Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Жеңіс тұғырында – қос қазақ

1195 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл суреттің түсірілгеніне көп уақыт бола қоймаса да, тарихи суретке айналып үлгерді. Бұл суреттен әлі талай сыр іздеп, ұзақ тамсанатынымыз анық. Екі қазақтың жүлде алып, күлімдеп тұрғанында не сыр бар деуіңіз мүмкін. Ендеше суреттің сырын тарқатып айтсақ. 

Жеңіс тұғырында – қос қазақ

Спортты жанына серік еткен көзіқарақты оқырмандарымыз бұл рәсімнің қай қалада және қай уақытта түсірілгенін жатқа білуі керек. Иә, дұрыс айтасыз! Сурет 2015 жылы елорда төрінде дүркіреп өткен дзюдо спортынан әлем чемпионатында түсірілген болатын.

Дүние жүзінің 120 елінен келген 700-ден аса дзюдо шебер­лері Астанада бақ сынаған біріншіліктің алғашқы күнінде-ақ күтпеген жағдай болды. Әрине, спорт мамандары үшін бұл күтіл­ген жағдай болуы мүмкін, бірақ жанкүйерлер үшін бұл бір күтпеген оқиға, тіпті тосын сый болды. Астанадағы айтулы ала­манда сынға түсіп жатқан қазақ­тың екі баласы тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатының финалында күресіп, жүлделі бірінші және екінші орынды бөлісті.

Олар – 60 килода белдескен Елдос Сметов пен Рустам Ибраев еді. Тең деңгейде өткен кездесуде Сметов қарсыласын бір шидомен жеңіп, алтын медальға ие болса, Рустам Ибраев күміс жүлдені қанағат тұтқан. Сөз жоқ, сол күн еліміздің спорттық күнтізбесінде алтын әріппен жазылғаны анық. Өйткені бұған дейінгі әлем немесе басқа да ірі халықаралық жарыстарда еліміздің екі спортшысы финалда бір-біріне қарсылас атанып, жүлдеге таласпаған. Бұл екі қазақ оғланының бір тұғырда алтын мен күміс жүлдені бөлісіп, қуаныштан көздеріне жас алған тарихи сәті еді.

Тарихи суретті түсірген еліміз­ге танымал фотосуретші – Жеңіс Ысқабай. Ол өзі түсірген суреттердің ішіндегі ең құнды дүнием­нің бірі осы сурет деп есептейді. Сондай-ақ дзюдо спор­тының тарихына қанық Жеңіс бұл суретінің тарихи сурет болатынын сол кезде өзінше жорамалдағанын да айтады. «Негізі әр суретімнің өзіне лайық құндылығы, өзіне лайық ерекше тарихы бар ғой. Бірақ, дәл осы сурет мен үшін емес, еліміз үшін өте құнды. Өйткені бұл әлем чемпионатының тұғырында иық тіресіп тұрған екі қазақтың тұңғыш суреті», дейді ол.

Рас, бұл сурет еліміз үшін өте құнды һәм музей төрінен орын алатын тарихи жәдігер. Дәл мұндай жағдай еліміздің спорт тарихындағы жақын 10-15 жылдықта қайталана ма, жоқ па, онысы бізге беймәлім. Дегенмен, саңлақтарымыз жеңіс тұғырында қаз-қатар жарқырап тұратын сәттер жиі болсын дейміз.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ