01 Наурыз, 2018

Тереңөзектегі тасқын

746 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Жамбыл өңірінде қыс мезгілінде қаһарын көрсеткен ауа райы ақпан айының соңын ала бірден жылынып сала берді. Күн сайын ұялы телефонға облыста дауылдың алдын алу, нөсер жауын, су тасқынынан сақтандыру сияқты хабарламалар келіп жатқанымен, халық бір күнде әбігерге түсіп, үрей құшағында қаламыз деп ойлаған жоқ. 

Тереңөзектегі тасқын

Көктем келер тұста тау бөктеріндегі қар еріп, оның соңынан толассыз жауған жауын салдарынан Т.Рысқұлов ауда­нының Ақыртөбе, Терең­өзек және Мамай ауылдарына су жайылды. Бұл аймақта қауіп­ті делінетін су қоймалары мен тоғандар болмағанымен, тау іргесіндегі ауыл халқының көк­тем келсе алаңдайтындай жағ­дайы бар. Әрі етекте орналасқан аталған ауылдар үшін таудан түскен қар суы­ның үрей әкелетіні анық. Әсіресе 27 ақпан күні Тереңөзек ауылындағы терең сайдың арасымен ені 6, терең­дігі 2 метр су ағып, жұрт­ты әбігерге салды. Абырой болғанда ешқандай үйге, адамдар мен мал-жанға залал келген жоқ. Тек лай судың бетін басқа арнаға бұру үшін ауылға кіреберіс жол арнайы жыртылды. Бұдан соң Ақыртөбе ауылынан Тереңөзек ауылына кірер тұстағы көпірдің де алды қа­зылып, су жазық далаға ағы­зыл­ды.

 Тереңөзек ауылында тасқын орын алған күні Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков оқиға орнына арнайы барып, халықпен кездесті. Облыстық және аудандық төтенше жағ­дай­лар департаментінің басшылығы да сол ауылда. Оқиға орнына барып, Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабировпен тіл­дескенімізде, ол дәл қазіргі уақыт­та халыққа төніп тұрған ешқандай қауіптің жоқ екенін айтты.

 Оның айтуынша, Ақыртөбе, Тереңөзек және Мамай ауыл­да­рындағы 26 үйдің ауласына су кіргенмен, ешкімнің үй-жайына нұқсан келмеген. Әрі сол күні облыс бойынша 150 адам мен 19 техника жұмылдырылып, тасқынның алдын алған. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің ауласына кірген лай суларды сорып алу жұмыстары жүргізіліп, сон­дай-ақ су келетін дам­бы­ларға 350 қап құм төселіп, техникалардың көмегімен 1 миллион 980 мың литр лай су егістік алқабына қарай бұрылған. Ал Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев су келу қаупі бар жоғарғы арналар­да ауданның 8 техникасы жұ­мыс істеп жатқанын, әрі аудан деңгейінде штаб құрылып, ке­з­ек­шілер жұмыс істеуде еке­нін айтты. Сонымен қатар әкім еш­қандай отбасының зардап шек­пе­генін, сондықтан да көмекке мұқтаж азаматтардың жоқ екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, таулы аймақ­тар­да еріп, жұртты әбігерге сал­ған қардың қалыңдығы 70 сан­ти­метр болса, жердің тоңы 55 сан­тиметр болыпты. Бұл орайда ері­ген қар суының жерге сіңіп кету мүмкіндігі өте төмен. Дәл осындай оқиға ауданда 1967 жылы, одан кейін 2005 жылы орын алған. Он үш жылдан бері болмаған оқиға биыл қыстың соңын ала тағы қайталанды.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы