Әлем • 01 Наурыз, 2018

Түркі академиясы танымал Ресей түркологтарының еңбектерін жариялайды

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі бүгін журналистермен ұйымның ресейлік ғалымдармен бірлесіп жүзеге асыратын жоспарларымен бөлісті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Академияның 2018 жылғы қызметінің негізгі бағыттары туралы айтылды.

Түркі академиясы танымал Ресей түркологтарының еңбектерін жариялайды

Түркі академиясы Абайдың, Алаш қайраткерлерінің рухани ұстазы болған, жәдитшілдік қозғалысының негізін қалаушы ғұлама Шиһабутдин Маржанидің 200 жылдығына орай биылғы жылды «Маржани жылы» деп жариялайды. Бұл датаны Академия ұжымы татарстандық әріптестерімен бірлесіп атап өтуді жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Түркі халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтап, әсіресе қазақ фольклоры үшін аса қымбат қазына қалдырған зерттеуші, Ресей түркітану мектебінің негізін қалаған көрнекті ғалым Василий Васильевич Радловтың биыл дүниеден өткеніне 100 жыл толады. Осыған байланысты Академия 2018 жылды «Радлов жылы» деп жариялайды. Бұл датаға байланысты Қазақстанда және Мәскеуде Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институтымен бірлесіп алқалы шаралар өткізу жоспарланды. Сонымен бірге, Академия Радловтың «Түркі халықтары ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдығын алдағы уақытта жаңа сериямен толық жарияламақ.

Брифинтге Академияның негізгі бағыты – түркология екенін айтқан Д.Қыдырәлі ұйымның іргелі жобаларына атсалысып, қолдау көрсеткен, бірлесіп кітап шығаруға ықпал еткен Ресей Федерациясының Түркологтар комитетіне алғыс білдірді.

Айта кету керек, TWESCO Ресей Федерациясының ғылыми-зерттеу ұйымдарымен және ғалымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мәскеулік танымал шығыстанушы Әмір Нәжіптің «ХIV ғасырдағы түркі тілдерінің салыстырмалы-тарихи сөздігі» атты 4 томдық іргелі еңбегі, Дмитрий Насилов, Игорь Кормушин, Анна Дыболардың «Древнетюркский словарь» атты әлемге әйгілі еңбегінің Академияда жарық көруі сол шығармашылық ынтымақтастықтың айқын көрінісі.