын-қыстау жылдары Қазақстан жоқ­тау­шысы жоқ, бірақ маңдайында бақ жұл­дызы жанған бар мүсәпірдің, кем­бағалдың Отанына айналды.

Бұл жағдай бізге де сабақ еді. Миллиондаған тағдыр талқысы­на куә болып, олардың қасіретін жүре­гімізден өткізе жүріп, халықтың бірлігі мен келісімі құндылығын қа­лыптастырдық. Біз ата-бабадан жеткен имандылық пен қайырымдылық қадірін түсіндік. Ынтымақтастық, қолдау мен қорғау, ризашылық сезімдері тірлігіміздің ажырағысыз бөлігіне айналып, қоғамымызда нық орнықты.

Қазақстанда этностардың бір-біріне деген мейірімі, қазақ ұлтына деген ықылас-пейілі тарихи жадты жаңғыртып, халықты біріктіруші, тұтастандырушы ұлттық кодтың адамгершілік императиві ретінде ерекше мәнге ие бола бастады.

Алғыс айту күні мерекесін бел­гілеу туралы Президент Жарлығы тарихи жадты қастерлеудің, береке-бірлік мәнін терең түсінудің, Отан және халық үйлесімі маңызына жауап­кершілікпен қараудың ірге­тасын мызғымастай етті.

Егер біз тарихты жүйесіз фактілер мен эпизодтардың байланыссыз жиынтығына айналдырсақ, түсінік те, таным да айдалада қалады. Жеке оқиғалардан ешкім дамудың тұтастай бір бейнесі мен шындығын көре алмайды. Бұл ұрпақтар арасындағы сұхбаттың үзілуіне, жадысыздық трагедиясына және ұлттық нигилизмге алып келеді.

Біз үшін тарихи жад дегеніміз – ұжымдық азаматтық бірегейліктің базалық элементі. Бұл – ескінің соңы, жаңаның басы. Дәлірек айтсақ, адамды, халықты адастырмас іш­кі түйсік пен баянды тәжірибенің үйлесімі.

Тарихи жадты пәнаралық зерттеулер саласы ретінде қарастыруда француз әлеуметтанушысы Морис Хальбвакстың орны ерекше. Ғалым «әр ұлттың бірегейлігін айқын­дайтын өз тарихи жады болады» деген ойды айтты. Нәтижесінде фран­цуз тарихшылары Пьер Нора жетек­шілігімен «Жад орындары» атты ауқымды жоба қабылдап, біршама батыл зерттеулер жүргізді.

Бұл жоба Франциядағы ұжым­дық жадты қалыптастыратын орындарды, жерлерді, заттарды, оқиға­лар­ды айқындады. Француз ұлттық бірегейлігінің рәмізді алтын қазы­ғы ретінде Пантеон, Жанна д’Арк ес­керт­к­іші, Салтанат аркасы (Триум­фальді арка), Коммунарлар қабыр­ғасы және басқа да жекелеген орындар, белгілер, жоралғылар, дәстүр­лер «символдық объект» ретінде белгіленді.

«Өткеннің қирандыларынан құралған фрагменттер бізге құнды­лық­тардың пайда болу, жоғалып кету, бөлшектерге бөліну, қайтадан та­былу, пайдаланылу, жету тәсілін үйретеді» деп жазады Пьер Нора. Бұл іргелі ұстаным Францияның тарихи жадын отарлық саясат зардабы­нан азат етуге, азаматтық бірлесудің биік деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Франциядай озық елдердің мысалы, тәжірибесі Қазақстанда да өз дәстүріміз бен таным деңгейімізде өтіп жатқаны жалпыадамзаттық жаңғыру белесі дер едік.

Мемлекет басшысы тәуел­сіз­діктің алғашқы күндерінен бастап қоғамдағы татулық пен келісімге, ұлттық бірегейлік пен әлемдік үй­лесімге, бәсекелестікке аса мән берді. Осы аяда тарихты терең де анық түсінбейінше қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін еместігін де жиі еске салды.

Бұл ретте биыл құрылғанына 23 жыл толғалы отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына айрықша рөл беріліп, зор міндет жүктелді. Н.Назарбаевтың әлемдік феномені де осы идеяны көшбасшы ретінде көтеріп, жүзеге асыруында еді.

Ассамблея қызметіне арқау бол­ған негізгі қағидаттар, тұжы­рым­дар – «Әр алуандықтағы бірлік», «Бір ел – бір тағдыр». Елбасы көреген стратег ретінде осы қағидаттар­ды кезең-кезеңмен орындау барысында қоғамды тұтас жұмылды­ра алды. Отанның дамуы жолын­дағы осы бірлік пен тірлік, серпін мен сер­гектік, жауапкершілік пен жасам­паз­дық қоғамдық сананы жаң­ғырту бағдарламасына іргетас болды.

Президенттің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақала­­сы хал­қы­­мыздың өткенін, бүгінін және бола­шағын үйлестіретін тұғыр­­намаға айналды. Мұндағы қазақ әліпбиін латын графикасына көші­ру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстан киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер», «Жаһандағы заманауи қазақ­стандық мәдениет» жобалары – Пьер Нора теориясы­ның шекара­сын практикалық тұр­ғы­да кеңейте тү­сіп, әлемдік ақыл-ой бәсе­кесіндегі Астананың асқарын ай­қын­дады. Қоғамдық сананы жаң­ғыр­тудың алты бағыты жалпы­ұлт­тық бірегейлікті көздеп, аса шетін этностық тарих пен тарихи жадтың өзара байланысын қалып­тастырады. Басты мақсат – қуат­ты және жауапты адамдардан тұ­ратын бәсе­ке­ге қабілетті ұлт қалып­тастыру. Тек тамырды үзбеу, төлтума «менді» сақтау.

Ойлана қарасақ, Алғыс айту күні өз бірлігімізді, бірегейлігімізді сезінуге ғана емес, рухани сенім мен жауапкершілікті көрсетуге мүм­кін­дік береді. Бірінші кезекте ол шынайы ел болып ұйысу сынды жа­ңа­шыл құбылыстың табиғатын түсінуге ықпал етеді.

Жалпыхалықтық жаңғыру­дың көшбасшысы – Президент Н.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кіта­бында осы тезистің мәнін, тарих пен қазіргі заман байланысын терең байыптайды. Дәуірнамалық бұл еңбектегі мына жолдарды естеріңізге сала кетейік: «Ел тарихы­на түрлі этнос­тардың қосқан үлестерін және қазақтардың басқа халықтармен ғасырлар бойғы мәдени және эконо­микалық өзара қатынасын жоққа шығаруға болмайды. Ол – ол ма, бізге жалпыхалықтық тарихи сана қажет. Біздің тарихты түсінуіміз тұтас, оң бағытты болуы керек және қоғамды бөлмей, біріктіруге тиіс».

Сондықтан Алғыс айту күні – ор­тақ мұрамызға деген құрмет, өз­ара көмек пен қолдау көрсету күні. Бұл – тарихты таяныш, сенімді сүйе­ніш ету күні. Бұл – «Рухани жаң­ғырудың» рәмізді биігі.

Ата-анаға, достарға, көршіге, дә­рі­герге, ұстазға, ең бастысы туған ел­ге алғыс білдірмей бірлігі жарас­қан қоғам құру мүмкін емес.

Есеп пен пайдаға құрылған, тек қана рационализмге арқа сүйеген қоғам бірлігі ұзаққа бармайды. Егер қоғамда адами алғыс, қарапа­йым риза­шылық азайса, бұл ішкі «мораль­дық барометрдің» жұмыс істемей­тіндігін айғақтайды. Мұның кеселі мен кесірі бірдей: тұрақты бай­ланыстар үзіліп, адамдар бір-бірі­не қажет екенін ұмытады. Адам­шы­лық туралы ұғым жойылады. Өрке­ниет, дәстүр жетістігі аяққа тапталады.

Ал халықтың қанағат пен риза­шылығы негізіндегі бірлігі әлеуметтік-мәдени ынтымақ­тастыққа, ағайын мен тамырдың сезімін дөп басатын эмпатияға жол ашады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы дәстүрлі «Тарихтан тағылым – өткен­ге тағзым» атты жоба шеңбе­рінде жыл сайын тоталитаризм жыл­дары жазықсыз қаза тапқан, қу­­ғын-сүр­гінге ұшыраған жан­дарды бір­лесе еске алуға түрлі этнос өкіл­­дерін қиын­дықсыз жұмыл­ды­ра­­ды. Осы шараларда қуғын-сүр­гінге ұшырағандар мен жер ауда­рыл­ғандардың ұрпақтары әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, Қазақ еліне алғысын жаудырады, ата-аналарына сенім шуағын сепкен жұрттың жалғасымен кездеседі.

Жыл сайын Алғыс айту мерекесі аясында жалғызілікті адамдар­­ға, қарттарға көмек көрсету, мұқ­­таж жандарға қара­жат жинау ҚХА-ның барлық медиация каби­нет­­те­рін­д­е, Құқық қорғау қызмет­­тері мен халыққа қызмет көрсе­ту ор­та­лықтарында танымал кәсі­би ме­диатор-сарапшы­лардың қатысуы­мен өтеді. Бұл ретте «Қайырымдылық керуені» іс-шарасы, медиациялық акциясы халық көңілінен шығып жүр.

Жергілікті атқарушы органдар «Таза аула, таза көше», «Таза қала», «Таза ауыл» атты өңірлік байқаулар өткі­зіп, туған табиғатты аялау мен көгал­дан­дыруға қатысты жобаларды жүзеге асыруы да жан қуантады.

Елдік дәстүрде жастар ахуалы, танымы, тілегі әрқашан қаперде болады. Рас, жастардың санасы көп жағ­дайда еркін жүріп-тұруға және өз­ге­ріске бейім. Мемлекет басшысы осы мәселеге жіті көңіл аударып, Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі алаңда жастармен тұрақты дидарласа, сұхбаттаса бастады. Әртүрлі буын өкілдерінің этностар мен конфессия­лар қайраткерлерімен кездесуі өз нәтижесін беріп те келеді.

Қазір ауыл мен қала арасы жа­қын­­­дай түсті. Мұның түрлі объек­тивті себебі бар. Ең бастысы, қала маз­мұны елдік құндылықтарды бойына сіңіре бастады. Бұл, әрине тәуел­сіздіктің жемісі. Дей тұр­ған­мен, ішкі миграция жағдайында қала мәдениеті, қала өркениеті деген ұғым­дарды шынайы көрсете білу де – азаматтарымыздың мойнындағы қарыз бен парыз.

Бірде Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулет профессоры Жандар­бек Мәлібекұлы бізге «Тамыр» атты тұрғын үй кешенінің жобасын көрсетті. Мұндағы идея – Қазақ­­стан құн­ды­лығының қазақ мәде­­ниеті мен түрлі этностар мәде­­ниеті­нің бірлігінде екенін көрсету. Күн сәу­лесі дәліздер мен пәтер бөл­ме­лері­не молынан түседі. Кіре­беріс пен хол­дарда ел асқақ­тығын аңғар­та­тын детальдар көрініс тап­қан. Ең бастысы, мұндай үйде тұра­тын жас ұрпақ сәт сайын, күн са­йын сәулет үлгілерінен, монументальды штрих­тардан, дәліз қабырға­ла­рын­дағы суреттерден ел дәстүрі мен құн­ды­лығын бойына сіңірер еді.

Қазір балалар мен жасөспірімдер сурет салу мен ән-күй өнеріне өте құмар. Бұл – жақсы үрдіс. Біз де бала­лар көрмесіне барып тұрамыз. Сон­да байқағанымыз, түрлі этнос өкіл­дері­нің балақандары суреттеріне көбіне-көп қазақ этнографиясын (жайлау, төрт түлік, көш, қыз ұзату, әшекей бұйымдары, т.б.) тақырып етіп алады екен. Бұл олардың білім, таным дең­гейін көрсетеді. Сондай-ақ ата-ана­сы­ның да ел тарихына деген ынта-ықы­ласын байқатады. Осы жақсы нышанда мектептің де орны бар.

Тарихи жадты жаңғырту, дәс­түрлі құндылықтарды сақтап дамыту – көп салалы жұмыс. Кейде БАҚ пен экранды шолып отырып, ұлтым дегенде орынды-орынсыз кеудесін соғатын мамандардың өз материалына жауапсыз қарайтынына қай­ран қаламыз. Олар зерттеу кітап­­тарын қарауға ерінеді, тіпті сайттан да керек­­ті деректі талғаммен ала алмай­ды. Ал енді орыс және ағылшын тілін­­­де шыққан ұлт мәдениеті туралы қайсыбір мақаланы оқып, телехабарды көріп, мамандардың кәсібилігі мен түйсігіне қуанатынымыз бар. Сондықтан қазақ руханияты туралы жақсы материалдар тек мемлекеттік тілде даярланады деп келте ойлап қалмайық. Дәл бүгін ұлт мәдениеті мен өнерін БҰҰ-ның қай тілінде жариялау да маңызды. Тіпті бұл біз үшін қажет-ақ!

Көркем фильм арқылы тарихи шындықтың синергетика­лық әсерін жеткізу деген ұғым бар. Режиссер А.Сатаевтың «Анаға апа­рар жол», С.Нарымбетовтің «Аманат», С.Тәуекелдің «Жерұйық», Р.Әбді­рашовтың «Сталинге сый­лық», А.Рай­баевтың «Алжир», Б.Қалым­бетовтің «Талан» және тағы басқа фильмдер бұған мысал бола алады.

Мұндай кең тынысты фильмдер – біздің бірегейлігіміздің айнасы, екінші жағынан оларды «тарихи жадты жаңғырту институттарымен» – мұрағатпен, музеймен, кітапханамен, деректер қорымен бір қатарға қоюға болады.

Қорыта айтсақ, әлімсақтан тарих – адамзаттың өмірдегі ұстазы. Қазақ­станның тарихы мен тағдыры – мил­лиондаған жандардың кездесу мен бауырласу жолы. Адам­шылықты үйрену әліппесі, парыз бен қарызды түсіну оқулығы.

Әліппеміз әлеуетті, оқулығымыз олжалы болғай!

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі